ЕЛ РУХЫН КӨТЕРГЕН АСТАНАҒА – 20 ЖЫЛ!

Биыл, Құдай қаласа, сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз  Астананың бой көтергеніне    6 шілде күні  20 жыл  толғалы отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне  айналды. Тарихқа сәл шегініс жасап, елордамыздың жылнамасына көз жүгіртер болсақ, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланған күн еске түседі.  Және оның оңайшылықпен келмегені де белгілі. Қаншама қарсылықтар, сыни көзқарастар айтылды.

Кейін елбасы Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы тосыннан келмегенін «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп жазды: «Баяғы бір уақытта Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалғаны: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәселелер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алынбайтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?», — деп, келте кесіпті».

Елбасының осы сөзінен – ақ, бұл идеяның түп — төркіні әріде жатқанын білу қиын емес. Болашақ президенттің жүрегінде алаштың ардақты ұлы Қаныштың арман-мақсаты қаншама жыл қайнап жүрді десеңізші?!

Осындайда кеңестік диссидент Александр Солжиницынның «Ресейді қалай жайластырамыз?» деген мақаласы еске түсері анық.    Онда қазақтардың ежелгі ата қонысы Қазақстанның солтүстік аумағын Ресейге қосып алу қажет деп сандырақтағаны бар.  Оны елбасы оқымады дейсіз бе? Сондықтан Қазақстанның астанасын республиканың солтүстігіне қарай, орталыққа қоныстандыру тәуелсіздіктің елең-алаңында күнтәртібінде тұрған ең өзекті мәселе еді. Мұны Елбасымыз анық байқап, аз ғана уақыттың ішінде елордамызды Сарыарқа төріне қоныстандырды. Міне, осылайша әлем картасында орын алған Астанамыз бүгінде әлем жұртшылығын ауызына қаратқан айшықты қалаға айналды. Тәубә ағайын!

Бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың келешекте де мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!

Нағашыбай Қабылбек