Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бейнеу ауданындағы колледжде 30 іс-шара айлығы өтуде
Бейнеудегі гуманитарлық-экономикалық колледжде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным» атты іс-шара айлығы өтіп жатыр. Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
15 қараша мен 10 желтоқсан аралығын қамтитын іс-шара аясында тәрбие сағаттар, интеллектуалдық ойындар, әскери-патриоттық жарыстар мен сыр-сұхбаттар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ әлеуметтік педагогтың арнайы жоспарымен «30 қайырымды іс жобасы» жасақталды. Сондай-ақ колледждің қалыптасуына еңбек сіңірген тұлғалар туралы «Колледж тарихындағы 30 есім» айдары ұйымдастырылды.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жоспарланған шаралар өз деңгейінде өтіп жатыр. Алдағы уақытта колледждің тұңғыш директоры, «Білім беру ісінің үздігі» С.Жаңбыров атындағы жаратылыстану кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ колледждің 15 жылдық тарихына арналған оқу орнының ашылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы, жеткен жетістіктерін қамтитын кітап жарық көрмек», — дейді колледж директоры Гүлістан Жаулы.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі