Елбасы «Алтын бала» деп атаған жас ғалым Қуат Есенов туған еліне сапарлап келді
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жерлесіміз, Google компаниясының қызметкері Қуат Есеновпен кездесу өтті.
Шараға жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары және Қуат Есенов білім алған дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Мейманмен кездесу еркін форматта өтті. Жиналған қауым Google компаниясының қызметі, Қуаттың жеке өмірі туралы сауалдар қойды. Жастар жағы болса, өзінің болашақтарын бағдарлау бойынша кеңес алды.
Өзінің АҚШ-тағы өмірі туралы айта отырып, Қуат Есенов ештелдік компанияларда жұмыс істегісі келетін жастар үшін ең алдымен ағылшын тілін жетік меңгеру қажет екендігін айтты.
– Егер, Сіз шетелдік компанияға жұмысқа тұрғыңыз келсе, ең алдымен ағылшын тілін білуіңіз қажет. Сонымен бірге, заманауи технологияларды меңгеру қажет. Әлем неұрлым ашық болып келеді. Кез келген ақпаратты ғаламтордан алуға болады. Ең бастысы, аадмның өзінің құлшынысы болуы керек, — деді Қуат Есенов.
«Туған еліңізді сағынасыз ба?» деген сауалға Қуат Есенов әзілмен астарланған жауап қайтарды.
— Әрине, мен туған елімді сүйемін. Қазақстаннан екендігімді мақтан тұтамын. Америкада мен қазы мен қымыздың дәмін сағына еске аламын. Кездесуден соң Қуат Есенов ПМУ-дің коворкинг-орталығы мен өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде болып қайтты.
Айта кету керек, Қуат Есенов – халықаралық математикалық олимпиадалардың жүлдегері. Оның қоржынында Шотландия (Глазго, 2002 ж.), Жапония (Токио, 2003 ж.), Грецияда (Афины, 2004 ж.) өткен білім додаларының жүлделері бар. Ол АҚШ-тағы Массачусетс штатының (Massachusetts Institute of Technology, MIT) технологиялық институтын тәмамдаған.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оның «Алтын бала» деп атаған. Оның есімі 9-11 сынып аралығында алты алтын, бір күміс және бір қола медальге ие болған ең білімді оқушы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
Әлихан Рахметоллаұлы