ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АТЫНАН АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

Рамазан айы – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай.
Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Үлкен тәрбие мектебі, рухани кемелденуге бастайтын Рамазан айы — жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы.

Бүгін Республика бойынша Мемлекет басшысының атынан жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ауызашар шарасы өтті.
Осыған орай, аудан әкімдігінің ұйымдастырумен Жаңатас қаласындағы «Аян холл» мейрамханасында ауыз бекіткен жамағатқа арнап ауызашар берілді.
Ауызашар дастарханға аудан қариялары, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, әр салада еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар, ауылдық округтердің ақсақалдары қатысты.
Дастархан басында ауданның Құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, ораза айындағы игі тілектерін арнады. Ораза ұстау адамдарды жақсылыққа бастап, мейірімділікке баулып, бір-біріне деген қамқорлығын арттыратын ұлық іс екенін айта отырып, ауызашар беруді ұйымдастырып отырған аудан басшыларына алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, ауызашарда ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев сөз сөйлеп, ұстаған ораза қабыл болуына тілектестігін білдіріп, жиналған көпшілікке Рамазан айының жақсылығы, оразаның пайдасы, ізгі амалдар мен имандылық туралы айтып өтті.
Ауызашар шарасында Құран оқылып, елдің амандығы, береке – бірлігі үшін дұға жасалды.
✅Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі