Елбасы жолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстан шешуге тиіс 10 дәуірлік басымдықты нақты түзіп шықты.
Бұл ретте Мемлекет басшысы қазіргі заманның ілгері оздырар үрдістерін, барша әлемнің озық жетістіктерін өз еліміздің де асыл қазынасына, іргелі игілігіне айналдыру үшін оларды тұңғиықтан жақұт тергендей ұқыптылықпен жинап-теріп түсінікті тілмен ұсынып отыр. Демек, әрбір қазақстандық оларға ойлы көзбен қарап, сана таразысынан өткізуі, өзі қосар үлесін әрі нақты ісін бағамдауы маңызды.
Елбасы өз Жолдауында заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді қажет ететін балама, «таза» энергия саласын дамытуға қатысты шараларға жайдан-жай тоқталып отырған жоқ. Біле білсек, кезінде дәл осы сала жаһандық прогресс пен технологиялық революцияның негізіне айналған. Мәселен, ХIV ғасырдан бастап, кит майы әлемдік ірі қалалардағы көшелерді жарықтандыруға кеңінен пайдаланылғандықтан, алып мұхиттарда оларды аулау ақылға қонбас ауқым алған. Ақыры адамзат теңіздегі осы алып сүтқоректі жануарларды жаппай қырып, оларға мамонттардың кебін құштыра жаздады. Тек бертінде, бақытымызға орай, мұнай өңдеу процесінде әлдеқайда арзан және қаупі төмен жаңа материал – керосин ойлап табылды да, кит майы сонымен алмастырылды.
Енді күн, жел және басқа да балама қуат түрлерін игеру арқылы әлем жаңа дәуірдің іргесін қалауда. Жаңа әрі таза энергия – болашақ мүмкіндіктерінің көзі. Елбасы Жолдауда жаңғыратын қуат көздері технологиясында Қазақстанның да елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті. Бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейтінін айтты. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл энергия» өндірілген. Мәселен, қазір Астанада көшені жарықтандыру жел, күн энергиясы секілді табиғатқа еш қатер төндірмейтін, тегін дерлік әрі қалпына келетін қуат көздерімен жүзеге асырылуда. Біз енді бұл бағытта арындай адымдаймыз және жаңа мүмкіндіктерімізге жол саламыз.