Елде жанармай неге қымбат?
Елімізде стратегиялық маңызы зор жанармай бағасы апталап емес, тіпті күн санап өсіп, автокөлік иелерінің жүйкесін жеп бітірді. Жыл басынан бері Қазақстанда жанармай бағасы үш рет қымбаттады. Ақпан айының өзінде жанармай бекеттері таблодағы баға көрсеткішін екі рет алмастырса, бұл процедура наурыз айында тағы бір рет қайталанды. Қазіргі күні ең өтімді АИ-92 маркалы жанармай бағасы литріне 150 теңгеге жақындап қалды. Осыған орай, елдегі тәуелсіз сарапшылар жанармайдың қымбаттауына еш негіз жоқ, бұл қолдан жасалып отырған зәрулік деген уәждерін алға тартады. Солардың бірі экономикалық сарапшы Сергей Смирнов: «Біздің еліміздегі бағалар Ресейдегі бағаларды үнемі қуып отырады. Біздің шенеуніктеріміз де әлемдегі ең арзан жанармай Қазақстанда екенін айтудан шаршаған емес. Бірақ олай емес. Егер бензин литрінің бағасын долларға шақсақ, иә, ол арзан. Бірақ бұл бағаны Қазақстандағы жан басына шаққандағы орташа жалақымен салыстырсақ, онда әлемдегі ең қымбат жанармай біздің елде болып шығады. Ал бағаның өсуіне себеп — Қазақстанның Ресей нарығына тәуелділігі. Біздің нарығымыздың үштен бір бөлігі Ресейге тәуелді. Ал Ресейде жанармай бағасының қымбат екені белгілі. Бірақ оларда бағаны қалыптастыру бізден өзгеше. Мәселен, бізде жанармай бағасының 60 пайызы — шикізат, 15 пайызы — салықтан тұрса, Ресейде тек 6 пайызы ғана шикізат, 60 пайызы салықтан құралады. Яғни, Ресейде жанармай сатудан түсетін қаражаттың ақшасының 60 пайызы бюджет әмиянын толтырса, Қазақстанда әлгі ақшаның 60 пайызы жанармай сататын кәсіпкерлердің қалтасына түседі. Жанармай бағасының қымбаттауы осы қарқыннан таймаса, бұл үрдіс әрі қарай да жалғаса береді. Оның үстіне жоғарғы билік жанармайдың бағасын реттеуден, оған бақылау жасаудан бас тартып, бағаны еркін жүзуге жібергені тағы бар. Әлбетте, солай болған соң, қолда барда етікті қонышынан басып қалуға тырысатын жанармай құю бекетіндегілер бензин бағасын шарықтата түсуге мүдделі. Сосын, жанармай бағасының аспандай беруіне көктемгі және күзгі егістік науқанын айтпағанның өзінде, бұған басқа да себептер баршылық. Атап айтар болсақ, 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығы қалыптасуы тиіс. Соған сәйкес, жанармай мен басқа да тауарлар бағасы баршаға ортақ болуы керек. Біздегі жанармай құнының Ресей нарығының бағамына жақындап келе жатқандығы да, міне, содан. Тағы бір себеп, мемлекет Атырау, Шымкент және Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарын қарыз ақшаға жаңалап жатыр. Ал оны пайыздық үстемемен қайтару керек. Ол да қарапайым көлік жүргізушілерінің есебінен жабылатын сияқты. Екіншіден, мемлекет бағаны көтермей бір межеде ұстап тұрса, кейін бұның кері әсері болуы мүмкін», — дейді.
Ал мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев бұл мәселеге қатысты өзінің ойын: «Жанармай нарығындағы жағдайды шенеуніктер қолдан ушықтырып отыр. Себебі Атырау, Шымкент, Павлодардағы үш ірі мұнай зауытынан бөлек аймақтарда тағы 32 шағын кәсіпорын бар. Энергетика министрлігі сол кіші зауыттарға тек өңдеумен айналысуға рұқсат етіп, мұнай өнімдерін сатуға тыйым салыпты. Ал олар жылына 6 миллион тонна жанармай шығаруға қауқарлы. Бірақ тыйымның салдарынан кәсіпкерлердің қолы байлаулы. Соның кесірінен ішкі нарықта жанармай тапшы, баға да күн сайын құбылып тұр. Жоқшылық пен қымбатшылықтан құтылу үшін сол 32 шағын зауытқа бензин мен дизель отынынан басқа да мұнай өнімдерін саудалауға рұқсат беру керек. Тапшылық туралы сөз болса, Энергетика министрлігі үш зауыттың жөндеуде тұрғанын айтады. Оны күтпей, шағын кәсіпорындарға да мүмкіндік берейік. Президент 2014 жылы ішкі нарықты толық отандық жанармаймен қамтамасыз етуді тапсырған. Ал біз әлі 30 пайыз импортқа тәуелдіміз», — деген уәжбен білдіріп отыр. Депутат сөзінде шындық бар екенін ешкім де жоққа шығармасы анық.
Ермек Сахариев