Ел таныған Елеусіновтер
Қасқа жолдың бойында орналасқан екі қабат шағын үйдің ауласына ат басын тіредік. Үстінде спорт костюмі бар, бұрынғы қарабұйра шашы ақшылтым тартқан, жігіт ағасы қарсы алды. Ата дәстүр бойынша сәлемдестік. Адамды алғашқы түйсігі алдамайды деуші еді, әуелі аңғарғанымыз: тұлғасы — шикі суы құрғап, қақтай тартылған ақ самырсынның кепкен өзегіндей шымыр, бет әлпетінде жасанды таңданыстың сызы да жоқ, бейғам көз тастап, байыппен қарайтын жітіт ағасының бастауымен табалдырық аттадық.
— Оқасы жоқ.
Осылай қысқа қайырған екіауыз сөзден соң, жайланып төрден орын алдық. Әлқисса деп әңгімені бастадық.
Бізді қарсы алған жігіт ағасы, яғни бас кейіпкеріміздің аты-жөні – Елеусінов Марат Тәліпұлы. Мамандығы — бапкер. Нақтырақ айтқанда: 2006 жылы студенттер арасында әлем чемпионы атанған, 2009 жылы Азия біріншілігінде қола жүлдені жеңіп алған, Қазақстан біріншіліктерінде топ жарып жүрген боксшы Дәурен Елеусінов пен 2006 жылы Стамбул қаласында өткен кадеттер арасында әлем чемпионатының жеңімпазы, 2008 жылы Гвадалахара қаласында (Мексика) жастар арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2010 жылы Гуанджоу қаласында Азия ойындарының чемпионы болған Данияр Елеусіновтің туған әкесі һәм бапкері.
Құдай берген қос ұлын қияға самғатып, қызығын көріп, әмбе әке, әмбе бапкер міндетін қатар атқарып, жетістігіне желпініп, қайырылса қамығып, самғаса сағынып, бойындағы бапкерлік нәрін басқаға емес, тұла бойын жарып шыққан өз ұлдарына сіңіріп жүрген қадірлі әке Мараттың туған жері сонау итарқасы қияндағы Қайыңды ауылы екен. Қайыңды ауылы Казталовкаға қарайды. Яки бұрынғы Орал облысы.
Атасы жаудан қайтпаған…
Марат Тәліпұлының балалық шағы кеңестік дәуірдің тоқырау-тыныштық кезеңіне дөп келгендіктен ауылдың қатардағы қарапайым қарасирақ балалары тәрізді — мал қайырып, шөп шауып, жүгіріп жүріп… ержетіпті. Әкесі Тәліп ауылда ұстаз. Бастауыш класқа сабақ берген. Алғашқы әліппені әкесі үйретіпті. Қызық. Уақыт шіркін бір аунап өткенде, бала Марат бапкер болып әкесі сияқты өз ұлдарына бокс әлппесін өзі үйретті. Ата қазақтың «Әке көрген оқ жонар» дейтіні осы шығар.
Айтпақшы, Мәкеңнің зәу-заты ежелден Қазақияның Кіші Ордасының іргелі ұстыны он екі ата Байұлының «Алаша» тармағынан екен. ХҮІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Құдайқұлұлы Байбарақ батыр бұл әулеттің арғы атасы. Байбарақ батыр 14 жасқа толғанда жау түсіріп, мал алмаққа Еділ қалмақтарын шабады. Бірақ қапыда жаудың қолына түсіп қалады. Қалмақтың ханы қолы байлаулы жатқан жап-жас балаға, «ей, қазақ сені қазір босатып жіберсем, не істер едің?» деп сынай сұрақ қояды. Сонда жас батыр: «Ұрандап келіп сенің еліңді қайта шабар едім» депті. Қысқасы, Мараттың бабалары жаудан қайтпаған…
Мараттың әкесі Тәліп Елеусінов ауыл-аймаққа танымал күйші болған деседі. Тіпті Мәскеуде өткен КСРО ұлттар өнерінің фестивалына да шақырту алған кезінде. Анасы Қажымұратова Зиба бала-шағаның қамын күйттеген абзал ана. Көп жыл Қарағанды облыстық драма театрында қызмет еткен, ҚР-ға Еңбек сіңірген әртіс Қажымұратов Сердеш Мәкеңнің туған нағашы ағасы. Жаратқан ием, бұл шаңыраққа өнер мен спортты қатар дарытқан. Оған дәлел айтып жатудың өзі артық сияқты.
Жиырма жасымда бокс қолғабын кидім
Өмірде талант болу бар да, оны ұштайтын еңбек болмаса, яки тер төгілмесе, таудай талаптан түк шықпай қалуы әбден кәдік. Әуелі көп нәрсе ықыласқа байланысты. Шынайы ықыласпен, таза мақсат-мүддені көздеп жасаған іске жаратқан өзі жол ашады. Бақыт — сан сынақтан сүрінбей өткен пенденің маңдайына бұйырмақ. Ол үшін адамға қажет ең басты дүние — төзім мен сабыр. Қалғаны бір Құдайдан…
Жоғарыдағы ойларды санаға саралай отырып, Мәкеңе: «Өзіңіз спортпен қашан айланыстыңыз?» деп, сұрақ қойдым. Мәкең аса бір ұстамдылықпен, қолында қаламы шошайып отырған маған барлай-байыптай қарап алып сөз бастады.
— Мен спортпен соның ішінде бокспен 20 жасымда, яғни 1981 жылдан бастап айналыстым. Одан бұрын біздің ауылда денешынықтыру пәнінен кәсіби түрде сабақ өткізетін ұстаз болмады. Кадр болмағандықтан Армияда борышын өтеп келген азаматтар әскери дайындық пәнімен қосып үйретіп жүрді. 1979 жылы ел қатарлы менде әскерге аттандым. Екі жыл Украйна жерінде борышымды өтеп келіп, 1981 жылы күзде Алматыдағы Ауылшаруашылық институтының дайындық бөліміне оқуға түстім. Институттың ішінде бокс үйірмесі бар екен. Оны Ғазез Құдайбергенов дейтін ағамыз жүргізіп жүрді. Осылай бокс спортының алғашқы әліппесін үйрендім. Бұл қадамым ұзаққа бармады. Ауылдағы ата-анамның жағдайына байланысты оқуды доғара тұруға тура келді. Айналып ауылға келдім. Жағыдай оңалған соң келесі жылы Алматыға қайта келіп зауытқа жұмысқа орналастым. Ғазез ағаның үйірмесіне қалмай барып тұрдым. Жақсы спортшы болу үшін білім керек екені түсінікті. Сөйтіп, Балқаш қаласындағы педогогикалық техникумға құжат тапсырып, денешынықтыру мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Боксқа деген ынта-ықыласымды арқалап Александр Апачинскийге (боксшы В.Жировтың бапкері) барып, жаттығуды жалғастырдым. Кейін Көкешев Жолдас дейтін ағамызда жаттықтым. Жасым әудем жерге келіп қалғаны болмаса, қабілетім де, бейімділігімде жақсы болды.1984 жылы қазіргі балаларымның анасы Ғалия Нұрмұқанқызы Манабаева екеуміз отау құрдық. 1985 жылы оқуымды аяқтап, қасыма жұбайымды ертіп туған ауылыма оралдым…
Томар мөшек һәм қойдың жүнінен жасалған қолғап
Осылай жиырма жасында бокс қолғабын киген азамат туған ауылына ұстаз болып оралады. Білікті болу үшін білім керек екенін ерте ескерген Марат Тәліпұлы қағаз-құжатын арқалап барып, Орал педогогикалық институтының Дене тәрбиесі факултетінде сырттай оқуға тапсырып қояды да, Қайыңдының сабаннан тұрғызған шағын мектебінде бокс үйірмесін ашып кеп жібереді. Өзі жетпеген биікке шәкірттері жетсін, өзі қонбаған қияға балғын балалары қонсын. Алла баянды ғұмыр, мықты денсаулық берсе, білген-түйгеніңді балаға үйреткеннен артық бақыт бар ма?! Сол балаң қырандар ғана қонатын тұғырдан өзіңе қасқайып қарап тұрса… Бұдан өткен ләззат бола ма?! Демек еңбек ету керек!!!
Мәкең шынында ауылда жүріп аянбай еңбек етті. Бүгінгі жеткен биігі сол ауылда жүргенде төккен терінің, көрген қиыншылығының өтеуі іспеттес. Құдай адал еңбекке береді деген осы. Айталық, алғаш ауылда үйірме ашқанда балалар дүңкілдетіп ұратын мөшек жоқ. Содан жұбайы Ғалия екеуі томырсықтай кепкен томар тауып келіп, оны жүні қалың қойдың терісімен қаптап, арасына ағаш үгіндісін нығыздап салып, жоқтан бар жасайды. Одан кейін қаладан дермантин (қатты мата) сатып әкеліп, оны кесіп-пішіп қолғап, шлем жасайды. Шәкірттері кенептен жасалған шлемді киіп алып, қой жүні қолғаппен қасқырдай қырылысады. Мәкеңнің көңілі тоқ.
«Уа, қырандар біз қайда кетіп барамыз?»
Қайыңды ауылы Ресейдің поселкаларымен іргелес қоныстанған. Арасы бар-жоғы 18 шақырым. Мәкең шәкірттерін шұбыртып көрші ауылдарды аралап шығады. Олармен жолдастық кездесулер өткізеді, орайы келсе оларда қайыңдылықтарды жарыстан қалдырмайды. Күндер өте келе Мәкеңнің шәкірттері жылы-жұмсаққа дәндеген бөлтіріктей қарсы шауып, олжа түсіре бастайды. Әйтеу ауыл-аудан аралық жарыстарда дес беретін түрі жоқ.
Қайыңдылықтардың осылай аты шыға бастайды. 1989 жылы оқушылар арасындағы аудандық біріншілікте Қайыңды командасы барлық салмақты шаппай бағындырады. Осы құрамды алып Мәкең облыстық біріншілікке атанады. Жолай бапкер шәкірттеріне: «Уа, қырандар біз қайда кетіп барамыз?» дейді. Балғын жастар бір ауыздан, «жарысқа кетіп барамыз?» деп жамырайды. «Оған не үшін кетіп барамыз?». Балалар үнсіз, бәрі де белгілі емес пе, дегендей ұстазына барлай қарап қояды. Марат: «Уа, жігіттер біз тек жеңу үшін кетіп барамыз» деп саңқ етеді. Бала қырандар дүр сілкініп, қанатын қомдайды. Ежелгі үнді жұртында, «Қойды арыстан басқарса, қойлар арыстанға айналады, ал, арыстанды қой басқарса, арыстандар қойға айналады» дейтін терең тәмсіл бар. Жоғарыдағы оқиға дәл соның кебі.
Қысқасы, облыстық біріншіліктің 12 салмағының 9-ында қайыңдылықтар финалдық бәсекеге жолдама алады. Осылардың 5-уі чемпион, 4-уі күміс жүлдегер.
Жоғалған шәкірттер
Ой, шіркін жау түсіргендей болып ауылға лепіріп қайтқан қайыңдылықтардың бұл жетістігін қайталаған ауыл басқа жерде бар ма екен. Ол жағын біле алмадық. Бірақ Мараттың еңбегін ескеріп аудандық балалар спорт мектебі Қайыңдыға бөлімше ашады. Мәкеңе азын-аулақ тиын-тебен төлейді. Сөйтіп, енді еңсе көтере бастағанда «нарық» дейтін қара дауыл кимелеп жетіп келеді. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы. Нарық желі шайқаған ауылдың тоз-тозы шығып, шаңы бұрқырып шыға келеді.
Ел еріксіз қолдағы мал-мүлкін тамаққа айырбастап, жұмыс іздеп қалаға қарай ағылды. Бейпіл ағынның ішінде біздің кейіпкеріміз Марат Тәліпұлыда бар-тын. Осы бір аласапыраның ортасында Мәкең бұрын сырттай оқыған Орал педогогикалық институты жаңа титуль иеленіп «Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті» болып өзгеріп шыға келмесі бар ма! Университет Маратты жарты ставкаға жұмысқа қабылдайды.
«Өте бір қиын күндер еді бұл» – деп, еске алады біздің кейіпкеріміз. Расында солай, оның шет жағын көргендер біледі. Мәкеңнің алатын жалақысы 3 жарым мың теңге, оның 2 мыңын пәтер ақыға төлейді. Жұбайы Ғалияға маман жұмыс табылмай базарға барып сауда істеуге мәжбүр болыпты. Үш баласы бар. Үлкені Динара орта мектепте оқиды. Ортаншы баласы Дәурен 12 жаста, кенжесі Данияр мектеп табылдырығын жаңа аттаған…
Қиын күндермен арпалыса жүріп Марат ойдағы арманынан айныған жоқ. Басқалар сияқты сауда қуып кетсе немесе іргедегі Ресеймен серіктестік құрып, бизнес жүргізсе, қой деп тұрған кім бар. Бірақ Мәкең бәрін жиып қойып университетің ішінен бокс үйірмесін ашты. Алғаш ауылда бокстың қыр-сырын үйреткен ұлы Дәуренді баптауға кірісті. Осы бір ауыр күндер жайлы бапкер, «небір талантты шәкірттерім бар еді, көбі тұрмыс тауқыметінен болып бокстан қол үзіп кетті, әйпегенде…» деп, сөзінің аяғын жұтып, еске алады. Нарық дауылы жалмап кеткен шәкірттерін ойлап, басын шайқайды.
Боксқа кегі кетпеген бапкер
Бірақ… Мараттың бокста кегі кеткен жоқ. Дәуренін баптай берді, баптай берді. Дәурені 2000 жылы 14 жасында Серік Қонақбаевтың Олимпиада жүлдесін алуына 20 жыл толған үлкен турнирде тұсауы кесіліп, қола медалға ие болды. Одан кейін келесі жылы Атбасарда өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде 51 келі салмақта атой салып топ жарды. Іле 2002 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған оқушылар спартакиадасында жеңіс тұғырынан түспеді. 2003 жылы жастар арасында ҚР чемпионатында күміс медаль алып, келесі жылы спартакиада да топ жарып еліміз құрамасына алынды. 2004 жылы ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде шешуші сайыста Бақыт Сәрсекбаевпен қолғап түйістіріп, 21: 22 есебімен сәл жеңіліс тапты. Қысқасы Дәуреннің қарсыластары болған – Бақтияр Артаев пен Бақыт Сәрсекбаевтың екеуі де Олимпиада жеңімпазы екенін ескерсек, Дәуреннің де осал боксшы емес екенін пайымдауға болады.
Ал, Дәуреннің ізін басып ентелеп келе жатқан інісі Даниярдың қазіргі аяқ тастасы бөлек. Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, Жастар арасында әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Азия ойындарының жеңімпазы,
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
«Данияр Елеусінов өзінің техникасы мен тактикасын үнемі жетілдіріп отыратын боксшы. Өз басым техникалық боксты жақсы көрем және Даниярдың стиліне көңілім толады» дейді, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.
Даниярдың боксқа келуі де ойда жоқта болған сыңайлы. Әкесі мен анасы Даниярдың боксшы болуын қалай қоймаған. Марат мырза жұмысқа аттанғанда 7 жасар Даниярды да ала кететін. Ол жас құлындай ойнақтап залда шауып жүретін. Мәкең ақ тер, көк тер болып шәкірттеріне бокс үйретеді. Қырағы бала ойнап жүріп-ақ қағып ала берген ғой. Содан бір күні Данияр әкесіне келіп: «Менде бокстасайыншы» деп сұранып қоймайды. Яки, зары келгенде түлкі аңсайтын бала бүркіттей тіленіп болмайды. «Сені әлі баласың ғой…». Данияр топшысын түйіп алған, қыран қабағы қатулы, әлі тіленіп тұр. Қайтар түрі жоқ. Содан… әуселесін көрейін деп әкесі жаттығуға біршама төселген өзінен жасы үлкен баламен шығарып жібереді. Қарап тұрса Даниярдың соққысы жаттық, техникасы тәп-тәуір, жеті жыл бокспен айналысқан баланы оп-оңай сылқ еткізіп ұтып кетеді. Сол күннен бастап Данияр боксшы болды.