Елбасының тапсырмасынан кейін Үкімет отырысы қазақ тілінде өтіп жатыр
Сейсенбідегі Үкімет отырысы қазақ тілінде өтіп жатыр. Кеше ғана ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған кезде Парламент пен Үкімет отырысы қазақ тілінде өтуі тиіс екенін айтқан болатын, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде латын әліпбиіне көшудің тарихи тұрғыда маңыздылығын атап өтті.
«Біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Парламент пен Үкімет тек қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс, бірақ бұл мәселеде азаматтардың құқығына нұқсан келмеуі керек. Олар үшін синхронды аударма мүмкіндігін қарастыру қажет», — деді Президент.
Бүгін Үкімет отырысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндамаларын тек қазақ тілінде жасады.