Ел үкіметі ағылшынша сайрамақ
Елордада өткен халықаралық форум барысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев шетелдік инвесторларға: «2020 жылға дейін инвестор үшін біраз шаруалардың түйіні шешіледі. Кез келген мемлекеттік орган шетелдік кәсіпкердің сауалына қысқа мерзімде үш тілде жауап беруі тиіс. Инвесторлар Қазақстандағы бизнесі үшін электронды виза алып, шекарадан да жеңіл өте алады.
Сондай-ақ кедендік кодексте оларға жеңілдік қарастырылған. Бір сөзбен біздің экономикаға ақша құйғысы келгендерге жай ғана жақсы емес, өте жақсы жағдай жасалады. Сіздердің әрбір өтініштеріңізге мемлекеттік органдар 10 жұмыс күні ішінде ағылшын тілінде жауап береді. Алайда сіздер қазақша не орысша сұрасаңыздар, сол тілдерде де жауап бере аламыз.
Ең бастысы 10 күннен кешіктірілмейді. Қысқасы, Үкімет екі жылда ағылшынша сайрайтын болады. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары, аурухана, білім мекемелері, көші-қон және салық органдарына ағылшын тілін меңгерген мамандар аламыз»,— деп уәде берді.