Асқар Мырзахметов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келдi
Орақ алдындағы оң сапар болғай
Биыл Тобыл өңірі үшін көктемгі егіс жұмыстары аса қиындық тудыра қоймады. Алайда жаз ортасында жауған жаңбыр алтын дәннің пісіп-жетілуіне айтарлықтай қолайсыз болғаны анық. Тiптi, солтүстік аудандардың егіс алқаптарына ылғалдың мөлшері тиісті нормадан 2-2,5 есеге артық түскенiн айта кету керек. Тамыздың бел ортасы ауса да, астықты өлкені ауық-ауық төккен нөсер айналып өтіп жатқан жоқ. Дегенмен шаруалардың алдағы күзгі орақтан үмiтi зор. Ал алдағы апталарда аймақтың күнгей аудандары жиын-терімді бастап кеткелi отыр.
Осы аптада Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов негізгі астықты өлкенің бірі саналатын – Қостанай облысына жұмыс сапарымен келдi. Сапар барысында астық жинау науқаны мен ауыл шаруашылығының шағын механизациясын дамыту бойынша солтүстік аймақтарда жиын өтті. Жиынға Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы әкім орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармалары өкілдері, аграрлық сала ғалымдары мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қатысты. Министр егістiк басына барып, орақ маусымына әзірлікті қадағалады. Асқар Мырзахметов сүт өнімдерін шығарушы «Милх» ЖШС-нің зауытына бас сұқты.
Биылғы жылы егіс алқабы 22,1 млн. гектарды құрайды, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 651 мың гектарға көп. Ал жаздық егіс 18,7 млн. гектар.
Асқар Мырзахметов ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Үстiмiздегі жылы АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында егістік алаңын әртараптандыру басталғанын айта кету керек. Зығыр, рапс, күнбағыс, жасымық, ноқат, арпа, сұлы, қант және дәндік қызылша қатарлы қажетті дақылдар алқабы 1 млн гектарға ұлғайды. Әртараптандыру саясаты субсидиялау механизмін өзгертуге оң ықпал етті. Атап айтқанда, гектарлық субсидиядан шектеліп, мемлекеттік қолдауды өнімге және өңдеуге беру арқылы шаруаларға қолдау көрсетіледі.
Биыл тұқым өсіру шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көбейгенін және бұл осы уақытқа дейін белгіленген бюджет шеңберінде жүзеге асқанын айта кеткен жөн. Ең төменгі мөлшердің күші жойылғаны фермерлердің субсидия алуға деген қызығушылығын арттыра түсті. Себебі, ескі сұлба бойынша тұқымның аз ғана бөлігі субсидияландырылып келген еді.
Қабылданған шешім бойынша 2017 жылы сапалы тұқым егу 1,5 есеге ұлғайды. Бірегей тұқымды пайдалану 68%-ға өсті, ал нашар тұқым 1,6 есеге қысқарды. Сондай-ақ жерді тыңайту механизмі де өзгерді. Бұл фермерлерге жерді тыңайтуды елдің сапасы мен бағасына қарай таңдауға және тыңайтқыштардың түрлерін арттыруға мүмкіндік туғызды. Мәселен, 2016 жылы тыңайтқыштарды пайдалану 261 мың тоннаны құраса, биыл бұл көлем арта түсті, яғни, 309 мың тонна тыңайтқыш қолданылды. Жыл қорытындысы бойынша тыңайтқыштарды алдымен енгізу соңғы бірнеше жылда қажеттіліктің 14 % құрайтын болады.
Бұдан бөлек, егіннің фитосанитарлық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Көкқасқа шегірткелер үйіріне қарсы химиялық өңдеу 1,9 млн. гектар аумаққа жүргізілді. Үстiмiздегі жылы республикалық бюджет тарапынан дәнді-дақылдар ауруына қарсы өңдеу шаралары қолданылды. Өңдеу көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 12 есе жоғары. Бұл өз кезегінде дәнді-дақылдар ауруларының таралуын азайтуға әсер етті әрі дәнді-дақылдардың қалыптасуына мүмкіндік туғызды.
Жалпы алғанда республика бойынша биылғы жылы масақты дақылдар орташа есеппен гектарына 12,6 ц жетеді деп болжануда, ал астықтың жалпы жиыны 19 млн тоннадан астам. Астық жинау науқанына 42 мың комбайн тартылады. Оның ішінде 14 мыңнан көбі өнімділігі жоғары астық жинау машинасы, яғни олар астық дақылдарының 70% орып алмақ. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстанда астық жинау науқаны жүріп жатыр. 15 тамыздағы есеп бойынша 38% аумақ ретке келтірілді, бастырылған астықтың алғашқы салмағы 1,8 млн тонна болса, орташа өнімділігі гектарына 20,2 ц құрады.
Осы жылғы күзгі егіс алқаптары жұмысы үшін республика бойынша қажетті дизельдік отын көлемі 393,9 мың тонна деп жоспарлануда, оның ішінде Ақмола облысы үшін 70 мың тонна, Қостанай облысы үшін 76 мың тонна, ал Солтүстік Қазақстан облысы үшін 75 мың тонна.
Жиын қорытындысы бойынша министр облыс әкімдеріне егіс науқанын уақытылы аяқтауға байланысты қабылданатын шараларды дер кезінде жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, астық жинау жұмыстарына техниканы уақтылы дайындауды, шаруашылық субъектілеріндегі элеваторлық-қоймалық сыйымдылықты және тоқ шаруашылығындағы дайындықты аяқтауды жүктеді.
Вице-Премьер жұмыс сапары барысында Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтында болып, ауыл шаруашылығы техникаларының жаңа түрлерімен танысты. Ол осы жылдан бастап отандық өндірушілерден аспалы-тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алу үшін жеңілдетілген несие бағдарламасы іске асырылатынын атап өтті (шағын механикаландыру). Бұл мақсатқа 5,5% мөлшерлемемен 5 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылғанын да айта кетті.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Қостанай облысы.