ЕЛ БІРЛІГІ ҰЛЫ МҰРАТ! (Қазақстан халқына үндеу)
Республика күні. Ұлттық мереке! Еліміз үшін бұдан асқан мейрам, бұдан асқан қуанышты күн болмақ емес. Бүкіл саналы өмірін қазақ халқына арнаған қажырлы қайраткер Әлихан Бөкейхановтың «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп сенімін айтқан екен. Алаштың тағы бір қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз, Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз, Жасайды алаш өлмейміз, Жасасын алаш, жасасын» депті. Ұлылар аңсаған ұлы күн 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақстанның егемендік декларациясы болып қабылданды. Бәрімізге аян осы жылдың 16-шы маусымы күні Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның қазанның 25-і жыл сайын егемендік мерекесі ретінде атап өтуіміз керек деген сөзі, біраз жылдардан бері тойланбай келген мерекемізбен қайта қауышуға мүмкіндік берді. Дүниенің қай елінде де, қай халықта да ең ұлық мереке – ол тәуелсіздік мерекесі. Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символы. Сол тәуелсіздіктің негізгі принциптерінің бәрін осы декларацияда тайға таңба басқандай жазылған. Республитка күні ерекше дәріптейтін елдер баршылық. Мысалы, АҚШ-та 1776 жылдан бері төртінші шілде күнін тойлап келеді. Бұл барлық америкалықтар үшін ұлттық мейрам. Олар бұл күнді асыға күтеді. Қытай халық республикасы 1949 жылдан бері 1-ші қазанды ұлықтап келеді. Қытайлықтар бұл мерекені «алтын апта» деп жеті күн бойы тойлайды. Түркия мемлекеті 29-шы қазанда мәре-сәре болып бір-бірін тәуелсіздік күнімен құттықтап жатады. Сол күні тұңғыш президенттері Мұстафа Кемал Ататүрікті ерекше сағынышпен еске алады. Италия елінде де республика күні жыл сайын 2-ші маусымда аталып өтеді. Азербайжан мемлекетінде де декларация қабылданған 28-ші мамырды Республика күні – ұлттық мереке деп дәріптейді. Байқап отырғанымыздай Республика мерекесі аталған елдерде жылдың жылы кезеңінде тойланады екен. Демек халықтың бала-шағасымен шеруге қатысып, той тойлап қуанышпен өткізуіне жағдай жасалған. Бізде де бүкіл халықтық мереке Республика күнін 25 қазанда өткізу өте тиімді шешім. Елге ұнамды, тәуелсіздіктің басты құжаты декларацияның қабылданған күні. Бұл мерекенің өзіне тән тойлану дәстүрі қалыптасқаны дұрыс. Осы саламен шұғылданатын мамандар, министрліктер алдағы уақытта ат салысады деген ойдамын. Республика күні – ұлттық мереке деңгейінде тойланғалы отыр. Бұл жақсылықтың нышаны. Оның деңгейі, оған қойылатын талап та жоғары. Соған байланысты мемлекеттік іс-шаралар басталып та кетті. Қуаныш ұзағынан болғай!
Тағы бір айтар аналық ақ тілегім, қазақтың ұланғайыр жеріне анталап қарап тұрған жау көп. Қазақ баласы, ойлан! Мына жер, ана дала, жайнаған өлке, көз жауын алған көп қабатты ғимараттар, халық ағылған сауда орындары мен базарлар бәрі сенікі. Ата-бабаң салған сара жол, ұлан байтақ дала осы. Бұл жердің әр тасы, әр төбесі, әр белесі қымбат.
Құдайға шүкір еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ең бастысы өз жалауы, өз әнұраны бар мемлекетпіз. Ашыққан қарын тойынар дейді қазақ. Дәл қазір күйіміз түсіп, күңіренер жағдайда емеспіз. Нанымыз бар, әніміз шырқалып жатыр. Санымыз да ұлғайып, сапамыз да артып келеді. 70 жыл кеңес үкіметінің езгісінде болдық. Оны алдында Ресей империясының қитұрқы саясаты жүзеге асып, қазақты бөлшектеп биледі. Жердің асты мен үстінің байлығын талан-таражға салды. Одан да аман өттік.
Қазір тәуба, елара аштық жоқ. Халық тоқ. 30 жыл бойғы жалаң саясаттың зардабын тартып жатқанымыз рас. Жемқорлықтың әбден белең алғаны да рас. Қазақтың бар байлығын жоғарыдағы топтасқан шенеуніктердің иемденіп алып, ойларына келгенін істегені де бүгін жасырын емес. Сөйтті екен деп, елден беземіз бе? Отанымызды сатамыз ба? Қайта жамандықты жойып, жақсылыққа жол ашу бізге ұлы мұрат емес пе!
25 қазан күні бір сойқан болады екен деп ел дүрлігуде. Миллиярдтаған қаржыны алып қашып, сыртта жүрген Әблиязов қалың елді төңкеріске шақырып жатыр деп әлеуметтік желілер шулауда. Олардың не көксейтіні бәрімізге аян. Ел ішіне іріткі салу, халықты өлімге итермелеу, арандату. Оған жол берсек қазақтығымыз қайда, азаматтығымыз қайда? Бұл ел бізге керек, жарқындарым. Бұл елдің тыныштығы ата-баба аманаты! Аманатқа адал болайық!
Ғылым мен білімнің отаны болған Сириядан, Ливиядан сабақ алайық. Қандай елдер еді. Халқының тұрмысы қандай еді? Жерінің асты мен үстінің байлығы іріп жатты. Ақыры не болды? Сыртқы күштер ел арасына іріткі салып, айрандай ұйыған халықтарды азғырып соғыс отын тұтатты. Билігіне қарсы шығуға үндеді. Сендерді алда «жұмақ» күтіп тұр деп қоптырды.
Бүгіндері бұл елдер – қара түнек басқан, халқы сыртқа қашқан, байлығын дұшпандары ерсіл-қарсыл шашқан ұлтқа айналды. Даласына жаңбыр емес, бомба жауып тұр. Осы ма көксегенің, халқым?
АНА ретінде айтарым, «Байлық, байлық емес, бірлік байлық» деп «бірлікті» ту еткен тәуелсіз елміз. Тарихымызды таразыласақ, шынайы көңілмен босағамызды аттаған әрбір бейтанысты құшақ жая қарсы алатын тектілікке иеміз. Оның үстіне жақсы ниетпен келгенге опасыздық жасаған жеріміз жоқ. Қанымызда бар осындай құндылықтар тәуелсіз Қазақстанды саясат сахнасында үлкен абыройға бөледі. Қазір елімізді әлем демократиялық дамушы мемлекет ретінде таниды. Танып қана қойған жоқ, Ұлы Дала елін төрткүл тарап түгел құрметтейді. Осының барлығы ел бірлігінің жемісі.
Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі. Бүгінде әлем экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа да ұшыраған. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүниені әлі де жағадан алып тұр. Сондықтан төзімділік пен өзара сенімді нығайтып, адамзатқа ізгілікті насихаттау қажет.
«Демократия» деп далақтап шаба беру текті қазақ баласына жат. Сыртқы жаулардың айтып жүрген демократиясы, қазақты құртуға арналған үлкен жоба. Қазақтың өз демократиясы бар. Ол – үлкенді сыйлау, елдің бірлігін сақтау, ұл мен қызды арлы-ибалы қылып өсіру. Марқұм көзін көрген, батасын алған текті ағам, бүгінде аруаққа айналған Амангелді Айталы: «Демократия деген бар, оны еркіндік деп түсінеміз. Демократия деген шексіз. Біздің кейбір азғындап кеткен жастарымыз соны пайдаланғысы келеді. Қызтекелер мен көгілдірлер үшін демократия деген осындай азғын өмір. Батыс осындай азғындықты да демократия деп түсінеді. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы – мұсылман. Сондықтан заң қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, құндылықтарын ескеруі керек. Демократияның өз жөні бар. Ол ұлттық құндылықтармен үйлеспесе, ондай демократия апатқа алып келеді. Әдетте біз Батыстың саяси демократиясын алмаймыз, ал мынандай жағына келгенде адам құқығы, анау-мынау деп шыға келеміз. Батыста әкесі де, қызы да демократияны қолдайды. Қызы айтады: «Әке-шеше, мен кәмелет жасқа толдым. Енді өз денеме өзім қожамын. Тәнімді сатамын ба, жезөкшелер үйіне барамын ба? Өзім білемін», – дейді. Сол жезөкшелер үйінде демократияны қолдайтын қызы мен әкесі кездесіп қалуы мүмкін. Өйткені, демократия ғой. Міне, демократия деген желеумен Батыс көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды. Халық қолдамағанды демократия деу – қателік. Тыйым болмаған жерде мемлекеттің тыныштығы кетеді» деп еді. Сол рас!
Түйін сөз: Сөз соңында Еланасы ретінде айтарым, елді арандатуға, ауызбірлік пен тыныштықты бұзуға ниеттілердің қадамына тұсау салатын құзырлы органдар бар. Бірақ олардың сөзіне еріп, елігуге жол жоқ. Бізге ұлттың амандығы, жеріміздің тыныштығы керек. Қазақ атамыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» депті. «…Әр қазақ менің жалғызым» дейтін шақ туды. Сыртқы күштердің арбауына түскен бауырларымызды жат пиғылды жаулардың шырмауынан қорғап, ортамызға қайтару – баршамыздың ортақ міндетіміз. Елімізді бүліктен қорғау бізге сын! Қазақстан азаматтарын алауыздықтың әсерінен басынан бағы тайып, соғыс өртіне оранған алыс-жақын елдердің бүгінінен сабақ алып, өз елімізде берік орныққан тыныштық пен келісімді, бірлікті қадірлеуге шақыруымыз керек. Біз түтіні түзу шығатын қуатты ел болуымыз үшін ғылымға, білімге, жаңашылдыққа жақын болып, еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын әр кезде басты орынға қоюымыз қажет деп білемін. «Жақын таласса – жатқа жем» деген бар. Жатқа жем болып кетпей, бірлігімізге бекем болайық, ағайын!
Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, публицист