Елбасы үндеуі – жаңарудың жаңа қадамы
Бүгін облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М. Қалмұратов жүргізіп отырған жиында облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері Елбасы қабылдаған шешімнің маңызын талқыға салды.
Басқосуда сөз алған облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухамедова, облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Нұрысбек Капар-Пур, облыстық «Ынтымақ» этносаралық бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова, «Қазақстанның орыс, славян және қазақ ұйымдары ассоциясы» ОҚО филиалының төрағасы Ю.Кирюхин халықтың талқылауына салынған Конституциялық реформаны Президенттің баршаға белгілі саяси қолтаңбасының жарқын көрінісі деп бағалады.
— Біз тарихи сәтке куә болып отырмыз. Елбасының Конституциялық реформалары туралы үндеуі елді жаңғыртауға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Билік тармақтарының өкілеттіктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді.Облысымыздағы этномәдени бірлестіктер Президентіміздің үндеуін белсенді түрде халық арасында кең ауқымда насихаттауға атсалысады, -деді өз сөзінде облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Нұрысбек Капар-Пур.
*************
Қайрат БАЛАБИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы:
ЕНДІГІ СӨЗ — ХАЛЫҚ ТАЛҚЫСЫНДА
Әу баста іргетасы мықты қаланған үй қандай да болсын табиғаттың тосын құбылыстарына шыдас береді. Егер осы түсінікті мемлекет тұрғысында пайдалансақ экономикалық қуаты күшті Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде мұқым дүниеге белгілі болды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлемдегі кейбір мықты мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолынан өтіп, қай жағынан алсаңызда тамаша табыстарға жеткеніміз әуелі Алла, содан соң Елбасымыздың сындарлы саясаты, оған тіреу болған халқымыздың ынтымағында дер едік.
Осындай жағдайды малданып қала берудің түбінде зардап шектіретінін бажайлаған Президент Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу арқылы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қойды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн екендігін айтады.
Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуді ұсынып отыр.
Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтілмек.
Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады.
Бұл сол сияқты министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.
Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді.
Қазір жаһандану жаңғырығы есігіңізді іштен құлыптап алғанды көтермейді. Көш соңында қалдырып кетеді.
Осының бәрін ой елегінен өткізген Мемлекет Басшысы еліміздің келешегін одан нығайту үшін осындай қадамға барды. Біз Үндеуді толықтай қолдаймыз.
Президент нақтылаған екі бағыт мемлекеттік басқарудың тиімділігін артыратындығы сөзсіз. Сондықтан, жұмысшы тобына қоғамдық талқылауға шығарылатын сұрақтарды барынша зертеп, нақтылаған жөн болар еді.
Заман бір орында тұрмайды. Жаһандық қауіп қатерлер әлемдегі мықты саналатын талай мемлекеттердің қабырғасын күйретпегенімен айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Үндеудегі байламда Елбасы реформаларды уақытында қабылдауды ұсынып, еліміздің болашағын кемел етудің тетіктерін ұсынды.
Ендігі сөз — халық талқысында.