Елбасы жолдауы: Қазақ тілін дамыту – үлкен мақсат

Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: Қазақ тілін дамыту – үлкен мақсат

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы – еліміздің болашағын бағдарлайтын, үлкен мақсаттар мен межелерді белгілеген маңызды құжат. Жолдаудың ерекшелігі – мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, дүниежүзілік жоғары стандарттарға сәйкес өндірісімізді, ғылымды дамытуға басымдық беруінде. Бүгін әлемде инновация, жаңа технологиялар, жасанды интеллект заманы орнағаны белгілі. Осы тұста Жолдау еліміздің ілгерілеуге, дамуға іргетасын қалауға негіз болады деп ойлаймын.
Жолдауда қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату, терминология мәселелері жақсы қамтылды. Қазақ тілі – ілгерілеудің ұйытқысы. Терминологиялық лексикалық қор әдеби лексикалық қорымыздан мың есе көп. Бұл – 150-ден астам тармақтардан тұратын ауқымды қор. Сондықтан терминологияны дамыту мемлекеттік тұрғыда жоспарлы әрі жүйелі қолға алыну қажет. 20-25 жылда ең көп дегенде 25 мың терминді бекіттік. Химия, металлургия, филология сияқты 50 терминологияның негізгі салаларын алсақ, әр сала бойынша кемінде 15 мың термин керек. Яғни, бізге 500 мыңға дейін жаңа термин қажет. Демек, терминоло­гиялық жұмыстар елімізде әлі де өз деңгейінде қолға алынып отырған жоқ.
Халықаралық терминдерді қабылдау – аса маңызды мәселе. Кез келген терминді өзімізге сіңіруде фонетикалық, лексикалық, морфологиялық заңды­лықтарымызға бағындырған жөн. Қазір ең басты мақсат – 50 сала бойынша терминологиялық топтар құруымыз қажет. Аудармашы, филолог, әдебиетшілер ғана емес, әр саланың мамандарын тартып, біріге жұмыс істеп, сөздіктер құрған абзал. Бұл терминдер сараланып, Тіл институтынан сарапқа алынған соң Терминкомға өткізілу керек. Бекітілген терминдер БАҚ құралдары, интернет арқылы жұртшылыққа таралуы қажет. Термин жасау барлық сөздерді қазақыландыру емес, халық­аралық қағидаттарға сәйкес нормаларын сақтай отыра өзімізге бейімдеу. Бүкіл дүниежүзінде мамандарға ортақ терминдер әлбетте, сақталғаны жөн. Осы салада үлкен жұмыстар жасалуда. Бірнеше отырыстар өткізілді. Үкі­мет жанындағы Терминологиялық ұлттық комиссияның жоспары, бағдарламалары жасалды. Сондықтан алда үлкен жұмыстар атқарылады деген сенім бар.