Елбасы Обамаға «Жарылыс» суретін не үшін сыйлады?

             Нұрсұлтан аға Обамаға «Жарылыс» суретін не үшін сыйлады?   

              немесе «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі адамзатқа не береді?

 

                                     Тірі қалу үшін күресу керек!

Кәріпбек Күйіков сынды батыр да өнерлі азаматтың «Жарылыс» суретін енді Обамадан бастап бүкіл әлем білетін болады. 31 наурыз бен 1 сәуір арасында Вашингтонда өткен әлемдік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысып, сөз сөйлеген Нұрсұлтан ағамыз Кәріпбектің осы суретін Барак Обамаға сыйлағанын естігенде ерекше сезімде болдым. Елбасымызға кім ақыл қоссын мейлі бұл саммиттің ғажайып бір сәті болды деп бағамдаймын. Себебі Кәріпбек жай ғана адам емес. Ол Семей полигонының нағыз құрбаны. Семей облысы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген Кәріпбек жарық дүние есігін ашқанда-ақ мүгедек болып туды. Бірақ екі қолы жоқ Кәріпбекке Аллатағалам ерекше рух пен өнер сыйлаған. Суретшілік талант оған ес білгеннен бастап маза берген жоқ. Алайда ішкі жан дүниесіндегі іңкәрлік сезімдерін қағаз бетіне қалай түсірмек? Бір нарға жүк боларлық бұл кедергі, қиындық, ауыртпалық алғашқыда Кәріпбек бауырымыздың жан дүниесін алай-дүлей етіп, тығырыққа тіреп, зор күйзеліске ұшыратқаны анық. Талай түндер көз жасына ерік беріп, атом бомбасын ойлап тапқандарға және өзінің туған жерінде, қалың елдің нақ ортасында оны қаскөйлікпен бірінен соң бірін жарып, сынақ жасағандарға қазақтың кішкентай, әлжуаз әрі мүгедек баласы лағынет айтатын. Міне, осы жек көрушілік сезімі, іштегі нала, кек бәрі тұтаса, бірлесе келе оған, оның тәнінде, жанында буырқанған күш-қуат пайда болуына әкелсе керек. Оны қамшылаған, жанын байыз таптырмаған рухани қуаттар өте көп еді. Соның бірі әрі ерекшесі әбден қайралған намыс атты қасиет.картина

«Мүгедек болсам да Аллам маған күшті жүрек, рухани күш-қуат, ең бастысы өмір берді. Мен ең бастысы тірімін! Мен адаммын! Ал адам өмірге келді ме, күресу керек» деп ол намысын одан сайын қайрап, ішкі жан дүниесінің қалауын, сезімін алдымен қаламмен ақ қағаз бетіне түсіруге тырысты. Қолы жоқ, тісімен қаламды тістеп, башпайымен ұстап көңіліндегі суреттерді қағаз бетіне аударуға бар күш-жігерін салды. Ол әрине, оңайлықпен келген жоқ. Көп жылады, көп қиналды. Жаны да, жүрегі де ауырды. Налыды. Қайсар Кәріпбек, рухты Кәріпбек бірақ райынан қайтпады. Біртін бірге қалам мұның ырқына көне бастады. Әрине, біз оның сол кездердегі өмір сүру үшін, өнер үшін тайталасын, күресін жаза бастасақ ол бір үлкен романға жүк. Ең бастысы келе-келе тіспен жазылған, салынған айқыш-ұйқыш сызықтар мағыналы суреттерге айналды. Алғашқы суретін салғандағы оның қуанышын көрсең! Кәріпбек қуаныштан жылады. Осыған дейін мүгедектігі, бейшаралығы үшін құсаланса, енді алғашқы жеңісіне, өзінің бірдеңе жасай алатынына қуаныш көз жасын төкті. Содан басталды! Меніңше, Кәріпбектің арғы өмірін көзі қарақты оқырман жақсы біледі ғой деп ойлаймын.

Жоғарыда Кәріпбектің ядролық қарудың құрбандығы екенін айттық. Сезімтал сұңғыла жігітіміз өзіндей құрбандықтардың көп екенін, олардың мұңын, ішкі дүниелерінің жанайқайларын әлем құлағына жеткізу өзінің парызы екенін де жақсы сезінді. Полигонның сұмдықтары, зардаптары оның көңіл сүзгісінен өтіп ақ қағаз бетіне түсіп жатты.

«Жарылыс» суретінде адам қолдарын жайып тұр. Әлемді қып-қызыл жалынға бөктіріп арғы жағында саңырауқұлақ тәрізді атом бомбасының жарылып жатқан сұмдық бейнесі көрініс тапқан. Мұндағы әлсіз ғана адам бір жағынан атом бомбасынан басын қорғағандай болып тұрса, екінші жағынан құдайдан көмек сұрап, дұға етіп жалбарынғандай бейне. «Адамзаттың Аллаға алақан жайып сұраған дұға-тілегінде ядролық сынақтың тоқтатылуын, дүниеге аяқ-қолы бүтін, он екі мүшесі сау ұрпақтың келуін тілегенін және тағы басқа жанайқайын сынақ өткізуге «құмар» жұрт білсе, сурет арқылы көрсе, көңіліне түйсе екен дедім.» Бүкіл әлем алдында АҚШ президенті Обаманың қолына тиген суреті жайлы Кәріпбек осылай толғайды. Атом аждаһасымен күресуге қылқалам найзасымен бел шеше, білек сыбана кірісіп, күреске шыққан Кәріпбек батыр қазір әлемдік жиындарда отты ойларын ортаға салып жүрген бірден бір азамат. Ядролық қаруға қарсы күрес майданында алпауыт мемлекеттер аузымен құс тістеген АҚШ, Жапония, Германия, Түркияда және басқа шетелдерде жалындап сөйледі, осы қаруға қарсы бүкіл әлем жұртшылығын шақырды. Ол «Атом» жобасының иегері. Оның ядролық қаруға қарсы салған суреттері Германия, АҚШ, Жапонияның коллекцияларында сақтаулы.DSC_4906-660x330

− Нұрсұлтан ағаның батыл бастамасымен 1991 жылы тамыз айында әлемдегі ел алып полигондардың бірі Семейдің жабылуы, оның жанынан Ұлттық ядролық орталықтың құрылуы дүние жүзін назарын өзіне аударды, − дейді антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәрікең.

 

                                                  Нартәуекел!

Иә, Елбасы ядролық қару туралы мыңдаған суреттердің ішінен «Жарылысты» таңдады. Біріншіден бұл сурет осы атом құрбандығының туындысы. Екіншіден атом алапатынан қорғана отырып, дұға еткен адамның Аллаға сыйынуы. Иә, он сегіз мың ғаламды жаратқан Раббымыздан қуатты ешкім жоқ. Сен қаншама алпауыт патша болсаң да Алланың алдында тәубеңе келіп, әлемде жер шарының бейбітшілігін сақтауға міндеттісің. Бұл таңдау Елбасының даналығы. Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен саммитте басты тұлға болды. Алып елдердің патшалары қазақтың перзентінің уәждеріне, толғамдарына, пікірлеріне құлақ түргені − санасқаны. Себебі ол жоғарыда айтқанымыздай алып полигон аждаһасының бірін келмеске аттандырған батыр адам. Базбіреулер: «Полигонды бекер жаптық. Біз бұл полигонды жаппасақ ешкімнен қорықпас едік. Аз халықтың басты қаруы, қорғаныстың осындай алып түрі болмаса оны кім көрінген басынады. Біз ол аждаһадан бекер айрылдық» дейді. Жо-жоқ, қателесесіз. Ядролық қарудың халыққа деген ұшан-теңіз зиянын қайда қоясыз. Бұл полигонды жабу тек Нұрсұлтанға ғана емес, бүкіл елге ауадай қажет нәрсе болды ғой. Қалың елдің талабы емес пе ол. Нұрекең осындай ащы себептерді данышпандықпен көре біліп, халқының талабын орындады. Сондай-ақ бүкіл әлемде жиналған ядролық қарулар егер жарыла қалса (оның бетін әрмен қылсын) адамзаттың ортақ үйі жер шарын тас талқан етуге жетіп жатыр. Барлық мемлекет өзінің қауіпсіздігін ойлайды. Сыртқы жаулардан қорған іздейді. Қорқыныш, үрей, біріне бірі сенбеушілік оны күшті мемлекет етуге мәжбүрлейді. Осылай әр мемлекеттің күшеюінің, қарулануының арқасында Жер шарына, оның миллиардтаған тұрғындарына қауіп еселеп артады. Әсіресе ядролық қару. Осы күні мемлекеттер осы ядролық қаруды азу тісі санайды. Алпауыт елдердің барлығы дерлік ядролық қару ұстайды. Әсірелеп, көркемдеп айтсақ бір-бір аждаһаны арқандап қойып отыр. АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, тіптен қыл аяғы Солтүстік Кореяда осындай от тізгінде бір-бір аждаһа бар.

Енді не істеу керек? Нұрекең осы өте маңызды мәселе төңірегінде қатты ойланғаны, толғанғаны анық. Патша біз сияқты емес, әнеу әріден толғанады. Өйткені оның артында халқы тұр. Бірақ Жер шарының тағдырын кім ойлайды? Атын біреу біліп, біреу білмейтін, жаңа ғана империя тұтқынынан шыққан әлжуаз Қазақстанның жап-жаңа президентіне не жорық? «Ол кім соншама, бүкіл әлемнің қамын ойлайтын?» деп мықты патшалар мысқылдап айтып, қарқылдап күліп оған құмырсқа сияқты қарайтынын білді Нұрекең. Нартәуекел! Қалай болғанда да күндердің күнінде бәрібір мойындайды. Қазір мейлі, не десе о десін! Алладан мықты ешкім жоқ. Әйтеуір бір ел осылай шегініс жасауы тиіс қой. Ең бастысы мұның ары таза. Қалай болғанда да Жер-ананың өзіне ауыз салатын аждаһалардың бірінен құтылған соң әлемге ол: «Ядролық қарудан бас тартайық, әйтпесе ертең Жер-шарына олар қауіп төндіреді! Оны бүгін жасамасақ ертең кеш болады» деп жар салуға бекем бел байлады. Иә, атын біреу біліп, біреу білмейтін қазақ елін әлем алғаш кезде осылай ақымақ ретінде қабылдады. Нұрсұлтанның бұл шешіміне біреулер қуанды, біреулер құптады, енді біреулері «Ядролық қаруы кеткен соң ертең оны Ресей, Қытай сияқты алпауыт көршілері бір-ақ қылғытады-ау» деп аяныш білдірді.

Мінеки, Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толды. Қазақстанды ешкім жаулап алған жоқ. Қайта ол күшейді, қуатты мемелекетке айналды. Оны әлем таныды. Нұрсұлтаны тынбай Жер бетінде бейбітшілік орнататындай ұлы шаралар жасады. Полигонның орнына ел қоныстана бастады. Қазақ елі басшысының бұл жаңа бастамасының дұрыстығын біртіндеп басқа елдер мойындағанымен, «Біз де қолдаймыз! Өз полигонымызды жабамыз!» деп бірде бір ел белсеніп шықпады. Олар өйтпеді деп қазақтың Нұрсұлтаны жабырқамады. Ең бастысы жүрген жерінде жүзі жарқын, кеудесі шалқақ тұрды, дабыл қақты үнемі. «Полигон, бейбітшілік» деген мәселе көтерілгенде Обама, Путин сияқты айдарынан жел ескендердің өздері қарадай айбарынан айрылып қалатын. Себебі олар полигонды жаппақ түгілі бомбаларын бірінен соң бірін жарып қуаттарын арттырмақшы болып әлге дейін тыраштанады.570490aabe8711459916970

Нұрекеңнің айбарын айдындатқан, абыройын тасытқан АҚШ астанасы Вашиногтонда өткен әлемдік ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит болғанын несіне жасырамыз. Путин мұндай боларын алдын ала білгендей осындай ғажайып шарадан бас тартты. Қазақтың қара нары бүкіл әлем көз тіккен саммитте алғы сөзімен шықты. Жәй шықпады, кесек-кесек мәселелерді Нұрекең ортаға салды. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынды. Содан соң әрине жылдар бойына тынбай айтып келе жатқан ядролық қаруды жер бетінен аластау мәселесін баса сөз қылды. «Әлемдік қауымдастық ХХІ ғасырда жаппай қырып жою қаруынан бас тартуы тиіс. Адамзат алдағы уақыттарда барлық негізгі мәселелерді, әсіресе қақтығыс ошақтарындағы проблемаларды шешуі тиіс» деп ойындағысын ірікпей қасқая айтты. «Әлемге тағы қауіп төніп тұр, оны елемеуге болмайды. Бұл қатер − жаһандық ауқымдағы жойқын соғыс» деп жар салды. «Әлем әлдеқайда қауіпті әрі болжаусыз жаңа ядролық ғасырға қарай жылжып келеді. Бұл соғысты жою адамзат өркениетінің ең күрделі міндеті болып отыр» деп әлемдік тұрғыдағы міндетті де ескертуді ұмытпады.

«Ондаған жылдар бойы жер тітіреткен жарылыстардан жапа шеккен халқымның мұң-зарын сезініп, қолдауына сүйенген арманға риясыз сенемін» деп Нұрекең халқының қолдап, өзінің артында тұрғанын да бүкіл әлемге жеткізіп, арманын асқақтатты.

 

                                       «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі

туралы сарапшылар пікірлері негізінен бір арнаға тоғысты. Қазақстан президентінің бұл манифесі, бұл «бағдарламалық құжаты» қоғамдастықты ядорсыз әлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырады. Мәселен, Үшінші дүниежүзілік соғыс туралы базбіреулер қаупін айтқанда жүрегің зырқ ете қалады. Бола ма ондай соғыс? Кім білсін, Гитлер сияқты біреу соғыс шақпағын тұтатып жіберсе… Әр ел үлкенді-кішілі аждаһаларының от тізгінін босатса… Жо-жоқ, айтпаңыз! Онда біз құдайдың қаһарына ұшыраймыз. Жер-ананы Аллам адамдардан қайта тартып алуы әбден мүмкін.

Жә, манифест сол кезде саммитке келген мемлекет, үкімет және халықаралық ұйымдар басшылары тарапынан кең қолдау тапты. Бүгін ол үдеріс жалғасып жатыр.

Сарапшылардың екі пікірімен мақаламызды тәмамдайық:

…Соғыс бола қалған жағдайда жаппай қырып жоятын қарулар қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды, мұның ақыры бүкіл адамзаттың қырылуына дейінгі қасіреттерге алып келеді…

…Қазіргі кезеңдегі соғыстың ерекшелігі – жеңімпаздардың болмайтындығында, ал бұл өкінішке қарай әскери іс-қимылдарға бастап жүргендер тарапынан сезінбейтінін атап көрсетеді…

63 сарапшы манифестті талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Олар қазақтың Нұрсұлтанының көптеген пікірлерін, уәждерін 90% − 99,8 пайызға дейін қолдаған.

 

***

Ей, Адамзат, құлақ түр бұл үнге. Дәп қазір нық тұрған Жер-ана аяқ астынан жарылып, жұтылып кетуің әбден мүмкін. Ей, Адамзат, бұл үнге тек қана құлақ түрме, қолда! Сонда ғана Жер-анамызды сақтай аламыз. Қолда, қолда және қолда, ей, Адамзат!

                                                                                                 Ертай Айғалиұлы