Елдегі жемқорлықпен күрес «адал» ма?

Бұл жайлы өз пікірін білдірген белгілі саясаткер Расул Жұмалы:

«Біздің елдегі жемқорлықпен күрес науқанын «адал» деп бағалай алмаймын. Торға түсіп жатқандар тек шабақтар, ал шортандар еркіндікте. Мысалы, 1 миллион доллар парамен құрықталып артынан құтылып кеткен Кимнің ісі осыны айқындайды. Күн сайын «бәлен ақша алып жатқан жерінен мемлекеттік қызметкер ұсталды» деп аттандағаннан түк те пайда жоқ. Себебі, 2016 жылы елімізде мың жемқор қазынаға 17 миллард теңге қайтарған. Ал, Сауд Арабиясындағы пара алған 15 шахзада ғана ел бюджетіне 100 миллард доллар төледі.Біздің ел пара алу жағынан арабтардан алда болмаса, кем емес. Яғни, елдегі коррупциямен күресті күшейтіп, жемқорлықтан тазарту үшін төбеден бастау қажет. Бұл менің жеке пікірім емес, әлемдік тәжірибе. Бізде жемқорлардың өзі екі қоғамдық кеңістікке бөлінеді.

Яғни, бірінші шеңбер — қара халық, тиын-тебен алатын ұсақ мемлекеттік қызметкерлер, екіншісі – заңның тісі батпайтындар. Дәлірек айтсақ, 5-10 мың теңге пара алған жемқор сотталып, түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ал миллион, миллиардтап жымқырғандар сот залынан босатылады немесе ақталады. Адами тұрғыды да, конституцияға да қарсы. Оны жақсылыққа балап, қуанатын нәрсе емес. Пара алды ма, ұсталды ма лауазымы, байлығына қарамастан ол да түрмеде отыруы қажет. Бізде оларды түрмеге отырғызу тұрмақ аттарын атауға қорғады.

Мысалы, Парижден 65 миллион еуроға пәтер сатып алған билік өкілінің кім екенін әлі күнге дейін ешкім білмеуі сұмдық қой. Сондықтан да шортандарды ұстап, нағыз жемқорларды әшкерелемейінше, елдегі коррупция күшейе береді. Елдегі жемқорлықтың жайлауына халықтың да кінәсы бар. Себебі, жұрт үкіметтегілер берген есепке қанағаттанып, нағыз парақорларды ұстауды талап етпейді. Өздері де тұрмыстық жемқорлыққа (жол полициясы, құжат жасату сынды қызметке пара беру) жол беруде. Сондықтан да Қазақстанда коррупция «Рухани кеселге» айналған.

Мысалы, 2017 жылы Қазақстан жемқорлықпен күрес бойынша әлемде 131 орынға табан тіреген. Аталған сараптамаға 176 мемлекет қатыстырылыпты. Парарақорлармен күрес жөнінде Қазақстан тіпті, Гамбий сынды шағын мемлекеттен де көш соңында қалып қойған»,— деген деректерді алға тартады.