Елбасына жаңа әліпби нұсқасы таныстырылды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпінің жаңа әліпбиін дайындаушылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында оған қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жаңа жобасы таныстырылды. Тілді реформалау мемлекеттік рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өткен Қазақстан президенті: «Бүгіндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады»,— деді. Атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады. Жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдағаннан кейін Елбасы: «Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс.  Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді. Латын қарпіне көшу — күрделі үдеріс, оның мақсаты — тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау. Жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажет. Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырамын»,— деп,  соңында қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

 

Ермек Сахариев