ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ 10 БАСТЫ БАҒЫТ  – ЕЛ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ !

 Елбасы жолдауын халық асыға күтетіні анық. Өйткені жеткен жетістіктер мен  болашақта атқарылар іргелі істер молынан қамтылады. Кіріс пен шығыстың да таразыланатыны осы тұс!   Иә, бүгінгі жұрттың көзі ашық, көкірегі ояу. Баяғыдай айлап, апталап сарылып газет – журнал күтпейді. Интернеттен тауып алып, жарыса оқып жатады. Әрине, біз қанша халықтың көз майын тауысып оқығанынан хабарсызбыз. Әйтседе, елбасының мәлімдемесін асыға күткен жұрт көп. Сөйтсек, қазақ елінің «көңіл күйін»  біліп отыратын орталық бар екен. Ол орталық  сауалнама жүргізіп, халықтың белсенділігін анықтапты.

15 қаңтар күні Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстандықтардың әлеуметтік көңіл-күйі: 2017 жылдың қорытындысы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында аталған орталықтың директоры Юлия Кучинская «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеу орталығы жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, бүгінде Қазақстандағы халықтың 71,3%-ы Елбасы Жолдауынан хабардар екенін жеткізді. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деген ойдамыз. Орталық қызметкерлерінің демалыс күндері өткізген блиц-сұрауының нәтижесі бойынша халықтың 71,3%-ы Елбасы Жолдауынан хабардар екенін көрсетіп отыр. Ендігі біздің мақсат – Президент Жолдауының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру. Осы ретте бізге халықтың әлеуметтік көңіл-күйін білу маңызды», — деді Юлия ханым.

Осы ретте өткен жұма күні  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауына қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізгенін айта кеткеніміз жөн.

Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жаңа Жолдаудың Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат екенін қадап айтты.

«Елбасымыздың Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгіленген. Біздің ендігі міндетіміз — әрбір  қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысына деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу», — деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысына елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерін бөлісті. Нәтижесінде Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматын жылдың басты құжатын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.

Осы үндеуге үн қосу үшін, ҚР Парламенті Сенатының екі  депутатының  Елбасы жолдау жайлы пікірін беріп отырмыз.

ЖОЛДАУДАҒЫ 10 БАСЫМДЫҚ ЕРЕКШЕ МАҢЫЗҒА ИЕ!

Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров: Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында ел дамуына қатысты ең негізгі 10 басымдықты атады.

Солардың қатарында заң үстемдігіне ерекше маңыз берілді. Мен 30 жылдан астам судьялық қызметте болған маман ретінде Елбасының заң үстемдігіне үнемі назар аударуының төркінін жақсы түсінемін. Біз 2030-2050 жылдарға стратегиялық даму жоспарын құрып отырған елміз. Осы жылдар ішінде елімізді ең дамыған елдер қатарынан көргіміз келеді. Ал оған қол жеткізу үшін заң үстемдігін орнатудың маңызы зор. Олай болмаған елде –  экономикалық даму болмайды. Соттың әділетті әрі тәуелсіз болуы, құқық қорғау қызметі саласының неғұрлым ашық, қызметі халыққа қолайлы болуы да басты мәселе.

Мен Елбасы Жолдауындағы қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керектігі туралы тапсырмасын бүгінгі күннің қажеттілігі және уақыт тынысын дөп басқан шешім деп білем.

Бұл жарияланған Жолдау – біздің еліміздің одан әрі қарай әлеуметтік, экономикалық дамуына серпін беретін маңызы зор Жолдау деп есептеймін. Парламент қабылдаған заңдары арқылы бұл Жолдауды жүзеге асыруға еңбектенеді деп сенемін.

БҰЛ ЖОЛДАУ — ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫН АЙҚЫНДАЙДЫ! 

Мұратбай ЖОЛДАСБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты: Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы біздің мемлекеттілігіміздің мазмұндық базасына өзгеріс енгізді, Қазақстанның бұдан былайғы дамуындағы жаңа тұжырымдамасының доктринасы болып табылады.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын бәріміз ерекше ықыласпен қабылдадық. Кезекті жаһандық экономикалық дағдарыс қатері өршіп тұрған кезде «…Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» екенін түсініп отырмыз.

Президент қазақстандықтарды толғандырған басты мәселеге «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетстікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деп нақты жауап берді.

Елбасы Жолдауының басты тұжырымында күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарамастан еліміздің негізгі басымдықтары мызғымайтыны, мемлекетіміздің стратегиялық бағдары бұрынғыша қала беретіні айқындалған.

Осынау аса маңызды мемлекеттік құжатта еліміздің ішкі және сыртқы ахуалына егжей-тегжейлі талдау жасалып, өркендеудегі басым бағыттар айқындалды, халықаралық және мемлекетаралық қатынастарға баға берілді, барлық маңызды мәселелер мен қатерлерді шешу жолдары табылды.

Жолдауда еліміздегі барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіруге ерекше мән беріліп отыр. Президент отандастарына барлық қауіп-қатерлерді еңсеру үшін және экономикада, қоғам мен мемлекет дамуындағы жаңа сапалық тұрғыдағы деңгейге көтерілу үшін ой-ниеттер мен іс-әрекеттерді біріктіруге шақырады.

Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды мақсаттарды іске асыру үшін біздің бәріміз күш-жігерімізді біріктіріп, бірге әрекет етуіміз керек.

Нағашыбай Қабылбек