«Eларна» елдің арнасына айнала ма?
Осыдан төрт ай бұрын отандық киноға арналған «Еларна» атты тұңғыш телеарна ашылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдіраштың пікірінше, бұл арна басымдықты қазақ тіліне беру керек. Осы ойын кинорежиссер «Еуразия» XIII халықаралық кинофестивалі аясында өткен аталмыш телеарнаның тұсаукесерінде жеткізді.
«Еларна» – қазақтың сөзі. Бұл елдің арнасы деген мағынаны білдіреді. Сондықтан арна басшылығы қазақ тілінің мәртебесі мен абыройын көтеруге еңбектенуі тиіс. Бұл жалпы қазақтың ісі болғаннан кейін телеарналар да бұдан тыс қалмауы керек. Мәселен, «Балапан» телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде таралып жатқанына өзімнің көңілім толады. Бірақ әзірге орыс тілін басқа елдермен қарым-қатынас көпірі ретінде пайдаланып келеміз. Ағылшын тілі де солай. Қазақстанда ана тіліміздің мәртебесі әлі өз деңгейіне көтерілмеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы идеяларды да қазақ тілін көтермей, жүзеге асыра алмаймыз. Себебі ұлттың өзегі – өзінің ана тілі», — деді кинорежиссер.
Телеарнамен таныстырған «Еларнаның» шеф-редакторы Камила Қамназарованың айтуынша, бұл күндері телеарна 60 пайыз қазақ тілінде, 40 пайыз орыс тілінде таралып отыр. Эфир уақытының 80 пайызы толық метражды көркем фильмдерге тиесілі. Жұмыс күндері көркем және деректі фильмдер кестеге сай қойылған. Ал демалыс күндері телехикаялардың үш-төрт бөлімі нон-стоп режимінде бірден көрсетіледі.
Деректі фильмдерге де үлкен мән беріледі. Олар «Хабар» агенттігі мен «Қазақфильм» киностудиясы және Кинофотоқұжаттар мұрағатынан алынады. Қазіргі таңда фестивальдерге арналған кинотуындылардың, қысқа метражды және жас режиссерлер фильмдерінің каталогы жасалуда. Сондай-ақ, тәуелсіз, авторлық киноайдарына материалдар жинақталуда.
«Болашақта «Орталық Азия киносы» айдарын ашпақпыз. Өйткені осы аймақ режиссерлерінің фильмдері танымалдығын арттыруда. Сюжеті, идеясы жағынан бұл фильмдер көрермендерге қызықты болады деп ойлаймын. Күзде кино жайлы арнайы жобаны бастаймыз. Онда кино түсіру алаңдарынан репортаждар таратылып, киноны дамыту мәселелері талқыланады. Ал келесі жылы деректі фильмдерге арналған жобаны қолға аламыз. Осылайша кино мен көрермендер арасында көпір орнатпақпыз. Киноиндустрия шеберлері мен әуесқой режиссерлерге де телеалаң ұсынамыз», — деді Камила Қамназарова.
«Еларна» телеарнасы кинопремьера өткізіп үлгеріпті. «Алашфильм» компаниясы түсірген «Үт» фильмін осы компанияның бас продюсері Бейбіт Бисекеш таныстырды. «Қазақта «Үт болмай, құт болмайды» деген мақал бар. Үт кезеңінде күн шуағы молаяды. Яғни, бұл кезең қазақ даласына көктем келгенін білдіреді. Біз табиғат құбылысын адам сезімімен астастыруға тырыстық. Сондағы айтар идеямыз – адам қарым-қатынасында жылылық жоғалса, қоғам да кері кетеді. Фильмде басты кейіпкерлерді Мұрат Тоқашбаев пен Кәмшат Жолдыбаева сомдады. Режиссері – Кенжебай Күзембайұлы, сценарий авторы – Асыл Құдайбергенов» деді ол.
Телеарнаның таныстырылымында кино саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. «Қазақфильм» киностудиясының режиссері Сәкен Текеев киноны көрерменге жеткізу мәселесін қозғады.
«Бізде қазір кинопрокат жоқ. Деректі фильмдердің көбісі киностудияның мұрағатында шаң басып жатыр. Сол фильмдерді алып, эфир арқылы таратсаңыздар», — деді режиссер.
«Мен Әмен Қайдаров ағамыздың соңғы шәкірттерінің бірімін. Телеарналар анимациялық фильмдерді көрсетіп қана қоймай, оның дамуына үлес қосуы керек. Түптің түбінде, бұл ұрпақ тәрбиесіне барып тіреледі. Анимациялық фильмдер қалай жасалатынын, жалпы қалай басталып, қалай аяқталатынын көрсететін тележоба керек. Оған өзім атсалысудан қашпаймын. «Қазақфильм» киностудиясында елу шақты мультфильм жатқанын білем. Бұл – мемлекеттің ақшасына түсірілген мультфильмдер. Яғни, мемлекеттің меншігі. Соларды алып, эфирге жіберу қажет», — деді «Анимациялық фильмдер» ассоциациясының басшысы Ғали Мырзашев.
«Еларна» шеф-редакторы бұл мәселе талқыланғанын, болашақта анимациялық фильмдерге қатысты жоба басталатынын жеткізді. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Театр, кино және ТД» факультетінің оқытушысы Талғат Тайшанов факультет студенттері арасында кино түсіретіндері де бар екенін, сол фильмдерді «Еларнадан» көрсету мүмкіндігі жайлы сұрап, жастардың телеарнаның тапсырыстарына қатысуға ниетті екендігін айтты.
Владимир Ленин «Кино – идеологияның басты құралы» деп қателесіп айтпағанын бүгінгі күн көрсетіп отыр. Жалпы алғанда телеарналардың мемлекеттік саясатты жүргізуге тигізер ықпалы зор. Бұл тұрғыдан алғанда, «Еларна» телеарнасы ашылғанда көбіміз қуандық. Оған қойылып отырған басты талап – киномамандары мен қарапайым көрерменнің көңілінен шығу. Басқосудан түйгеніміз, жас телеарнаның алдында әлі ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
elorda.info/kk/zhanalyqtar/madeniet/elarna-eldin-arnasy-bola-ma/