Президент сайлауы деген үлкен науқан. Себебі ел мен жердің тағдыры — бір адамның қолына тапсырылады. Жаңа сайланған Президент ата заңымызға қолын қойып, ант береді. Желбіреген көк туды сүйіп, тебіреніп, өзіне сенім білдірген, жұртына алғысын айтады. Егер жаңа сайланған Президент антына адал болса тұрақтылық кепілі. Халқының мерейін үстем етер істерге бел шеше кіріседі.
Егер жаңа сайланған Президент антына адал болмаса елдің берекесін қашырады. Айласын асырады. Бар байлығын шетелге тасып жасырады. Халқы — шулап-шулап басылады. Болмаса ашынады. Ақырында барлығы шашылады…
Президент сайлауы қазақ халқына таңсық емес. Алайда қырғын дебат, күре тамыры іскенше ашынған айқай, алыс-жұлыс, қырғын аламан көрмегендіктен шетелдік сайлауларға телміріп қарайтыны рас. «Сондай сайлау өтсе шіркін!», — деп армандайтындар да көп арамызда. Әйтпесе, сайлаулар заңға сәйкес өтіп жатыр дегенге күманданатындар да бар.
Санамалап жіберсек, 1991 жылдан бері бес рет президент сайланыпты қазақ топырағында. 1991 және 2005 жылғы сайлаулар — өз мерзімінде, 1999 және 2011 жылғы сайлаулар — мерзімінен бұрын, ал 1995 жылғы науқан референдум ретінде өткен. Ол сайлаулардың бәрінде ресми мәлімет бойынша сайлаушылардың басым бөлігінің дауысын алған Нұрсұлтан Назарбаев жеңіп шығыпты…
Анықтап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев — 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы президенттік сайлаудағы жалғыз үміткер. Елең-алаң шақ еді ғой. Ресми дерек бойынша, ол 1991 жылы сайлаушылардың 98,7 пайыз қолдауына ие болыпты.
1995 жылғы референдум бойынша Назарбаевтың өкілеті 2000 жылға дейін ұзарған. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, Назарбаев 1999 жылғы мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың шамамен 80 пайыз дауысын, 2005 жылғы сайлауда — 91 пайыздан астам, 2011 жылғы кезектен тыс сайлауда — 95,5 пайыз дауысын алған.
Сол кездегі Қазақстан оппозициясы, «елде авторитарлық билік режимін орнатып алған президент Назарбаев әкімшілік ресурстың көмегімен әр сайлау сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізеді», — деп жазды. Бірақ ресми Астана ондай сынмен келіскен емес. ал бұл жолы Нұрекең сынды дара, дана тұлға қатыспайды. Енді олар не айтады екен-а?
НҰРЕКЕҢЕ БАҚТАЛАС БОЛҒАН КІМДЕР ЕДІ?
Сонымен Жалғыз Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық сайлауда халықтың қолдауының арқасында жеңіске жетіп отырды. Украйнадағыдай, болмаса басқа шетелдегі Президент сайлауларындай қатты текетірес болмаса да, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсылас болған тұлғалар бар.
Серікболсын Әбділдин — 1999 жылғы президент сайлауына қатысып, сайлаушылардың шамамен 13 пайыз дауысына ие болған кандидат.
Энгельс Ғаббасов — 1999 жылы президенттік сайлауға қатысып, 0,76 пайыз дауыс жинаған кандидат.
Ғани Қасымов — 1999 жылы және 2011 жылы өткен президент сайлауларына қатысып, алғашқы жолы 4,6 пайыз, кейін 1,94 пайыз дауыс жинаған кандидат.
Иә, бертінде де бағын сынағандар болды. Бірақ олар ойсырай ұтылғандардың санатында болғандықтан қаламсабымызға салмақ салғанды жөн көрмедік.
БҰЛ САЙЛАУ ҚАЙ САЙЛАУ?
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқаратыны белгілі болған.
Алайда күтпеген жерден 9 сәуір күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді.
Міне осыдан кейін алашапқын болған партиялар өз үміткерлерін ұсынып жатты. Бізге белгілі болғандай 28 сәуір күні Қазақстанда президенттікке үміткерлерді ұсыну аяқталды
«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес ұсыну кезеңі 2019 жылғы 10 сәуірден 28 сәуір сағат 18:00 дейін болды», — делінген ҚР Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарында.
ҮМІТКЕРДІҢ ҚАЙСЫСЫНЫҢ БАҒЫ ЖАНАДЫ?
Сонымен ОСК-ге президенттікке үміткер ретінде келесі тұлғалардың құжаттары ұсынылды:
1. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев («Nur Otan» партиясынан). Бұл кісі халыққа кеңінен таныс дипломат. Саясаткер. Және де Тұңғыш Президенттің қолдауына ие болған алғашқы тұлға! Бір кездері ана тіліне шорқақтығы сын тезіне алынып, кейіннен ол сыннан қорытынды шығарған қазақ.
2. Әміржан Қосанов (“Ұлт тағдыры “Біріккен ұлттық-патриоттық қозғалысы” қоғамдық бірлестігінен). Оппозиционер. Еркін ойлы, ашық дебатты ұнатады. Соңынан халықты ерте алатын күшке ие.
3. Сәдібек Түгел (“Ұлы дала қырандары” республикалық қоғамдық бірлестігінен). Ұлтжанды, өткір тілді азамат. Сайлау алды алғашқы ұстанымы: тек қазақша ғана сөйлеу. Сәдібек мырза Президент болып кетсе, бағы ашылмаған қазақ тілінің бақ жұлдызы жанғалы тұр…
4. Төлеутай Рақымбеков (“Ауыл “халықтық-демократиялық патриоттық партиясы” қоғамдық бірлестігінен). Он жылдай мемлекеттік қызметте тәжірибе жинаған азамат. Бизнесмен. «Ауыл» партиясының бүгінде 300 мыңнан астам мүшесіне арқа сүйейді. Дегенмен, ел арасында «Ауыл» партиясына тек сайлауда ғана үні шығады деген қағытпа сөз жиі айтылады.
5. Дания Еспаева (“Ақ жол “Қазақстанның демократиялық партиясы” қоғамдық бірлестігінен). “Ақ жол” партиясынан сайлауға түсетін кандидат Дания Еспаева Мәжіліс депутаты. Белсенділігі жайлы мәлімет аз. Көп жағдайда ресми тілге жүгінетіні байқалады. Бірақ кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия Еспаеваны мемлекеттік тілді жетік біледі деп қорытынды шығарыпты. Егер ғайыптан тайып Дания ханым Президент болып жатса, Қазақстан тарихында тұңғыш әйел президент атанбақ.
6. Амангелді Таспихов («Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен). Негізгі мамандығы — инженер-механик. 1998-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты болды. Кейін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарған.
7. Жамбыл Ахметбеков (“Қазақстан Коммунистік Халық партиясы” қоғамдық бірлестігінен). Бұл кісі елге Елбасымен Президенттік тайталасқа түскен 2011 жылдан таныс. Бар мақсаты жемқорлықпен күресіп, кеңестік кезеңнің жақсы істерін жандандыру.
8. Жұматай Әлиев (“Халық демографиясы” қоғамдық бірлестігінен). Жұматай Әлиев кім? V шақырылымдағы парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты. Ленинград мемлекеттік университетін философ, ал Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі.
9. Талғат Ерғалиев (“Қазақстан құрылысшы-лар одағы” заңды тұлғалар бірлестігінен). Алайда Талғат Ерғалиев «Ақ жол» партиясының бірауыздан сайланған кандидаты Дания Еспаеваға қолдау білдіріп, өзінің президенттік сайлауға қатысу туралы өтінішін қайтарып алды.
«МЕНСІЗ ДЕ САЙЛАЙДЫДАН» АУЛАҚ БОЛАЙЫҚШЫ…
Президент сайлауы — елдің өз келешегіне деген таңдауы! Бұдан қалыс қалу немесе бас тарту азаматқа жараспайтын қылық. Ең бастысы МЕНСІЗ ДЕ САЙЛАЙДЫ деп үйде жата бермей, әркім өз қолымен дауыс беріп, қоғамды өзгертуге күш салуы тиіс. Сонда ғана демократия салтанат құрады.
Айтпақшы, Олардың қол жинауға 11 мамырға дейін уақыты бар. Кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-і күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Кандидатты тіркеу кезеңі аяқталған соң үгіт-насихат кезеңі басталады және сайлауға бір күн қалғанда аяқталады. Әр кандидат айналдырған аз уақытта 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Бұл әрине өте қиын шаруа. Алайда «Жазған құлда шаршау жоқ» демей ме қазақ.
Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.
Нағашыбай Қабылбек