Елбасының сенімі – ел дамуының кепілі

Бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Бұл – егемендік жылдарындағы тарихи сәттердің бірі деп қабылдаймын және ұтымды таңдау деп білемін.

Отандастарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлын егемендіктің елең-алаң жылдарынан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серіктесі, шәкірті ретінде біледі. Сондықтан да мемлекеттің негізін қалаған тұлғаның еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті саясаткерге Қазақ елінің тағдырын сеніп тапсырғаны және үлкен жауапкершілік жүгін артқаны – ел болашағының бағдарын айқындап бергені деп түсінеміз.

Бүгінде іргелі бастамаларға ұйытқы болып отырған Nur Otan партиясының атынан түсетін үміткер өткенімізді ұмытпай, болашақты ұлықтауға өзіндік үлесін қосып, ел азаматтарының көңіл үдесінен шығатынына кәміл сенімдіміз.

Елбасы егемендік жылдары Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделі мен орнын айқындап, дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Бұл кезеңде халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс деңгейі көтерілді. Жұртшылық үшін жағымды жақсы үрдісті одан әрмен жалғастыру бүгінде үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда Қ. Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президентінің салиқалы саясатын одан әрмен жалғастыра алатын бірден-бір саясаткер.

Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік саясат сахнасында да өзіндік дара орны бар, дипломатияның қыр-сырын терең меңгерген тұлға. Бұл қасиеттер Қазақстанның бүгінгі абыройын асқақтатып, беделін одан әрмен көтеруге ықпал етпек.

Айта кетейік, бүгін елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Жиында Елбасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партиясынан алдағы сайлауға ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынды. Осы орайда Қ. Тоқаев үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратын жұмсайтынын айтты.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, профессор