Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына арналған Қарағанды облысында ат спорты  түрлерінен ашық турнир өтті

Қарағанды облысында ат спорты түрлерінен жасөспірімдер арасында чемпионат және ат жарысынан ересектер арасында ашық турнир өтті. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына арналған.

Чемпионатты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және ұлттық және ат спорты түрлері федерациясы ұйымдастырды. Оған өңірдің алты ауданынан 2004–2006 жылдары туылған жасөспірімдер қатысты.

 

 

– Чемпионатқа 2004–2006 жылы туылған 70-ке жуық бала қатысты. Олар көкпар тартудан жарысты. Шет ауданы жеңіске жетті. Екінші орынды Жаңаарқа, үшінші орынды Қарқаралы ауданы иеленді. Олар сәйкесінше 300, 150 және 70 мың сыйақы алды. Жеңімпаздар 3-10 қарашада өтетін Алматы облысындағы ел чемпионатында біздің облыстың намысын қорғайды, – деді Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлері федерациясының басшысы Нұржан Шайхин.

Көкпардағы ересектер арасындағы ашық турнирде қарағандылық «Бәйтерек» командасы үздік деп танылды. Екінші және үшінші орындарды Бұқар Жырау ауданы мен Ақмола облысының «Бабай» және «Аршалы» командалары иеленді.

 

 

Ересектер арасында ат жарыстары екі түрі бойынша өтті:

— құнан-бәйге – 12 шақырым;

— аламан-бәйге – 20 шақырым.

Жарыстың ең қиын кезеңі – аламан бәйгеде бірінші орынды Айса ауылының Мәскеу атты тұлпары жеңіп алды. Құнан-бәйгеде Қызылжар ауылынан Қаражал атты сәйгүлік көш бастады.

Жеңіс үшін бас жүлдеге автомобильдер тігілді.