Елбасы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Келе жатқан көктем мен жақсылықтың мерекесі — Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Менің Жарлығыммен Наурызды үш күн тойлайтын боламыз. Бағзы заманнан келе жатқан мереке Тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Тәуелсіздікті алғалы бері осы Наурызды атап келе жатырмыз. Бұл мейрам түбінде біздің жаңажылдық мерекеміз болады. 1 қаңтарды I Петр Батыс Еуропадан алып келген еді. Оны да тойлаймыз. Бірақ біздің негізгі мерекеміз — күн мен түннің теңелетін, табиғат оянатын кез», — деп атап өтті Н.Назарбаев.
Бұған қоса Елбасы Тәуелсіздік жылдары ішіндегі халықтың жағдайын жақсартуға арналған маңызды мәселелерді еске салып, әлі де атқарылар шаруаның көп екенін ескертті.
«Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде біз көп шаруаны бітірдік. Оның барлығы ел бірлігінің арқасы. Қазірдің өзінде әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты бізде арнайы бағдарламалар бар. Технологиялық революция деп жатырмыз. Оған да арнайы бағдарлама бар. Рухани жаңғыру бағдарламасын осыған дейін атап өттім. Жақында мен халыққа «5 әлеуметтік бастама» туралы үндеу жарияладым», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Елбасы бүгін Астанадағы Конгресс орталығында Наурыз мейрамына арналған «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» атты жаңа мюзиклді тамашалады.