Елбасыдан тікелей тапсырма алған Нығматулин қызу жұмысқа кірісті

Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабылдады. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысына заң жобалау жұмыстары жоспарын орындау аясындағы Парламенттің төменгі палатасының үшінші сессия кезеңіндегі қызметінің қорытындылары жөнінде мәлімдеді. – Мәжіліс 24 заң жобасын, соның ішінде үшжылдық бюджетті, салық, әкімшілік және кеден кодекстерін, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қабылдады. Осылайша, заң жобаларының барлық топтамасы Сенатқа жолданды, – деді Н.Нығматулин.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруы процесін заңнамамен дер кезінде қамтамасыз етуде Парламент Мәжілісінің қызметі маңызды екенін атап өтті.

Елбасымен кездесу өткізіп, нақты тапсырмалар алған Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин Парламент төрінде «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының және стратегиялық мақсаттарының арқасында Қазақстанның жоғары табыстарға жеткенін, барлық салада көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылғанын сөз ете келіп, Н. Нығматулин ауыз су мәселесіне айрықша назар аударды.

«Су бар жерде береке де бар» дей келіп, Мәжіліс Төрағасы біздің елімізде ауыз су мемлекеттік деңгейдегі негізгі сұрақтардың бірі екеніне тоқталды.

Осы салада «Таза ауыз су», «Ақ бұлақ» сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта «Өңірлерді дамытудың 2020-шы жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жол» арқылы жалғасын тауып отыр.

Оны заңдық тұрғыдан қолдау үшін Мәжілісте де көптеген шаралар атқарылып келеді. Депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасап, бюджеттен қосымша қаражаттар бөлуге де ерекше ықпал еткен. Сондықтан, ауызсу мәселесін шешуге мемлекеттен жыл сайын керек қаржы бөлініп отыр. Ендігі мәселе оны тиімді пайдалану. Ал, ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай жер асты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек. Осының барлығы ауызсу мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді», — деді Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен бірге, Н. Нығматулиннің пікірінше, халық арасында суды үнемдеп пайдалану туралы ақпарат жұмыстарын жүргізудің де маңыздылығы зор.

ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының ааспасөз қызметі мәлім еткендей, одан әрі Мәжіліс Төрағасы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде орын алып отырған олқылықтарға тоқталды. Ол, су құрылғылары нысандарын орнатуда бірізділіктің, сонымен бірге, елді мекендерде су инфрақұрылымдарын тартуда бірыңғай оператордың жоқтығына қынжылыс білдірді.