Ел үмітін ақтаудан биік мәртебе жоқ
Тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алған еліміздің өткен отыз бір жылға жуық уақыт аралығында республикамыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту барысында тындырған тірлігі аса ауқымды. Дегенмен келешекке сенімді қадам жасау әлі де өзекті екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында алға қойылған міндеттер мен мақсаттар бүгінгі күнге дейінгі атқарылған іргелі істердің заңды жалғасы.
Президент Жолдауында орнықты экономикалық өсімге, ел экономикасын қайта жаңғыртуға, кәсіпкерлік ортаны жақсартуға, тұрғындардың тұрмысын арттыруға, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі жұмыс жүргізуге бағытталған басымдықтарды нақты атап көрсетті. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды», – деді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Расымен де, бүгінгі таңда қауым болып тірлік етіп, қосалқы шаруашылықтарды біріктірмесе, асыраушы саланы алға сүйреу қиынның қиыны. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда 2019 жылдан бастап жүзеге аса бастағанын айта кеткен жөн. Үй іргесіндегі жер телімін тиімді игеру, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативке біріктіру сынды жұмыстар «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» қанатқақты жобасы аясында табысты жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда бұл қанатқақты жобаға облысымыздың 10 ауданында 14 ауылдық округтің тұрғындары пайызы төмен несиеге де қол жеткізген болатын. Қазіргі таңда аталған жоба бұл округтерде өз нәтижесін беруде.
Мен кәсіпкермін. Жер өңдеп, жер баптау арқылы елге танылдым. Бұған дейін Жуалы аудандық мәслихаттың депутаты, енді облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қоғам өміріне араласа жүріп, әрі өзім басқаратын «Злиха» шаруа қожалығының жұмысын жетілдіре отырып, халықты жұмыспен қамтуға, аудан экономикасын көтеруге, облыстағы картоп бағасын тұрақтандыруға үлес қосып келемін. Еңбектің арқасында – танылып, еңбектің арқасында – елге белгілі болдық. Шынын айту керек, Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен де, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездестірген, осы – еңбек деп білемін.
«AMANAT» партиясының мүшесі ретінде 2019 жылы ел сенімімен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Бұған дейін Жуалы аудандық мәслихаттың 5-6 шақырылымының депутаты болған едім. Сол тұста да, одан кейін де сайлауалды бағдарламама қойған мақсаттар мен сайлаушыларыма берген барлық міндеттемелерімді, «AMANAT» партиясының алдыңғы съездерінің шешімдері мен тапсырмаларын, Үкіметтің негізгі бағдарламаларын басшылыққа ала отырып орындау үстіндемін. Осылайша, өткен сайлауалды бағдарламамда көтерілгендей аудандағы ауыларалық жолдардың асфальтталуына, балабақшалардың ашылуына, елді мекендерге табиғи газ құбырының тартылуына, шаруалардың пайызы төмен несиемен қамтылуына күш салып келемін. Диқан қауымның көп жылдан бері көрші мемлекетпен арадағы су таласына түскен «Көксай» каналының жаңа арнасының жасалуына бастамашы болдым. Бұл мәселе биліктің араласуымен шешіліп, бүгінде каналдан 1 664 гектар алқап ылғалдандырылуда.
Біз шекаралас аудан ретінде биліктің қамқорлығын сезініп отырмыз. Бір кезде аудан атын республикаға танытқан «екінші нан» атанған картоп өсіруді мықтап қолға алдық. Бұрын бізге «Көксай» каналының суын еркін пайдалану арман болған еді. Бұл мәселе Мемлекет басшыларының араласуымен оң шешімін тапты. Енді одан келетін каналдар суды диқандарға шығынсыз жеткізу үшін бетондалу үстінде. Таласқа түскен «Көксай» каналы біз үшін тіршіліктің көзі болып келген. Солай қала береді. Осы каналдан ауданымыздың Ақтөбе, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінің диқандары су ішеді. Егін жайларын суғарады. Мұнда ауыл диқандарының суармалы екі мың гектарға жуық алқабы бар.
Бұрын «Көксай» каналының 12,5 шақырымы көрші Қырғыз Республикасының аумағымен өтетін. Жол-жөнекей қырғыз бәйкелері жаз бойы канал суына ортақтасып, төменде отырған бізге су жетпей қалып, судан таршылық көруші едік. Соның салдарынан соңғы бес-алты жыл көлемінде жақсы өнім жинай алмай келдік. Осы мәселені аудандық, облыстық деңгейде көтеріп, облыс әкіміне шықтық. Біздің көтерген мәселе облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, олар Үкіметке жолдаған болатын. Үкіметтен 5,3 миллиард теңге қаржы қаралып, тау етегінен 18 шақырымды құрайтын, диаметрі 120 сантиметрлік темір құбыр тартылды. Каналға кіреберістегі биік төбені жарып жол салынды, құбыр тартылды. Сондай-ақ тау суын ысырапсыз пайдалану мақсатында ені 100, ұзындығы 200, тереңдігі 5 метрлік бассейн салынды. Бүгінде ол нысанның игілігін аудан диқандары көріп отыр.
Аудан диқандары бүгінгі таңда картоп алқабын едәуір арттырды. Қазір біздің картоп алқаптары «Көксай» каналының суын ішуде. «Көксай» каналы іске қосылғалы өнім де артты. Міне, бүгінде аудан диқандары картоп алқаптары мен бау-бақшаларына су жеткізіп отырған жаңа каналдың да игілігін көргеніне де жеті жылдың жүзі болыпты.
Бүгінгі таңда Үкіметтің бұл қамқорлығына біз іспен жауап берудеміз. Мен бұған дейін де аудандық мәслихат депутаты, қазір облыстық мәслихат депутатының бірі ретінде аудан диқандарының мұң-мұқтажы мен проблемасын көтеріп келгенмін. Әлі де жұмыс істей беремін. Ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіруге, сөйтіп жаңа техника алып, жаңа технологиямен жұмыс істеуге, жер мен суды барынша үнемді пайдалануға үгіттеп жүрмін.
Сондай-ақ облыс әкімдеріне аудандағы картоп өсірушілердің мұң-мұқтажын айта отырып, «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы төмен несиемен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға, тұқымды жаңартуға қол жеткіздік. Бұл бір ғана аудан емес облыстағы картоп өсіріп отырған шаруашылықтарға үлкен қолдау болды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға барынша қолдау көрсетуде. Соның арқасында 50 пайыз жеңілдетілген бағамен тыңайтқыш, жанар-жағармай алып, жұмыс жасаудамыз. Мұның өзі ауылдағы диқанның дәнін сеуіп, картобын егіп, жинап алуына үлкен көмек болуда. Бірақ ауыл шаруашылығында әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Диқандардың жағдайын әкімдер жақсы біледі. Болашақта аудан, облыс деңгейінде диқандарға «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы лизингке жеңілдетілген бағада ауыл шаруашылығы техникалары мен тіркемелерін алуға көмек берілсе дейміз. Себебі көптеген диқанның техникасы жоқ. Олар техникасы барлардан көмек сұрағанымен, дәнін уақтылы себе алмай, өнімін де дер кезінде жинай алмай шығынға батып жатады. Бұл да мемлекет деңгейінде ескерілгені жөн. Ал көптеген шаруаның бүгінде қолдағы техникасы ескірген. Жұмыс істегенінен тұрғаны көп. Сонымен бірге диқандарға шет мемлекеттен сапалы тұқым алуға көмек берілсе. Яғни қант қызылшасы сияқты картоп өсірушілерге де Үкіметтің қамқорлығы керек. Рас, бүгінгі таңда картоп өсірушілер барлық қиындықтан өз бетінше жол тауып шығуда.
Бүгінгі таңда қожалығымыз тұқым шаруашылығы мәртебесін алып отыр. Сол үшін Голландиядан əкелген картопты ондаған гектар алқапқа орналастырып, өнімін жинап, қоймаға сақтаудамыз. Алдағы егіс науқанында оның бір бөлігін аудан шаруаларына өткеретін боламыз. Бұл шаруа да Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген тұқым шаруашылығын құру бағытында жүзеге асырылуда. Жалпы Жолдауда көтерілген мәселелерді ел болып, жұрт болып бірлесе жүзеге асыру, бұл шаруа қожалықтарына жүктелген үлкен жауапкершілік деп білемін.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты,
«Злиха» шаруа қожалығының жетекшісі.
Жуалы ауданы.