Елбасы мақаласын неге «мемлекеттік бағдарлама» ретінде қабылдамады?
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «жыл мақаласы» атына лайық десе болады: себебі, біріншіден, мақала көтерген мәселелер тарихи маңызы жағынан мемлекеттік бағдарлама жүгін көтеріп тұр, екіншіден, онда ұлттық рухани-мәдени құндылықтарға басымдылық беріле отырып, ұлт дамуын замана сипатына сәйкестендірудің бағдарлы жобасы ұсынылады. Әрине, ұлттар мен халықтар, мемлекеттер арасында бәсекелестік артқан заманда, соған сай мемлекеттік жоба қабылдауға да болады. Көптеген мемлекеттерде ол бар да. Бірақ Елбасы бұл мәселелерді Бағдарлама ретінде емес, мақала түрінде халыққа жария етті. Не себептен? Енді, осыған, яғни Елбасы мемлекет дамуына жаңа серпін беретін өзекті мәселені мақала күйінде берді деген сұраққа тоқталайық:
Біріншіден, бұл Елбасының көреген саясаткерлігінің көрінісі десем, артық айтқан болмайды. Өйткені ол өзінің әрбір сөзі қоғам тарапынан, атқарушы билік тарапынан «іске бастама» ретінде қабылданатынын жақсы біледі. Сондықтан да ол қоғам бірлігі үшін нәзік мәселе болып табылатын осы сұрақты қоғамдық тұрғыда, яғни «қоғаммен ақыл-кеңес алмасу» тұрғысында ұсынып отыр. Оның нәтижесінің қандай болғанын бүгінде бәріміз жақсы білеміз: мақала көпэтносты және әртүрлі көзқарастағы қоғам тарапынан да, көптеген жағдайларда ұлттық мәселеде «әлсіздік» танытатын билік тарапынан да бірегей қолдау тапты. Қазір ондағы көтерілген мәселелер қарқынды жүзеге асырыла бастады…
Екіншіден, Қазақстандағы көпұлттылық жағдайда толерантты ұлтаралық қатынастарды қалыптастыру, елімізде татулық пен бірлікті нығайту тәжірибесі көп елдерге үлгі болып отырғаны, сонымен бірге, «көз тігіп» отырғаны жасырын емес. Міне, осындай жағдайда оны «мемлекеттік бағдарлама» ретінде қабылдар болсақ, онда ол сырттан, кейде өз арамызда табыла кететін ниеті таза еместердің нысанасына айналып, небір дақпырттың туындауына жол ашуы ғажап емес. Сондай қадамдарға жол бермеу үшін де Президент мәселені алдымен «халықтық талқылау» арнасына саналы түрде бұрған десе болады.
Үшіншіден, одан өзге, бұл мақала мемлекет құрылысы үшін маңызды мәселелерді қамтиды. Олар: а) мемлекет құрудағы халық жауапкершілігі әрі ролі; ә) мемлекеттегі адами капиталды жетілдіру, әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлтты қалыптастыру.
Төртіншіден, әрбір мемлекет дамуы барысында белгілі бір іргетасқа сүйенеді. Олар экономикалық және рухани салалар деп бөлінеді. Біздің осы төңіректе әлі де белгілі бір тұрақты даму қалыбына түсе алмай, ұлттық құндылықтар сабақтастығын жалғастыру тұрғысынан «шаршай» бастағанымыз байқала бастаған-ды… Әрине, оның біршамасы бізге тәуелді емес факторларға байланысты. Дегенмен, қазіргі кездегі еліміздегі елеулі өзгерістер бұл бағытта батыл қадамдар жасайтын кез келгенін білдіруде. Соның бірі әрі маңыздысы халқымыздың демографиялық құрылымының өзгеруінде жатыр. Ұлттық демографиялық көрсеткіштердің артуы мемлекетте мәдени-рухани құндылықтар іргетасы ретінде ұлттық мәдениет пен ерекшеліктерді алға шығара бастады. Бүгінде ол өзекті бола түсті. Сондықтан ол мәселелерді дер кезінде «жұмсақ түрде» шешіп отырмасақ, ол ертеңдері түсінбеушілік туғызып, қоғам мен мемлекет дамуына кедергілер туындатуы әбден мүмкін болар еді. «Ауруын жасырған өлер» дегендей, оны жоққа шығаруға болмайды. Міне, мақала сол себепті де дер кезінде жазылып отыр.
Мақалада жоғарыда айтылған ойдың дәлелі ретінде екі мәселе ашық аталған: біріншісі — «бәсекелестік», екіншісі — «прагматизм». Не себептен? Енді осыған аздап түсініктеме бере кетейік:
Жалпы, біріншіден, әлемдік ғылыми айналымда, халықаралық саясат тәжірибесінде «бәсекелестікке қабілетті халық» деген ұғым бар. Бұл ұғым көп нәрсені аңғартады. Шынында да, маңайымызға қарайтын болсақ, онда, қазіргі заман талабына сай дамыған халықтар ғана индустриялық ортаны, кәсіпкерлік пен инновацияны, жаңа технологияны дамытуда алға шығып жатыр. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Бұл сол елдердегі тиянақты жүргізілген «халықтың рухани потенциалын, күш-жігерін жаңа талаптарға бағыттау» саясатының жемісі екенін көреміз. Сөйтіп, ол халықтар тарихи жаңа кезеңге іштей түлеп, жаңарып, оған үлкен дайындықпен келуде және заманмен бірге өздері де үздіксіз жетілуде. Яғни, басқаша айтсақ, дамуға бет алған мемлекет бұл процесті ешқашан стихия жетегінде жібермеуі қажет. Жіберер болса, оны алда үлкен қателіктер күтіп тұрары анық. Бәсекеге төтеп беруге қабілетті халықтар, ұлттар ғана өз мемлекетінің дамуына деген жауапкершілікті мойнына жүктей алады. Әлем «тобырдан» ештеңе күтуге болмайтынын әлдеқашан ұққан!
Екіншіден, біз өзіміз үшін «Прагматизм дегеніміз не?» деген сұрақтың мәнін анықтап алу қажет. Себебі көпұлттылық жағдайында халықты біріктіретін де, оны жұдырықтай жұмылдыра алатын да бір ықпалды күш бар, ол — кәсіпкерлікті дамыту. Кәсіп дамыған ортада мықты ұжым қалыптасады, ондағы адам сапасы ұлтына, не діни сеніміне қарап емес, адамның кәсіби шеберлігіне және адами келбетіне қарап анықталатыны белгілі. Олай болса, әрбір өңірде кәсіпкерлік неғұрлым дамыған сайын, ол жерде ғылым мен білімге, іскерлікке, жаңашылдыққа деген сұраныс та артады. Кәсіпкерлік дамыған сайын адамдардың өмір сүру сапасы артып қана қоймайды, адамдардың белсенділігі де артып, нәтижесінде олар өздері өмір сүріп отырған ортаға деген көзқарастарын да өзгертеді. Сонда ғана ортаны, яғни өмір сүріп отырған «үйімізді» жетілдіру, оны өмір сүруге қолайлы ету бүгінгі қалыптасқан «әкімшілік жауапкершілік» шеңберінен шығып, «бүкілхалықтық бастамаға» айнала алады. Мінеки, Елбасының айтып отырған «прагматизмінің» мазмұны да, көздеген басты мақсаты осы ма деймін.
Осы жолда әкімшіліктер өз жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру арқылы бел шешіп іске кіріссе, өздері жауапты аймақтарда көптеген жетістіктерге қол жеткізе алады деп сенемін…
Осы тұрғыда айтар бір сөз бар: ол — еліміздегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту картасында әрбір ауданның ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, кадрларды даярлау мәселесі, мамандыққа бағыттау жобалары халыққа түсінікті және қолжетімді болса деген тілек. Әрине, бұл шараға еліміздің «Кәсіпкерлік палатасы» кірісіп, кәсіпті дамытудың методикалық негіздерін анықтап берер болса, іс қазірге қарағанда әлдеқайда ілгері басады. Себебі елімізге алыс-жақын шамада қажет кәсіпкерлік түрлерін, өндіріс орындарын, оған қабілетті бизнестік ортаны қалыптастыруды мемлекеттік тұрғыда анықтау, оның перспективасын мемлекеттік мүддеге сай түзу тек мемлекеттік органдардың әлеуетінде екені рас. Осы бағытта «Рухани жаңғыру» сөзден іске айналуы үшін барлық мемлекеттік құрылымдар өз жұмыстарын өзара және халықпен жан-жақты үйлестіріп отырғандары абзал дер едік. Міне, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан біз түйген ойлардың бір парасы осы!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ.
(Алматы қаласы).