ЕЛ МҮДДЕСІ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ ТҰЛҒАСЫ
Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының
Меңгерушісі,ҚР ҰҒА академигі
ҚАРАШАШ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
Бүгінгі конференциямыз аса көкейкесті мәселеге арналып отыр.Былай қарағанда, «Қазақ ханымдары мен арулары» деген тақырып бүгінгі күнде соншалықты өзекті емес сияқты көрінуі мүмкін.Алайда, олай емес.Қазақ тарихында, өмірінде әйелдердің атқарған ролі жай ғана әңгіме емес. Біздің ханымдар мен аруларымыз жайында айта отырып, қазақ мемлекетінің өткенін, ол қандай болғанын, кімдер қандай іс тындырғанын, қандай қайраткер болғанын біле аламыз.Сонау Томиристен бастап, кешегі Әлия, Мәншүк, Хиуаз, я болмаса білім мен ғылым, медицина мен педагогика салаларында орасан қызмет еткен ХХ ғасырдағы және қазіргі кездегі апа-қарындастар, қыз-кедіншектер-бәрі ұлтымыздың дамуына аянбай қызмет етті, етіп келе жатыр.
Біздің алдымызда үлкен проблема тұр: қазақты сақтай аламыз ба, жоқ па? Қазақты сақтау ғана емес, халқымызды келер ұрпаққа өркениетті, өзіндік келбеті бар ұл ретінде аманат ете аламыз ба? Мәңгілік ел бола аламыз ба?
Ол үшін не істеу керек? Саяси-әлеуіметтік, экономикалық тұрғыда не істеу керектігін Президентіміз Н.Ә.Назарбаев анықтап, айқындап берді. Бұл салада жаhандануды өз дәрежесінде ұтымды пайдаланып жүрген елміз. Ал, рухани тұрғыда, ұлттық менталитет тұрығысында қаншалықты пәрменді жұмыс істеліп жатыр? Мемлекет тарапынан ресми түрде айтылып, жасалып жатқан іс-әрекет аз емес. Бірақ бұл салада біздің жетістіктеріміз экономика мен саясаттағыдай емес.Бұл-ащы шындық.
Менің баяандамам 2 бөлімнен тұрады.Алғашқысы-Қарашаштың фольклордағы бейнесін талдау және оның бейнесі арқылы Қазақ хандығы тұсындағы рухани, отбасылық, қоағамдық құндылықтарды сипаттау.
Ал, екінші бөлімі-Қарашаш бейнесінің тәлімдік, тағылымдық мәні неде, соны пайымдау. Яғни қазіргі қоғамдағы әйелдер мен рухани hәм отбасылық құндылықтар туралы айтып, өзіміздің түсінік-пайымымызды ортаға салу мен пікірлесу.
Қарашаш деген адам өмірде болған ба, жоқ па?- ол жағы беймәлім. Бірақ оның аңыздарда көрсетілетін тұрмыс-тіршілігі, іс-әрекеттері, оның кездесетін, ұшырасатын, араласатын адамдары- бәрі Қазақ хандығы заманын еске түсіреді.
Аңыздар мен әңгімелерде Қарашаш өмірінің әр кезеңі суреттеледі, яғни оның өмір жолы, өсуі туралы біршама мәлімет беріледі. Бірде ол тезек теріп жүрген, отын арқалап жүрген жасөспірім қыз, бірде үлкен кісілермен ақылды әңгіме-дүкен құратын бойжеткен, енді бірде ол Жиреншемен отау тіккен келіншек болып көрінеді.Тіпті оның дүниеден өткені туралы да әңгімеленеді.Олай болса, ол өмірде болмаса да, хандық заманында,дәлірек айтқанда әз Жәнібек ханның кезіндегі қарапайым да қатардағы қазақ әйелінің символдық сипаты бар, жиынтық бейнесі деуге болады.
Қарашаш- қазақ фольклоында ерекше бейне. Ол- Қарлыға құсап майданға араласпайды, Құртқа секілді алдағыны біліп отыратын көріпкел емес, Ақжүніс сияқты батырмен бірге қашпайды, Гүлбаршын тәрізді басқа түскенді көрермен деп отырмайды. Ол тіпті Баяннан да, Жібектен де, Айманнан да өзгеше. Бұл арулардың бәрі- эпикалық кейіпкерлер, олар эпосқа тән сарында әсерленіп көрсетіледі, олардың шыққан тегі де, тірлік еткен ортасы да басқа, атқарып жүрген іс-қимылдары кесек, яғни олар-романтикалық кейіпкерлер.
Қарашаш-кедейден шыққан адам, кәрі кемпір мен шалдың жалғыз қызы. Ол үлде мен бүлдеге оранған, арманшыл қыз емес. Кәдімгі қарапайым қазақтың күнделікті жұмысын атқарып жүрген жасөспірім бала. Отын жинап, тезек теріп, мал қайырып жүрген, үйде кәрі ата-анасына қамқор болып жүрген бойжеткен. Солай бола тұрса да, Құдай дарытқан ақылы мен инабаттылығы арқасында ханға да, қараға да, бүкіл елге де қадірлі болып шығады. Оның өмірі- түгел сынақ пен жауаптан тұрады.Оны жас кезінде Жиренше де сынайды, Жәнібек хан да сынайды. Қарашаш барлық сынақтан сүрінбей өтеді, небір қиындық да күрделі сұрақтар мен жұмбақтарды ұтқыр шешеді.
Қарашаш- ақылды әйел, үнемі шаруа тірлігінде жүреді, әр нәрсені, қандай шаруа болса да тыңғылықты істейді, алдын-ала ойлап, істің немен біткенін ескеріп отырады. Әр жұмысты сабырлықпен атқарады.
Күйеуіне береген ханның орындалмайтын тапсырмаларын ақылмен, тапқырлықпен шешеді. Мәселен, хан оның күйеуіне 100 еркек қойды көктемге қоздатып берт деген шарт қояды.Әйтпесе, басыңды алам дейді. Қарашаш ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында Жиреншені ажалдан алып қалады. Сол сияқты бір топ сиырды соймай, ішін тазартып бер деген ханның Жиреншеге берген тапсырмасын да тапқырлықпен ұтымды орындап шығады.
Жалпы, Жәнібек ханның Жиреншеге берген тапсырмалары тәрізді сарындар әлем фольклорын да кездеседі. Ол «Трудные поручения» деп аталады.
Қарашаш- өте қарапайымды, тәрбиелі, әдепті жас.Жолаушылап келе жатқан адамдарға жөнімен сөйлесіп, дұрыс жолды көрсетеді.Үйіне келген қонақтарды әдеппен қарсы алып, қазақ дәстүрі бойынша оларға барлық жағдайды жасап, риза етіп аттандырады.
Сондай-ақ үйіне келген адамдармен өте әдепті сөйлесіп, олардың қойған сауалдарына сабырмен жауап береді, салиқалы әңгіме-дүкен құрып, өзінің ақылдылығы мен тапқырлығын көрсетеді.
Қарашаш- Жиренше мен Жәнібек хан тұсында өмір сүрген аңыздық кейіпкер. Оның бүкіл тіршілігі қазақ хандығы заманын сипаттайды.Оның атқарған, есте қалған іс-әрекеттері Жәнібекпен, Жиреншемен тікелей байланысты.
Қарашаш туралы аңыздардан сол кездегі мемлекеттің болмысын, тәртібін, ханның құзіретін, уәзірлер мен қарашалардың тыныс-тіршілігін аңдауға болады. Хан-бүкіл билікті қолына алған басшы, мемлекеттің күллі мәселесін өзі шешеді, ақ дегені- алғыс, қара дегені- қарғыс. Бұл аңыздардан тағы көретініміз: елде, мемлекетте-көбінесе тыныш өмір, бір қалыпты өтіп жатқан тіршілік. Кәдімгі ауыл, мал бағып жүрген адамдар, міндеттерін атқарып, хан маңайында жүрген шабармандар, сапардағы жолушылар, тезек теріп, отын жинап жүрген өспірім қыздар, бие сауған келіншектер, т.б.
Қарашаш туралы әңгімелер мен аңыздар әлем халықтарының фольклорында кездесетін «Ақылды жауап» («Умные ответы») деген диолог түрінде баяндалатын оқиғаларға құрылады.Әлбетте, бұл аңыз әңгімелер әр халықтың өмір салтына байланысты болып келеді, сол елдің тұрмыс-салтын, тыныс-тіршілігін, кәсібін, т.б. ерекшеліктерін көрсетеді.
Біздің де Қарашашқа қатысты аңыздар Қазақ хандығы тұсындағы елдің тұрмыс-тіршілігінен, болмысынан, салт-санасы мен әдет-ғұрпынан мол мәлімет береді.Мұнда қоғамдық та, әлеуметтік те, рухани да, отбасылық та мәселелер көрініс береді, сол замандағы адамдардың тіршілігі, мінез-құлқы, олардың ара-қатынасы, не керек қазақ хандығы кезіндегі болмыстың көптеген қыр-сыры ашылады.
Қарашаш пен Жиренше туралы әңгімелер мен аңыздардан сол замандағы отбасылық құндылықтар, қоғамдағы әдеп тәртібі жөнінде біршама ақпарат алуға болады.Мәселен,
- отбасындағы ерлі-зайыптыларыдң өзара сыйластығы,татулығы, бір-бірін аялауы,құрмет тұтуы;
- қоғамға құрметпен қарау, ел ағалары мен басшыларын сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге-ізет көрсету;
- сөз еркіндігінің болуы. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген шарттың қолданыста болуы;
- некелесу мәселесінде жалпыға ортақ тәртіптің болуы, зорлықпен емес, өз қалауыңмен тұрмыс құру мүмкіндігінің болуы;
- әйелдердің топ алдында, билік алдында сөз сөйлеп, өз ойын ашық айта алуы;
- бала тәрбиесіне ерекше мән беру, қыз баланы ертеден отбасы болуға баулу, ұл баланы отбасын, жарын қорғауға, керекпен қамтамассыз етуге үйрету, т.б.
Осы сияқты көптеген әдет-ғұрыптың ХХ ғасырдың ортасына дейін ел ішінде сақталып, қолданылғанын білеміз.
Алайда, қазақты жетілдіреміз, Еуропа мәдениетіне, өркениетіне жеткіземіз деп, Компартия мен Совет өкіметідәстүрлі құндылықтарымызды қуғынға салды, тиым салды, сол үшін адамдарды жазалады. Нәтижесінде, орыстандық, орыс мәдениеті, тіпті бүкіл орыстың әдет-ғұрпы, салты «біздікінен жақсы» деген ұғым қалыптасты, одан үлгі алдық, үйрендік, өзіміздің мұрамызды мансұқтадық, ұмыта бастадық. Сөйтіп, қазақ жастарында ұлттық құндылықтарға нигилистік көзқарас пайда болды.Өкінішке қарай, біз сол нигилизмнен әлі құтыла алмай келеміз.Тіпті бұрынғыдан да өрши түскен сияқты. «Құндылықтар құлдырады» деп небір сорақы жәйттерді айтып та, жазып та жүрміз.Бірақ ондай келеңсіздіктердің пайда болуының себебі неде? Мәселе осында!
Себептің бәрі- отбасы құндылықтарының бұзылуында болып тұр.
Біздің мақсатымыз- бұрынғы әдеттер мен ғұрыптарды, дәстүр мен салттарды қазіргі өмірге сол қалпында көшіру емес.Біздің мақсатымыз-қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптастырып ұстанған өз мәдениеті, салт-дәстүрі, рухани, отбасылық, этикалық құндылықтары бар екенін, олар ешбір халықтың құндылықтарынан кем емес екенін көрсету. Осы құндылықтар қазақты халық ретінде сақтап келгенін көрсету. Қандай жағдайға түссе де, қазақ осы құндылықтарын жоғалтпай,оларды өмірінің темірқазығы етіп келгенін, солар арқылы ұлттық өзінділігін, ерекшелігін сақтап, бүгінге жеткізгенін паш ету. Бұл құндылықтарымызды кешегі қызыл империя да түгелімен жоя алмады, қанша тырысса да, қанша тиым салынса да, қудаланса да ел арасында шілдехана, сүндетке отырғызу, сәждеге жығылып намаз оқу, «наурыз көже» беру, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, марқұмды жерлеу, жоқтау, қырқын беру,ас беру, құран қатым шығару деген бүкіл халықтың әрі отбасылық дәстүрлер мен ғұрыптар мүлде жоғалып кеткен жоқ, болып жатты. Бұқара елдің тұрмысында жасырын түрде де, ашық түрде жүзеге асып жатты.
Көдің қарашағындай сақтап келген осыншама мол мұрамызды қазіргі заманда мүлде жоағлтып алмау керек.Қазақты өзіндік қасиеті бар, ешбір елден кем емес этикасы, эстетикасы бар ұлт ретінде сақтап қалу қажет. Ол үшін мұрамызды, руханиятымызды бүгінгі өмірге бейімдеп, әдемі қалпында өмірде пайдалана білуіміз керек, оларды келешек ұрпақтарға аманат етіп тапсыруға тиіспіз.
Біздің алдымызда үлкен сын тұр. Жаhaндану үрдісі рухани өмірімізге де дендеп кіріп, өте қатты ықпал етуде.Өзіміздің мәдениетіміз бен руханиятымызды менсінбеу, оған ескі деп, «периархальщина, предрассудки» деп, біразын мансұқтап жатырмыз. Нигилистер Батыстың «тобырлық мәдениетін» қабылдап жатыр. Әлбетте, өзге елдің мәдениетін, әдебиетін, өнерін білу жаман емес. Бірақ мәселе қай мәдениетін қабылдауда классикалық, ізгілікті дүниелерін білу керек, одан үлгі алып, үйрену өте жақсы. Оларды біле отырып, өзіңді де ұмытпа, өзіңдң төмендетпе. Ал, «тобырлық» Батыс-не беріп жатыр? Рухани азғындық, имансыздық еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің некелесуі, көшеге, магазинге жалаңаш келу, кісі өлтіру, зорлау, т.т. Сахнада көрсетіп жүрген «тобырлық өнердің» ешқандай эстетикасы жоқ.
Қазақты өз келбетінде сақтап қалып, басқа жұрттың руханиятына еліктеп кетпей, жаhандануды сылтау етіп, өзге елдің мәдениетіне сіңіп кетпеудің басты тетігі, құралы- ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбие болмақ. Отбасында дұрыс тәрбие алмаған қызды, бозбаланы балабақша да, мектеп те, университет те түзей алмайды. Оған көзіміз жетіп отыр.
Қазіргі ең актуальді, ең зәру проблема- өзіміздің ұлттық менталитетімізді сақтау. Ол үшін отбасылық құндылықтарды жасөспірімге жөргектен бастап миына сіңіру қажет. Бұл шаруаның ең негізгі өзегі- отбасында жасөспірімді ерте кезден имандылыққа баулу, тәрбиелеу, ата-баба дәстүрін құрметтеуге, әрі ұстануға үйрету.
Имандылыққа тәрбиелеу деген не? Ол- ең алдымен адамгершіліктің, тазалықтың шарттарын орнықтыру және оларды өмір бойы ұстану.
Ұстану: адамға қиянат жасамау, күнәға батпау, яғни ұят, обал, сауап, ынсап, қанағат деген ұғымдарды санаға сіңіру. «Ұят кімде болса, иман сонда»- деген Абай. Ал иман деген не? Ол-Аллаға сену. Адам қайтыс болары хақ. О дүниеде Аллаға жауап беретінді ұмытпау.Күнәң үшін тозаққа түсетінің есте болуы тиіс. Құдайдан қорқу. Қазіргі көрініс беріп жүрген сұмдықтар- сол иманның жоқтығы, Құдайдан қорықпау. Мен біреуге қиянат жасап қойдым-ау, мен күнәға баттым-ау, обал болды-ау деген ой жоқ.
Өмірдің тірегі, сәні де, мәні-әйел екені белгілі.Әйел қандай болса, қоғам сондай. Ендеше әйел түзелмей, қоғам түзелмейді. Демек, ең әуелі әйелдің жағдайын түзеу міндет.Бізде гендерлік саясат бар, ол кеңес заманын да болған, бірақ біржақты еді,яғни әйелдерді-қоғамдық, саяси қызметке тарту басты мақсат болды.Ал, қарапайым, қатардағы әйелдің жағдайы, мұң-мұқтажы ескерілмеді.Біздіңше,гендерлік саясат деген жекелеген қыз-келіншекті саясатқа, қоғамдық қызметке тарту ғана емес, онымен ғана шектеліп қалмау керек. Мемлекеттегі әйел затын (мейлі үйде отырған,немесе бала қарасын, ауру бақсын) бәрін түгел қамқорлыққа алу қажет, оларға тиісті жәрежеде жағдай жасап, нақты жәрдем көрсету керек. Әр перзенті үшін қомақты жәрдемақы беріп, үймен, т.б. нәрсемен көмектесу- басты шаруа болуға тиіс.Отбасын, отбасылық құндылықтарды сақтап, жетілдіру үшін-ең әуелі әйелдер мен олардың перзенттеріне жағдай жасалуға тиіс.
Сонда ғана отбасының өмірі жақсарады, неке ұзақ сақталады, дұрыс тәрбие беріледі, қоғам түзеледі. Бейресми дерек бойынша 100 % некенің 30%-ы алғашқы жылы, 20 %-ы бес жылға жетпей бұзылады екен. Сонда 50% отбасы жойылады.Бұл да – имансыздықтың салдары.
Ал, осы айтылғандардың бәрін қалай жүзеге асыруға болады? Барлық міндетті тізіп жатпай-ақ, негізгі шарттарды атасақ деймін.
- Біздегі практикалық педагогика жаңаша ұғынылуы қажет.Демек, ол туралы жаңа, ұлттық концепция жасау керек.Ол менталитет пен өмір талабын ескеріп жасалуға тиіс.
- Тәрбиенің ең басты өзегі- отбасылық құндылықтарды алға шығару.
- Тәрбиені отбасынан бастап, имандылыққа негіздеу керек.
Осындай принциптер мен проблемаларға негізделген жаңа педагогикалық концепция- қазақ халқын сақтаудың, оны жаңа сапаға көтерудің, демографиялық өсірудің- басты кепілі деп білеміз.Сонда ғана біз әлемдік өркениетке өз қабілетімізді сақтай отырып сенеміз әрі оған өз үлесімізді қоса аламыз.