Елбасы жолдауы білім саласына жан бітіреді

Айгүл СӘДУАҚАСОВА, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Этносаралық және конфессияаралық қатынастар зерттеу орталығының жетекшісі: Білім саласына жан бітіреді

– Биыл еліміз жаңа өнеркәсіп­тік кезеңге аяқ басады. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы халыққа Жолдауында осы жаңа кезеңдегі атқарылуы керек шаралардың жоспары белгіленіп, жұрт назарына ұсынылды. Яғни, бұл құжат – Үкіметтің бір жыл бойы жүзеге асыратын іс-шараларының жинағы.
Президент Жолдауда әлеуметтік қолдауды бәсеңдетпейтініне баса назар аудартты. Мәселен, Жолдаудың жетінші басымдығы адам капиталы тақырыбына арналды. Елбасы жаңғырудың негізгі факторы ретінде адам капиталын алға тартты. Мұнда білім беру мен ғылыммен айналысудың тың тетіктері тілге тиек етілді. Яғни, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігі айтылды. Келер жылы мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселесі де көтерілді. Жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектесетін заманауи технологияларды енгізу ісі де назардан тыс қалмапты. Өткен жылы білім саласында ең көп талқыланған мәселелердің бірі – үштілділік екені белгілі. Мемлекет басшысы «Қазақстан­дықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деп атап өтті.
Мемлекет басшысы ғылым саласына да көп көңіл аударған. Бұл сала, әсіресе Жоғары оқу орындары шетелдік жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен, ірі кәсіпорындармен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру тиістігі айтылды. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар берілді. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу хақында жақсы ұсыныстар айтылды. Менің ойымша, бұл – білім мен ғылым саласы мамандарына беріліп отырған зор мүмкіндік. Бір қуантарлығы, бұл Жолдауда мұғалімдер мәселесіне де назар аударылған. Білім беру ісіне толыққанды көңіл бөлмей тұрып, саяси-экономикалық, инновациялық тұрғыда дамуды мақсат етуіміз бекер деп есептеймін.