Ел сенімін арқалаған азамат
Өзінің іскерлігімен, халыққа сіңірген еңбегімен жұртшылық арасына кең танылған азаматтар болады. Солардың бірі және бірегейі– Арқабек Төлебаев. Ол 1968 жылы Қаратау тау-кен құрылыс техникумын тау- кен өндіріс мекемелерінде жоспарлау мамандығы бойынша бітіріп, еңбекке ерте араласты. Ұзақ жылдар бойы еңбек ете жүріп, ел сеніміне ие болды.
Арқабек Төлебаев – қолы ашық адам. Кісіге қол ұшын беруге дайын тұрады. Сол ниеттен болар, еңбегі ақталып, қадамы алға басты. Бостандық ауылының №4 фермасының жұмыскері, Бостандық ауылының кірпіш зауытының шебері, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасы ПОР тобының есепшісі болды. Облыстық өндірістік газ шаруашылығы тресінің аға тауар жүргізушісі, материалды-техникалық жабдықтау бөлімі басқармасының тауар жүргізушісі, Жамбыл қалалық тұрғын үйлер басқармасының жылу жүйесі кәсіпорнының аға тауар жүргізушісі ретінде іскерлігімен көзге түсті. Осылайша еңбекте ысылған ол 1992 жылы №3 Біріктірілген арендалық дүкеннің директорлығына тағайындалды. «Сауда» фирмасының президенті, «Сауда» фирмасының «Тулебаев и К» жеке компаниясы болып қайта құрылуына байланысты серіктестіктің президенті болған кезінде де жұмыстың көзін таба білді.
1996-2016 жылдары «Төлебаев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болды. Осы жылдары өзінің туып-өскен ауылында біраз игі істер атқарды. Талас ауданы, Аққұм ауылынан еңселі мешіт ашып, мешіттің ашылуын жерлестерінің алдында жоғары деңгейде ұйымдастырып берді. Содан бері де үнемі қоғамдық істердің бел ортасында жүргені рас. Облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымына депутат болып сайланды. Ол халық қалаулысы ретінде елдің жанына батып жүрген ең өзекті мәселелерді шешуге көңіл бөлді. Тараз қаласының жүздеген көшелерінің қалыпқа келуіне, көшеге жарық беру, сапалы жол мәселелерінің реттелуіне тікелей ықпал етті.
2016 жылы VI шақырылған Талас аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Мұнда да өзінің жинаған тәжірибесін елге арнау үшін барды. Арқабек Төлебаев қашанда өзінің ісіне жауапты болды. Халық алдындағы аманатына адалдығымен ерекшеленді. Ол үнемі халықтың ортасында, ел-жұрттың арасында жүрді. Қарапайым тұрғындардың мәселелерін облыстық деңгейде көтеріп, шешілуіне ықпал ету жолында аянып қалған жоқ.
Аудандық мәслихаттың хатшысы кезінде де Таластағы ауылдардың дамуына ерекше көңіл бөлді. Ол өзінің әріптестері мен замандастары арасында да беделді. Өзі басқа салада жүрсе де, өнер, руханият, әдебиет өкілдерін үнемі қолдаудан жалыққан емес.
Арқабек Төлебаевтың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттарға да қол жеткізді. Ондай марапатқа Арқабек Төлебаев лайықты адам. Ол қоғамдық жұмыстарды, жастардың белсенділігін арттыруды үнемі ойлап, жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес.
Ол халық қалаулысы ретінде көш басында болды. Өңірде жүзеге асқан талай ізгі істердің жүзеге асуына ықпал етті. Өзі де қарапайымдылық қасиетінен танбай келеді.
Үнемі еңбектеніп жүретін азамат осы күнге дейін мұқтаж отбасылардан көмегін аяған емес. Ел сенімін арқалаған Арқабекке риза кісілер өте көп.
Алдағы уақытта да оның мақсаты – қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешу, жағдайы жоқ отбасыларға қамқорлық көрсету. Арқабек Төлебаев үнемі ат үстінде жүреді. Сондықтан да елдің құрметіне бөленген азаматтың әлі де талай істің бел ортасында болып, ел игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз.
Есет ДОСАЛЫ, aqjolgazet.kz