Елбасы мораторийді қолдаса, Жер мәселесі шешімін таба ма?

Табаны күректей 3 ай бойы жұмыс жасаған Жер реформасы жөніндегі комиссия жерге қатысты талай былықтың бетін ашып берді. Халыққа тигізген бірінші пайдасы сол. Дүйім жұрттың екінші жетістігі: «Жыламаған балаға емшек бермейді» демекші, өз құқықтарын талап еткен жұрттың наразылығы елбасының қолдауына ие болғаны.  Бұл көрініс —  «халық қаласа хан астындағы атын соятынын» әйгілеп берді. Артынша Президенттің тікелей араласуымен жер комиссиясы құрылды. Осының арқасында арнайы іріктелген, халыққа танымал, бір айтары бар сарапшы азаматтар тарапынан комиссия отырыстарында түрлі пікірлер мен сан алуан ескертпелер қамтылды. Олар да өз кезегінде жер мәселесіндегі түйткілді проблемаларды шешуге ат салысты. Бұл әрине қуанарлық жағдай. Ең бастысы — Жер комиссиясы отырыстарында Үкімет мүшелері мен қоғам белсенділері арасында  «жаға жыртысып, жұдырық ала жүгіру» болмағанымен, ащы сындар мен ауыр мәлімдемелер  айтылғаны шындық. Жеке бастың емес, тұтас ұлттың  тағдырына қатысты мәселе болғандықтан, ой еркіндігіне ешқандай шектеу қойылмады. Бәрі ашық, жария болды. Көзі қарақты жұрт бәрін көріп, біліп отырды. Сондай-ақ, қарапайым халыққа беймәлім болып келген, өзге елдердің жерге қатысты тәжірибесі де кеңінен талқыланды. Алайда ортақ шешім табу қиынға түсті. Себебі бізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтаудың жүйесі 2003 жылы, яғни 13 жыл бұрын бекітіліпті. Ал дамыған елдерде әр 3-5 жылда жердің бағасы жаңартылып отырады екен. Ал жерді бағалау жүйесінің әдістемесіне келсек, біздің мамандарымыз топырақты зерттеуде өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы әдістемелерді қолданып жүр.

Ол аз десеңіз, бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының көбісінде жердің төл құжаттары жоқ екені анықталды. Бір қызығы: Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер мониторингі функциясы берілген. Сөйте тұра оны атқаратын мекеме жоқ. Республика бойынша небары 217 ғана жер инспекторы жұмыс істейді. Осы тектес ақсап жатқан мәселелер, әр жерден «құлағы қылтиып» көрініп қалатын кемшіліктер шаш етектен…

 Жер комиссиясында тағы  бір шешімін таппаған мәселе мынау: Жүздеген, мыңдаған гектар жерге иелік еткен кей шенеуніктердің аттары  заңға қайшы деген желеумен ашық айтылмады. Ал қарапайым халықтың жеке тұрғын үй құрылысы  үшін 10 сотық жер алуға кезекте тұрғандары республика бойынша 1,2 млн. адам болып шықты.  Осындай теңсіздіктерге ашынған жұрт Республикалық комиссия отырыстарында жерді жалға беруге тыйым салу туралы мораторийді 5 жылға созуды ұсынды. Бұл халықтың талабы. Бабалар даналығы: «Халық айтса, қалып айтпайды» деп бекер айтпаса керек-ті.

             13 тамыз күні Астана да өткен Жер реформасы жөніндегі комиссияның 9 — шы отырысында көп мәселе қаузалды. Әйтсе де жер мәселесі бір күнде немесе бір айда шешілер қояр түрі көрінбейді. Себебі заңдағы кейбір баптарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмей, «Күлтөбенің басында күнде жиын өткізу» құр айқай мен құрғақ сөзге айналып кеткелі тұр. Оны комиссия мүшелерінің сезіне бастағаны айқын аңғарылды.

Сонымен бұл жолғы жиын несімен есте қалды деген сауалға жауап беріп көрелік.

1. Жер кодексінің бірқатар нормаларына жарияланған мораторий мерзімін 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы халықтың ұсынысы Елбасының қарауына  жіберілді;

2. Жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесулердің нәтижесі мен ұсыныстары ескерілетін болды. Сондай-ақ, жер реформасы бойынша бастамашыл азаматтармен талқылаудағы сұрақтар мен ұсыныстар қаралып 10 тармақтан тұратын шешім қабылданды;

3. Егер Президент мораторийді 5 жылға ұзарту туралы шешімді қабылдаса, онда Комиссияны тарату ұсынылды.

            Бұл жайлы премьер-министрдің орынбасары — Ауыл шаруашылғы министрі Асқар Мырзахметов комиссия жұмысының регламентін бекіту кезінде мәлім етті. «Өңірлердегі қоғамдық кеңестердің отырысында сөз етілген азаматтарымыздың ұсынысын ескере отырып, бүгінгі күні комиссия алдында мынадай ұсынысты айтқымыз келеді. Талқыланған мәселелер негізінде қабылданған мораторий мерзімін 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін созу жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасау басты міндетіміз. Сол мораторий мерзімі созылғаннан кейін, егер де осындай шешім қабылданатын болса, жоғары да айтқанымдай, тиісті дерек қорын қалыптастырып, кейбір туындап отырған сұрақтарға нақты, дәлелді жауап беруге мүмкіндік туады», — деді ол.

Жайшылықта бір қазанда қайнауы қиын Комиссия мүшелерінің ой-пікірлері  бұл бастаманы қолдауға келгенде ауызбіршіліктің ерен үлгісін көрсетті…

«МОРАТОРИЙ УАҚЫТЫН ТАҒЫ БЕС ЖЫЛҒА ҰЗАРТУ — КЕМ-КЕТІКТІ ТОЛТЫРУ ҮШІН ҚАЖЕТ»

            Мораторийді 5 жылға созудың да өзіндік себептері бар көрінеді. Оны ашып көрсетуге тырысып отырмыз. Сол үшін Комиссияның отырысынан кейін Комиссия төрағасы, Үкімет басшысының орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың журналистерге берген жедел сұхбатын ұсынғанды жөн көрдік.

— Бүгінгі жиынмен Жер реформасы жөніндегі комиссия өз жұмысы аяқтай ма?

жер— Егер Президент мораторийді ұзарту туралы шешімді қолдаса, онда комиссия өз жұмысын тоқтатады. Яғни, шешім қабылданса, Жер комиссиясының қажеттілігі шамалы. Өйткені, ары қарай ол жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлігі атқаратын болады. Себебі министрлік жер қатынастары саласындағы құзіретті орган болып саналады. Біз тиісті уақыттың ішінде барлық ұсыныстарды Парламенттің қарауына енгізетін боламыз. Ал Комиссия мүшелері тарапынан қызығушылық болса, онда министрлікке келіп, бірлесіп жұмыс істеуге болады. Ол үшін есік ашық.

— Жер комиссиясы тарапынан халыққа қандай да бір үндеу жасала ма? Жұмыстың қорытындысы шығарыла ма?

— Қайталап айтамын, алдымен Президенттің шешімін күту керек. Сол шешімге қарай біз атқарылған жұмыстар мен қабылдаған шешімдер бойынша түсініктеме береміз.

— Қалай айтсақ та, Комиссия 3 ай бойы жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында басы ашылған қандай мәселелер бар?

— Ең алдымен, ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу мәселесі жайында айту қажет. Комиссия жұмысы барысында соған көзіміз жетті. Өйткені, барлығы осы мәселеге байланысты, яғни жердің кадастрлық құны, жалпы кадастр, одан кейін жердің геоботаникасы, құнарлығы, жерді қалай пайдаланады, осының бәрін реттеу үшін белгілі бір уақыт керек. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлығы жіті бақылауға алу қажет. Оны пайдаланып жатыр ма, жоқ па, тек соны ғана бақыламай, жердің сапасына да ерекше көңіл бөлу керек. Мамандардың айтуынша, кем дегенде, 2 жыл керек. Оған қаржы да қажет болады. Сол себепті, мораторий уақытын тағы бес жылға ұзарту керек деп есептейміз.

— Демек, бес жылда жер жеке меншікке сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді?

— Иә, егер Президент қолдап, Парламент тиісті заң жобасын қабылдаса, онда алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге жалға берілмейді және қазақстандықтарға жеке меншікке сатылмайды.

— Жер комиссиясына ең көп түскен сұрақ жеке тұрғын үй құрылысына қажетті 10 сотық жерге қатысты екен. Егер Комиссияның жұмысы тоқтайтын болса, бұл мәселе тағы да шешілмей қалмай ма?

— Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені бізге түсіп жатқан сұрақтардың 75% жеке тұрғын үй құрылысына жер беру мәселесіне байланысты. Осы мәселені шешу үшін мынандай ұсыныс жасап отырмыз. Заң жүзінде жергілікті атқарушы билікке, яғни әкімдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алуға құқық беру керек. Сонда қалалардың, соның ішінде облыс орталықтары, аудан мен ауылдардың төңірегіндегі жерлерді сатып алып, кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешуге болады. Әрине, одан кейін инфрақұрылым мәселесі бар. Дегенмен, дәл қазір қолбайлау болып отырған мәселе – жерді мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу құқығының жоқтығы. Қазіргі ауыл шаруашылығы жерлерін тек мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарды салуға ғана мемлекет мұқтаждықтарына сатып алуға рұқсат бар.

— Бүгінгі отырыста айтылған Комиссияның шешімдері Парламентке қашан ұсынылады?

— Заң жобасын жасаудың өзіндік тәртібі бар. Бұл ұсыныстар әуелі АШМ қарауына беріледі. Ол жерде құжатталады. Сосын, біз оны бір министрліктің шешімі деп, бірден енгізе алмаймыз. Өйткені заң жасау тәртібіне сәйкес, оны құзіретті мемлекеттік және атқарушы органдарымен келісіп алуымыз қажет. Содан кейін Парламентке енгіземіз. Біздің жоспарымыз бойынша оны көп созбай, неғұрлым тезірек енгізсек, соғұрлым тиімді болады.

   «ЖЕРДІҢ САПАСЫН БІЛМЕЙ ЖАТЫП РЕФОРМА ЖАСАУ АҒАТТЫҚ!»

            Бұл жолғы жиында Жер реформасы бойынша бұған дейінгі атқарылған жұмыстар екшеленіп, нақты ұсыныстар жасалды. Сондай салмақталып, сараланған ұсынымның бірі — ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларына 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтап қалу мәселесі десек жарасар.

            Сонымен қатар, Жер кодексінде ауыл шаруашылығы жерлерін берудің жеке және егжей-тегжейлі регламенттейтін тәртібін белгілеу, ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурс комиссиясының құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің өкілдерін қосу, әкімдіктердің ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі нақты іс-қимылдары тәртібін белгілейтін конкурс өткізу қағидаларын әзірлеу мәселесі де кең қамтылды. 

            Жалға беру мерзімін бизнес-жоспарға сәйкес инвестициялар көлеміне қарай айқындау, оның ішінде, жалдау мерзімін ұзарту туралы шешімді қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің қатысуымен, жерді пайдалану мониторингінің және жалдау шартының талаптарын тиісінше орындалуының нәтижелері бойынша қабылдау қажеттілігін айқындау, жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылай және күшейте отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің үлгілік шартын әзірлеп бекіту, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланудың талаптарын күшейту мәселелері де атап өтілді.

13.08.16-jer-2

Жиын соңында комиссия мүшелері өз ойларын ашық айтып, түрлі көзқарастарын білдіріп жатты.»Жердің сапасын білмей, реформа жасауға болмайды» деген, Жер комиссиясының экономикалық тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығы жерлерінің мониторинг пен кадастр жүйесінде орын алған мәселелерін жіліктеп тұрып анықтап берді. Сөзінің соңында: «қазір біздің ең басты міндетіміз жер сапасының шынайы жағдайын білу. Жердің сапасын білмей, тиімді жүйе қалыптастыра алмай, реформаны қалай жасаймыз?», — деген ол, Комиссияның  президентке ұсынған мораторийін бес жылға ұзарту ұсынысын толығымен қолдайтынын жеткізді.

13.08.16-jer-3

«Жер комиссиясын құру туралы нағыз халықтық шешімді шығарған елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдіруіміз керек» деген Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі депутат Бекболат Тілеухан былайша төгілді: «Бұл еліміздің демократиялануы жолындағы соны үрдіс болды, комиссия бірнеше ай бойы жүргізген жұмысы ауқымды әрі нәтижелі болғанына барлықтарыңыз куәсіздер. Сындарлы сұхбат орын алды. Әрбір комиссия мүшесі шын мәнінде нақты нәтижеге қол жеткізу жолында жұмыс істеді. Сонымен қатар комиссия аясында құрылған 4 жұмыс тобының атсалысуымен көлемді жұмыстар атқарылды. Кұн тәртібіне жер мен халықтың тағдыры шығарылғандықтан, халық тыс қалған жоқ, өз ойларын білдірді. Барлық пікірлер қаралып, сараланды», — деді депутат.

 Сондай-ақ оның пікірі бойынша, жерді жалға беруге қатысты мораторийді 5 жылға созуды қолдау қажет. «Менің пайымдауымша, жерге қатысты түйінді мәселелерді бір сәтте, түбегейлі шеше салу мүмкін емес. Ел мүддесіндегі мәселе де жүйелі түрде қаралуын талап етеді. Өйткені үш айда біз халықтың пікіріне қанықтық, бұқара талабы, халықтың ауаны белгілі болды.  Шынында да 49 жылға беру орнында қалса, шекті мөлшері, жайылым, шабындық мәселелері айтылды. Соның ішінде айрықша елдің көкейінде негізгі жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қатысты, жердің сатылуына байланысты бірден шешіле салатын нәрсе емес, оған мораторий жариялап, оған тоқтауы қажет деген мәселені біз де ұсынған болатынбыз. Алдағы уақытта жерге қатысты мәселелерді байыппен, асықпай, шешімін таппаған барлық мәселелерді шешу бойынша кешенді жұмыс жасауымыз керек. Сонымен бірге енді мына «күлтөбенің басында күнде жиын» жасай берудің қаншалықты қажеті бар деп ойлаймын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасайтын уақыт келген сияқты», — деп сөзін тәмәмдады мәжілісмен.

imgpreview

Жер комиссиясында академик Кенжеғали Сағадиевтің өз орны болғаны даусыз. Алғашында «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» принципін ұстанғандай кейіп танытып, жерді шетелдіктерге жалға беруді қолдап табандап отырып алғанымен, кейінірек пікір сайыс кездерінде  ұтымды ойларымен көптің көңілінен шыққаны да бар.  «Бірінші отырыста қабағымыз қатулы болып, келіспейтіндей пікірлерді арқалап келіп едік. Ал бүгін көпшілігіміз ортақ шешімге келіп отырмыз. Бұл өз кезегінде елдігіміздің, саяси мәдениетіміздің жақсы көрінісі. Осы үшін баршаңызға үлкен рахметімді айтамын ағайын! Расында да біздің бас қосуымыз маңызды әрі нәтижелі болды»,-деп тебіренді ғалым. Оның пайымынша, мораторийді бес жылға ұзарту оңтайлы шешім.

ҮШ АЙ БОЙҒЫ ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫС МОРАТОРИЙДІ СОЗУҒА АРНАЛДЫ МА?

Жер мәселесі бойынша ұсыныстарды талдау үшін уақыт қажет — деген комиссия мүшесі  депутат           Ж.Дүйсебаев та ағынан жарылды: «Менің ойымша, барлық ұсыныстар комиссияда және өңірлерде жан-жақты талқыланды. Осы ретте барлық пікірлер ескерілген сияқты. Бірақ та, бұл ұсыныстардың барлығын шешу үшін уақыт қажет, яғни олардың талдап, қарап шығу керек. Осының барлығы бір күнде шешіле қоймайды, ауқымды жұмысты қамтып отыр. Сондықтан, 5 жылдық мораторий ұсынысын өз басым құптаймын және уақытылы жасалып отыр деп ойлаймын»,-деп нығырлап қойды.

дүйсебаев

Көпшіліктің есінде болар, Комиссияның отырысында Құқықтық топтың жетекшісі Мұхтар Тайжанның адуынды ойлары, тарпаң пікірлері, уытты көзқарастары анық аңғарылды. Осы жиында да ол қарап қалмады. Мораторийді қолдайтынын ашық білдірді. «Халықтың ұстанымына үндес болған» президентке алғыс айтты. «Біздің комиссияның жұмысы жемісті болды деп есептеймін. 3 айдың ішінде тиісті шешімді жасап отырмыз. Менің ойымша, бұндай шешім қабылданса, онда халықтың көңілінен шығады. Себебі, 5 жыл жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді. Халықтың қалауы да сол болды. Ал осы бес жылда біз халыққа керек барлық шешімдерді жүзеге асыруымыз керек»,-деді саясаткер.

Жаста болса бас болуға жарап жүрген Жер комиссиясының мүшесі Дәурен Бабамұратов ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру мен ел азаматтарына жеке меншікке сатуға қойылған мораторийді тағы бес жылға ұзарту туралы ұсынысты қолдайтынын былайша жеткізді. «Қалыптасқан жағдайда ең ұтымды шешім осы болса керек. Сондықтан бұл – халықтың жеңісі, елдің жеңісі. Бұрын көтеріліп жүрген басты мәселелер осы еді. Үш айдың ішінде біз екі тараптың да көзқарасын тыңдадық», — деп атап өтті ол.

Оның пікірінше, ортақ шешім қабылдау үшін уақыт керек екені сөзсіз. «Сондықтан мен мораторийді қолдаймын. Ал енді, бір айдың ішінде комиссия құрамы ондаған, одан да көп тәп-тәуір ұсыныс айтты. Ол ұсыныстардың тағдыры не болады? Осы ұсыныстардың ұтымды болуын, дұрыс жүйеге асуын, ары қарай дұрыс өңделуін, жөнделуін кім қадағалайды, кім бақылайды? Біздің осындай мінберден тағы сөйлеуге мүмкіндігіміз бола ма? Осы сұрақтар мен үшін өте маңызды. Енді, мараторий жариялағаннан кейін комиссия жұмысы тоқтайтыны айдан анық. Ол дұрыс та шығар. Бірақ та комиссияның шешімдерін бақылайтын, іске асыратын, қарап отыратын қосымша бір орган немесе тағы бір комиссия құрылуы қажет екені сөзсіз», — деп сөзін түйіндеді комиссия мүшесі.

            Жоғарыда әңгімелегеніміздей, жер реформасы жөніндегі комиссия үнемі пікір сайыс алаңына айналып отырды. Соны пікірлер, тұшымды ойларға иек артып, халықтың жоғын жоқтаған азаматтардың қатарында АЙДОС САРЫМсаясаттанушы Айдос Сарым да жүрді. Ол комиссия отырысында мораторийды тағы да 5 жылға созуды  қолдаған әріптестеріне: «Үш ай бойы мораторийді ұзарту үшін ғана жұмыс істедік пе?» деп төтеннен сауал тастады. Іле — шала жауабын да өзі берді. — «Үш ай бойғы жұмыстағы біздің бар нәтижеміз мораторийді созу ғана ма? Мұны елге айтудың өзі ұят секілді. Менің ұсынысым, екі-үш топты қалдырып, халыққа осы мәселені түсіндіретін бір құжат әзірлеу керек. Біз үш ай бойы осынша әңгіме айтып, халықпен жүздесіп, енді елбасыға осындай ұсыныс айтуымыз ұят. Сондықтан, мынадай мәселелер бойынша комиссия мәмілеге келді, мына мәселе бойынша бір тоқтамға келе алмады деп басын ашып жазу керек. Тек, дау туғызған жерді жеке меншікке сатуға бола ма, болмай ма деген мәселеге қатысты мораторийді созу туралы ұсынысты елбасыға айтайық. Сонымен қатар, комиссияның белсенді мүшелерін заң жобасын парламентте қорғауға қатыстырайық, осында айтылған ұсыныстар заңға енуі қамтамасыз етілсін», – деп тосын пікір білдірді. Сондай-ақ,  Астананың тап іргесіндегі Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы 27 мың гектар жердің Германия азаматына берілуі туралы да мәселені мұқият зерттеу қажеттігіне тоқталды.

ТҮЙІН

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек: үш айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссия 9 отырысын өткізіпті. Оның 5-і Астанада, 4 отырыс Ақмола, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары тұрғындарымен кездесуге арналды. Басында әр өңірге арнайы барып, халықпен емен-жарқын отыруды көксеген асқақ арман да, кейінірек «шау» тарта бастады. Оған басты себеп: уақыттың аздығы. Одан қалса, ашынған кейбір адамдардың «қызу қандылығы да» отырыстың берекесін қашырғаны анық. Шынын айту керек, алғашында «қалпақпен ұрып алатындай» көрінген жер мәселесі, тереңдеп енген сайын қордаланып қалған проблемаларымен есте қалды. Сан түрлі пікірталаспен жер мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емесі көзге шыққан сүйелдей көріне бастады.

Басында жүзден аса адам қатысып, «қарақұрым ел болып» көрінген жиынның, аяқ жағында сиырқұйымшақтанып, қатарының сиреп қалғаны да рас…

 Соңғы отырыста, қоғамның қызу талқысына түскен кей мәселелер бойынша Комиссияның тиімді жұмыстары мен халық тарапынан қолдау тапқан ұсыныстар  Парламентке  ұсынылатыны көңілге қуаныш ұялатты. Алайда «аузы күйген үрлеп ішетінін» білгендіктен, «Асатпай жатып құлдық ұруға» асықпаған жөн-ау…  

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК