Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында VI республикалық «Worldskills Kazakhstan» чемпионаты басталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында VI республикалық «Worldskills Kazakhstan» чемпионаты басталды. Маңғыстау облыстық туризм колледжінде «Наубайшы ісі» құзыреттілігі бойынша конкурстың ашылу салтанаты өтті. Әр аймақтан келген 15 студент пен сарапшылар өз бақтарын сынауда. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова қатысушыларға сәттілік тілеп, өз лебізін жеткізді.

 

 

«WorldSkills чемпионаты техникалық және кәсіптік білім саласындағы басты көрсеткіштерінің бірі болып отыр. Республикамыздың 180 колледжі «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталып, ұлттық чемпионатты өңірлерде өткізу мүмкіндігі туды. Маңғыстау туризм колледжінің базасында бұл конкурстың өтуі облыс үшін де үлкен мәртебе. Сіздер әрбір сала мамандықтарын халықаралық деңгейге сай дәрежеде меңгеріп, шетелдік кадрларға бәсекелестік тудыратын маман болуыңыз қажет. Себебі қазір елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес әр өңірде жаңа өндірістік кәсіпорындар салынуда. Оларға білікті кәсіби жұмысшы мамандары ауадай қажет»,-деді Гүлмира Қалмұратова.

 

 

Айта кетейік бүгін конкурстың қатысушылар үшін жұмыс орындарын дайындау кезеңі өтеді. Содан соң «Aktau Tourism City Ltd»  RIXOS  қонақүйіндегі TETYSBLU  паркіне саяхат жүргізіледі. 9, 10, 11 қараша күні конкурстың негізгі бөлімі өткізіліп, 11 қарашада CIS бағалау жүйесінде қорытынды шығарылады.

 

Маңғыстау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі