Ел бірлігі мен ынтымағын нығайтқандары үшін марапатталды
Атыраулықтар «Астана күні» мерекесін қуанышпен атап өтті. Астана қаласының 20 жылдығына арналған жиын Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткізілді. Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, облыстың биылғы биік жетістіктерін айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында қол жеткен игі жұмыстарға да тоқталды. Алдағы уақытқа табыс пен береке тіледі. Мұнан соң облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан бір топ еңбеккерлерге мемлекеттік марапаттарды табыс етті. Олардың арасында еліміздегі достық пен ынтымақты нығайту жолында толассыз қажыр қайратын жұмсап, қоғамға белсене араласып жүрген облысымызда тұратын сан ұлт өкілдері бар.
«Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен: Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова, Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбек ардагері Жанат Асабаева, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі А. Тасаев, «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің мүшесі С. Хан, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі Р.Колчикова және «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің мүшесі И.Ухова марапатталды. Оларға алқызыл гүл шоқтары табыс етілді.
Мерекелік салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Светлана Муньянова,
Атырау қаласы