«Ел жүрегі — Астана» би фестивалі өтті

Маусым айының соңында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сінің ұйымдастыруымен Сұлтан Бейбарыс алаңында «Ел жүрегі — Астана» Елорданың 20 жылдығына арналған Атырау облысының этномәдени бірлестіктерінің би ұжымдарының және облыстық шығармашылық би топтарының фестивалі өткізілді.

Шараның мақсаты: этномәдени бірлестіктердің жастар биінің стилін танымал ету және одан әрі дамыту, ұжымдар арасындағы шығармашылық байланыстарды кеңейту, заманауи әлеуметтік би өнері, салауатты өмір салтын насихаттау, бір-біріне құрмет көрсету, шығармашылық әлеуетті дамыту және кез келген адамның өзін-өзі таныту.

Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, қала тұрғындары мен қала қонақтары және БАҚ өкілдері қатысты.  Фестиваль барысында  «Иверия» грузин, «Татулық» татар-башқұрт, «Таврос» армян, «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің «Уралочка», «Былина» орыс этномәдени бірлестіктерінің вокал ансаблі, «Жұлдыз» халықтық би ансамблі, «Тропикана» мектеп-студиясы, «Арабеск» би мен гимнастика мектебі, «Жібек жолы» хореографиялық ансамбльдері халық билерінің алуан түрін бір сахнада көрсетті.           Сондай-ақ би топтарынан бөлек жеке орындауда ән шырқалды. Соның ішінде Астана құрдасы, халықаралық, республикалық, облыстық фестивальдарының жүлдегері, жас талант иесі  «Таврос»  армян этномәдени бірлестігінің мүшесі Лиана Плузянның «Саржайлау», «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің өкілі Ани Цатынянидің «Туған жер» әндері орындалып қазақ еліне деген шексіз махаббатын жеткізді.

Шара соңында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Хатшылық басшысы Г.Шәкірова Астана күнімен құттықтап, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

    Атырау облысы әкімі аппаратының    

«Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметі