Ел болашағы жастардың қолында
Жалпы еліміздің жанды бейнесі бүгінгі буын дейтін болсақ, «жастарға мемлекет қандай қолдаулар көрсетуде?» деген заңды сұрақ туындайтыны хақ. Бұл ретте мемлекет жастардың елімізде немесе шетелде оқып білім алуы, кәсіппен, спортпен айналысуы, жұмыспен қамтылуы, жастар тәжірибесімен еңбек дүбіріне араласуы, баспанамен қамтылуы секілді көптеген жағдайларды жасап-ақ бағуда. Себебі, ұлт ұрпағының босқа сенделмей білім жолына түсіп, түзу жолды ұстануы, ел дамуына зор үлес қосар тұлғаға айналуы мемлекет пен қоғамның міндеті. Келешектің іргетасын қалау ел жастарына лайықты жағдай жасаумен өлшенетінін мемлекет естен шығарған емес. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында жастарға барынша қолдаулар көрсетілуде, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Негізінен облыс халқының 21,2 пайызын жастар құрайды екен. Оның 92 424 – мектепте пен колледж және жоғары оқу орындарында оқиды. 5 739 жас жұмыссыз жастар болса, 18 653 адам NEET жастар санатында. 57 400 жас өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 64 935-і әртүрлі салада жұмыс істейтін көрінеді.
Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мүрбеков жастарды қолдап, оларға бағыт бағдар беру, қолтығынан демеу «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының Тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отырғанын айтады.
- Бұдан бөлек жастарға қолдау көрсету Қ.Р Үкіметінің осы жылғы 2 сәуірдегі №153 қаулысымен бекітілген Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасына сәйкес бекітілген облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес жүргізілуде. Аталған жол картасында жыл соңына дейін 65 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Бүгінгі күні оның 11-і орындалды. 46-сы жүзеге асырылу үстінде, 8-і жыл соңына дейін орындалады, – дейді Б.Мүрбеков.
Биылғы жылды «Жастар жылы» деп арнайы айдар тағып, ат телігеннен кейін осы буын өкілдерінің билік тарапынан айрықша қолдау күтіп жүргені хақ. Десе де, бұл жыл жастар үшін жақсылыққа толы болады деп үміттенгенімізбен, жылдың алты айын да артқа тастадық. Біреу әртүрлі жобаға қатысу арқылы жеңіпаз атанып, жағдайымды түзеп алсам деп армандаса, ал енді бірі баспаналы болудан үміттені, арман құшағында көз ілуде. «Болашақ», «Серпін» іспетті бағдарламалардың арқасында шетелде немесе еліміздің солтүстік өңірінде білім алып, еңбекке араласып жатқандарды жұр бұрыннан біледі. Әңгіме не оқуда, не кәсіпте жоқ NEET жастарға нақты қолдау көрсету. Әсіресе өңір жастарының ауылдық жерде тұратын 62 пайызының еті тірілеріне бақытқа бастар байыпты жол ұсына білу өзекті мәселенің бірі.
Қай елдің жастарының білімі жан-жақты, ойы ұшқыр, талабы мен таланты тас жаралықтай болса, сол елдің болашағы жарқын. Өйткені, жастар қоғамның қозғаушы күші, еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты кепілі, ұлы дала ұлыларының ұлы істерін жалғастырушы һәм өзінен кейінгі ұрпаққа жеткізуші.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы