Ел жұртым, халқым, араша болайық ағайынға!

Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихи тамырларымыздың бірлігі бізді түркі тілдес халықтармен ешқашан іргесі бөлінбейтін бауырлас етті. Ұлы Түркі елі — қазіргі заманауи мемлекеттер Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Түркия елдерінің ортақ тамыры. Біздің мыңжылдыққа ұласатын шежіреміз бар, мақтаныш тұтатын бабаларымыздың тарихи ерліктері бар. Бөле-жара қарау мүмкін емес, рухани қазынамыз бар. Осының барлығы баршамызға ортақ мұра».

Жақында ғана Қазақ еліндегі түрік ұстаздарына араша сұрап елбасына жазған хатымды жария еткен «Президент және халық газетіне, сондай-ақ қолдау білдірген «Абай. Кз», «Қаз білім. Кз», «Қамшы.кз», «Матрица.кз»,Ондаған топтар т.б ұлтжанды, өткір басылымдарға айтар алғысым шексіз. Менің бұл мақаламды 40 – тан аса шетелдік түрік , орыс тілдерінде сайттар көшіріп басып, жүздеген пікірлер жазылды және 100 мыңға жуық оқырман оқыды. Елбасына жазған хатымның» Жазықсыз жандар саясат құрбанына айналмасын!» — сілтемесін қойып отырмын: http://elana.kz/жазықсыз-жандар-саясат-құрбанына-айн/ .Осы мүмкіндікті пайдаланып сайт басшыларына, ұжымдарына, мақаланың астына қандайда болмасын пікір білдірген Азаматтарға, өзіме телефон соғып хабарласқан барлық ізгі қауымға алғысым шексіз. Білем, бұл пікірлер менің жеке басыма емес, басына қара бұлт төнген, жаны қысылған, не істерлерін білмей күйінген, тығырыққа тірелген түрік бауырларымызға деген жаны ізгілікке, бауырмалдыққа толы жанашыр жандардың араша үндері. Баршаларыңызға, Алла тағала разы болсын! Енді көңлімді алаңдатқан бірнеше  жағдайлармен өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдім. Балалары қазақ – түрік лицейін бітірген қаншама ата аналар алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Лицей түлектерінің көңіл-күйлерін ешкімнің басына бермесін. Мен де анамын. Менің де немерелерім түрік ұстаздарының алдын көрген. Сондықтан қамыққан ата-аналардың жай-күйін түсінемін. Тек ғана  осы мектептер емес, С.Демирель атындаға ЖОО орындарының мұғалімдері де тоз тоз болып кеткені кетті, қалғаны Алла деп мазасыз күй кешуде. Елімізді осы ЖОО бірнеше ондаған грантар беріп «Жарқын болашақ» көрігін қыздырып, тіл мәртебесін көтеріп басқа ЖОО-ларға үлгі болғаны көз алдымызда. Бір қуанатын жайлар өз білімін, тәжірибесін өзінің шәкірттеріне берді. Мектеп директорларының 90 пайызы осы мектеп түлектері. Осы тұста елінде сондай жағдай болып жатқанда ел-жұрт, ағайын болып араша сұрасақ Елбасымыздан.  Халық, ел екенімізді осы жерде көрсетелік. Ақ жаулығымды Елбасының алдына тастап араша сұрар едім, қолым жетпей жаты,«жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» демей ме?!. Бірақ үмітім бар, бұл жағдай бұлай қалмайды. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Иманды, ибалы, ізгі, білімді ұрпақ өсіру баршамыздың арманымыз екені даусыз. Осы арманымызды ақиқатқа айналдырған айналайын түрік бауырларымыз ғой. Онда неге ізетті, саналы, ақылды, парасатты түрік ұстаздарын шетқақпай етіп жатырмыз? Олардан біз не жамандық көрдік. Билік неге үнсіз?! Кеудесі көк тіреген небір шендінің баласы мен немересі қазақ-түрік лицейлерін бітіріп, биікке құлаш ұрып жүр. Мақалама түскен пікірлерді сүзгіден өткізіп отырмын. Әзірге олар тарапынан араша сұрау, өтімді пікір білдіру мүлде жоқ. Тым болмаса, «олардың не жазығы бар?» деп өкініш білдірмей ме екен. Кім-кімнің басына іс түспейді? Қайда азаматтығымыз, қайда адамгершілігіміз? Ең болмаса жасаған жақсылықтың өтеуі болмаушы ма еді? Бар болғаны отбасы, бала-шағасымен 500-ден сәл асатын Түрік бауырларымыздың кең байтақ қазақ даласына, құшағына сыймағаны ма?! Біз кешегі репрессия, соғыс жылдарында, одан кейін келген талай этностарды құшағымызға сыйдырып едік қой. Бұл не деген немқұрайлылық! Бұл не деген жайбасарлық! «Сыйға сый, сыраға бал» деген қайда? Баладан артық қазына, байлық бар ма жер бетінде? «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқан нақылды іс жүзінде жүзеге асырған лицей ұстаздары емес пе еді? Балаларға ілім береміз деп, өз отандарын тастап, ата жұртымыз Қазағымыз деп келгенде, олардың басына іс түскенде көрсеткен сиымыз, ағайындық арашамыз осы ма? Еліміздегі ең сапалы білім беретін үздіктердің алдыңғы легінде лицейлер тұрғанын кім жоққа шығарады? Бүгінгі күн ертең тарих. Бүгінгі біздің ісіміз ерте ме, кеш пе бәрібір ертең ашылады. Сонда қандас бауырларымызға теріс айналып, «күл болмаса, бұл болады» деген иттігіміз бір бұрыштан атып шықпасына кім кепіл?! Болашақ ұрпақтың алдында сонда қара бет боламыз ғой, ағайын-ау. Өткенге көз жүгіртіп қарап отырсам, 26 жылда түрік ұстаздардан жақсылықтан басқа еш жаманшылық көрмеппіз. Олардың артынан ерген сыпсың сөз, ғайбат әңгіме болмапты. Керісінше мақтау мен мадақ. Қазақтың атын әлемге танытты ол білім-тәрбие берген қарадомалақтарымыз. Мына жайтті тағы қайталағым келеді, 13.03.1952 жылы сол кездегі Түркияның Премьер-министрі А.Мендерес Пәкістанға арнайы ұшақ жіберіп, босқын болып тоз-тозы шыққан қазақтарды бауырына басты. Не үшін? Бауырластық қаны үшін. Түркі жұртының бірлігі үшін. Досқа таба, дұшпанға күлкі болмау үшін. Қай ел осындай бауырмалдық көрсетіп еді, айтыңыздаршы! Кеңес үкіметінің қаһарына ұшыраған 1840 арып-азған, жүдеген қазақ бауырларына босқын емес, бірден жер,үй беріп құшақ жайып азаматтық беруі ерлік емей немене? Осы бір ерлігімен Түркия премьер-министрі тарихта қалды! Алла тағала жатқан жерін жайлы, топырағын торқа етсін! Бүгінгі біздің шенеуніктер ондай ерлік жасамақ түгілі, елімізге келіп, елеулі еңбегімен еленген түрік бауырларын қыспаққа алып, тоз-тоздарын шығаруға ат салысып жатыр! Отбасымен бірге есептегенде бар болғаны 540 түрік бауырларымыз бар екен осында. Бұл өкініш емей немене?! Бұл да тарихта қалатын оқиға болмақ! Бірақ кім қандай ісімен, қандай беделімен қалады?… Елбасымыз айтқандай қандай ел болса да тереземіз тең иықтас серіктеспіз.. Осы арада қара бір қара күш еліміздің аты затына, елбасымызға нұқсан келтіріп, қарсы жұмыс істейтін сияқты болып көрінеді. Бәрі Алладан, тарихтан ештеме жасыра алмаймыз. Осындай қиын шақта аз ғана түрік бауырларымызға қамор бола алмасақ әлемге күлкі боламыз ғой. Осы сәтте тарих қатпарынан Отырардың күйреуі есіме түсе береді…. Мына бірнеше оқиғалар менің жанымды қатты күйзелтті. Жүрегім жылады. Немеремнің сүйікті ұстазы болған түрік азаматы шарасыздан екі жас баласын әйелімен уақытша тастап, АҚШ-қа босқын болып кетті. Екі көзі жасқа толған, жүрегі мұңға кілкіген байғұстың сондағы кескін-келбеті әлі көз алдымда. Айтқан сөзі де құлағымда тұр: «Апай, еш амалым жоқ. Қазақ еліне ризамын, бір баласындай болдым, осында үйлендім, екі балам дүниеге келді, еш кінәм жоқ жасаған, визаны созбады қайтейін. Түрік тілінің мұғалімімін, басқа еш тілді білмеймін, қазақ тілі менің өз ана тілім болып кетті ғой. Ал туған елге бара алмаймын. Қазақстанға жасаған еш қиянатым жоқ еді. Қайтейін…» деп солқылдап жылағанда мен де, басқалар да еңіреп қоштасты… Одан кейін Эркан бей деген азамат Германияға босқын болып кетті. Осыдан 22 жыл бұрын ұстаз болып келген Қазақстанға, Көкшенің қызымен бас қосып 5 бала сүйіпті. Бұл жігіт әйелінің анасын өз қолына алып, анасындай мәпелеп отыратын. Талай бірге болдық қой, керемет білімді ұстаз еді. Оныңда еңірегенде етегі жасқа толып, «біз қай қылығымыздан осындай күйге түстік» деп қынжылғанда кірерге тесік таппадым ғой. Байғұс сол Эркан бейдің бала шағасы елде еңіреп қалды. Германияда тәртіп бойынша сот болыпты. Қазақстанда алған марапаттарымен, өмірбаянымен танысыпты. Сот сонда оның еңбегіне, біздің билікке таң қалыпты. Әйтеуір шүкір, неміс ағайындар алғашқы жеңілдіктерін жасап, отбасын алдырады екен Германиядан. АҚШ-тағы Майклмен, Германиядағы Ганспен менің еш ортақ туысқандығым жоқ қой, апа» деді ол қазағын қимай. Бұл біздің Қазақстандағы жағдай. Ал Түркиядағы 17 мыңнан астам әйелдің500 астам баланың тас қапаста болуы нені көрсетеді? Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргінде  құрбан болғандарды еске алып, елбасымыз «Алжирге» барып тағзым етіп, құран бағыштады. Аллаға шүкір дей тұрып,«Аналардың зарына құлақ түр, әлем!» http://elana.kz/6857415877-2/ деген мақала жаздым биыл. Ол газетте де, сайтта да жарияланды.

 

Сонда тек Түркияда болып жатқан қазіргі қуғын-сүргінді тілге тиек еткенмін.

Иә, мұндай мысалдар, көңілсіз оқиғалар әлі толастар емес. Елбасымыз «Сыртқа тамаша мамандарымызды, адамдарымызды жібермейік» деп шырылдап қаншама мәрте айтты. Ал біз болсақ қолдарындағы қаруы, ғажайып білімі мен иманы бар бауырларды қолымыздан босқын етіп, шетелге асырып жатырмыз. Cонда бейбітшілікті сүйетін Қазақстанның имиджі кемімейме ме, әлде…?! Пана болуға жарамай отырмыз ғой. Сонда торғайға пана болған бұта ғұрлы жоқпыз ба? Тіпті екі министрлік те қауқарсыз болып отыр. Осы жылдың басында ғана мәлімдеген сөздер, уәделер қайда қалды?! Бүгінгі түрік ұстаздардың кешіп жатқан күйлері осындай. Оларды аяудан, есіркеуден пайда жоқ. Оларға қолдау керек, рухани демеу керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген атам қазақ. Менің Елбасыға жазған хатымды оқып, оған шын тілектеріңізді білдіріп жатқандарыңыз үшін тағы да басымды иіп алғыс айтамын. Түбі бір түркінің ынтымағы ажырамасын деп тілейік. «Бөлінгенді бөрі жейді» емес пе? Бір болайық. Тағы да қайталап айтамын, ауыртпалық туғанда бір-бірімізге араша болайық, елдігімізді, азаматтығымызды көрсетелік, ағайын! «Көптің тілегі көл» Елбасына жетіп, жақсы хабар болатынына сенімім зор.

                                                                                             Құрметпен: Сәуле Мешітбайқызы