Елді жайлаған дертті түп тамырымен сылып тастау қажет!
Қадірлі Оразалы бауырым!
Сіздің Елбасыға жазған ашық-хатыңызды оқып риза болдым. «Көңілдің кірі айтса кетеді» дегендей шын жүрегіңізбен еліміздің, ұлтымыздың қазіргі қиын жағдайына, болашағына алаңдаушылық білдіргеніңіз өте орынды. Біздің зиялы қауым деп жүрген үлкен кісілердің ақсақалдық сөздерін айта алмай, жалтақтап, жағымпаздық танытып, өздерінің жеке басын күйттейтіндерін жаным сүймейді.
Көтерген мәселелеріңізді қазақтың анасы ретінде де, ұлтымның патриоты ретінде де қостаймын. Ащы-ащы біршама мәселелерді көтеріпсіз. «Соның ішінде мұнайымыз бен газымыздың таусылатынын, одан кейін халқымыз қалай күн көрмек?» деген сауалыңыз өте тамаша. Әрине, бұл мәселе бұрын да айтылып келе жатыр. Ол байлығымыздың қызығын үркердей ғана байлар көріп жатқаны жөнінде де жиі-жиі дабыл көтерілгелі қашан? Жазылған ашық хаттар және үндеулерді жинасаң бір тау тұрғызуға болады. Бірақ ол жетпей жатыр ғой діттеген жеріне. Бұрын БАҚ-да жазылған, жарияланған қандай да бір сын, кемшіліктер дереу тиісті жерлерде қаралып, қорытынды нәтиже шығарылатын. Қазір олай емес. Бұл немене сонда, «ит үреді, керуен көшедінің» кері ме?
Шындығын айтсам, Оразалы бауырым, БАҚ билік пен халықтың арасындағы алтын көпір емес пе? БАҚ-ында айтылған, жазылған мәселелерге Ақпарат министрлігі қағілездікпен, жауапкершілікпен қарап, көтерілген мәселелерді тиісті жерлерге жіберіп, оның орындалуына қатаң уақыт беріп бақыласа сіз айтқан мына кемшіліктер болмас еді.
Әңгіме бастауын сіз Денис Теннің қазасының себептерін талдау төңірегінде қаузапсыз. Бұл жөнінде көптеген азаматтар басылым беттерінде де, ғаламторда да шулап айтып жатқанын оқыған боларсыз. Бәрі де менімше қарапайым күн көрістен басталады. «Жоқшылықтың нәтижесінде тәрбие — білімнен кенже қалған бір мамандық иесі атана алмаған қазақ жастары ұрлыққа баруда, теріс жолға түсуде. Біз бүгін ауызша ғана дамыған елдердің қатарына қосылып, «рухани дамып жатырмыз» деген уәжіңіз дұрыс. Бірақ дұрыс емес жері де бар. Себебі біздің жастардың дені жоғары оқу орындарды бітірген, олардың бірнеше дипломдары, мамандықтары бар. Алайда еліміздің тамыр-тамырын жайлап алған жемқорлық оларды сол мамандықтарымен жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Біз алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабуымыз қажет. Пара алу, беру тоқталмай біздің мемлекетіміз рухани жағынан дамымаған мүгедек мемлекет болып қала береді.
Біз Тенді қазақтар өлтіргеніне ойбайлап, ұяттан жерге кірердей сөздерді бұрқыратып жазып, айтып зор даналық таныттық. Көпшілігіміз «ұры қазақты» жерден алып, жерге салдық. Ал сол «ұры қазақты» жоғары жағынан бақылап отырған бөркі дағарадай зор жандардың бар екенін, ұрыларға қамқорлық жасап отыр-ау деген ойды неге айтпадық? Қараңыз, Тенді өлтірген жігіт Астанада да тура осындай қылмыстар жасаған, ұсталған. Дегенмен оны біреулер басынан сипап бостандыққа шығарып жіберіп отырған. Олар кімдер? Қандай дөйлер? Бәлкім олар, ондай ұрылар биліктің өзінде яғни полицейлердің ішінде жүрмесіне кім кепіл?! Түптеп келгенде мұның астарын сона-ау жемқорлықтан іздеген дұрыс шығар.
Иә, менің аналық жүрегім осыны меңзейді. «Балық басынан шіріп жатыр». Мемлекеттік тіліміздің дамымауы да, денсаулық, білім салаларының да сансырап жатуы да осы жемқорлықтың кесепатынан екені сөзсіз. Мысалға, мұғалімдердің өздерін шаршатқан үш тілділік те балаларымыздың миларын атала қылуға арналған, арнаулы ойластырылған формула ма деген қорқынышым бар. Шынында да өз тілін, я басқа тілді толық меңгере алмаған дүбара балалар ертең өскенде де дүбара қалпында қалып, ұры, қары болмайтынына кім кепілдік бере алады? Ғұламалардың айтуына қарағанда қос тілділіктің өзі сол ұлттың түбіне жетуге жетіп артылады екен.
Елімізді дерт жайлағанын және одан арылудың жолын көрсеткіңіз келген екен. Ұлтқа жаны ашитын азаматтар жиналып, арнаулы кеңес құруға шақырыпсыз. Мұндай кеңес те керек шығар. Бірақ ішкі тәртіпті, жүйені өзгертпей ештеңе шықпайды-ау, сірә. Жемқорлар әлгі құрылатын кеңесіңізді де жүндей түтпесе не қылсын? Мысалға, елді шулатқан жер мәселесі жөнінде жаны ашитын азаматтардан комиссия құрылып, жиі-жиі кеңестер, жиналыстар өткізілді. Нәтиже болды ма, әй, қайдам?.. Ол мәселе өзіңіз білесіз әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Сондай-ақ қандас бауырларымыздың көші-қон мәселесі де бәрімізді толғандыруы тиіс. Әсіресе.
Қытайдағы бауырлардан тірідей айырылсақ
бізді болашақ ұрпақ кешірмейді
Жалпы соңғы кездері Қытайдағы бауырлар Қазақстанда туысы болып, сонымен сөйлессе, хабарласса болды жазалана бастайтынын әлем ақпарат көздерінен оқып, біліп отырмыз. Сонда ондағы қай қазақтың Қазақстанда туысы жоқ екен? Қазақстан жер бетіндегі бар қазақтың жалғыз Отаны! Олармен сөйлескені үшін олар неге жазықты, жазалы болуы керек..?! Керісінше мұнда келгенін қайыра шақырып алып, қолдарындағы «Қазақстан ықтиярхатын» жинап алып немесе ол куәлікті кері қайтарып тастауға мәжбүр етіп, олар оны алғандары үшін жазықты санаудың астарында не болуы мүмкін?
Сонда Қытай жақ Қазақстанға келгісі келетіндердің жолын ауырлатқан үстіне ауырлатып отыр. Неге? Мысалы, ондағы бауырларымыздың мал бағатын жайылымдарын түрлі жолдармен мемлекетке қайтарып алып, ежелден малшылықпен айналысатын қазақ қауымын мәжбүрлі түрде отырықшылдандырып, мектептегі қазақша пәндерді жауып, балаларын мәжбүрлі түрде қытайша оқытуға күштеп, бұрыннан қазақ мектептерінде істеген ұлт зиялыларын (мұғалімдерді) аула күзетшісі мен аспазға айналдырып, жұртты «Бейқұт үй» (жарты ақшасы өкіметтен беріліп салынған үй, иесі бір жаққа көшсе сата алмайды) мен кредитке байлап, «Саяси үйрену орталығына» (осылай аталатын жарты ай, бір ай, үш ай саяси тәрбиеден өткізу, тіпті мемлекет мақсаттарына сай келмейтінін содан ары соттап жіберу) қатыстыру, былайша тыпыр ете алмайтын етіп, матап ұстаудың кімге қажеті бар?
Демек, мұнда қазақты тұншықтырып, жою әрекеті бар. Оларды бізге көшіріп, Қазақстанның жан санын арттыру, әрі өздерінің ішкі жағдайын білетін оларды мұнда әкеліп өздеріне қарсы күш етіп тайраңдатып қою олар үшін пайдасыз. Керісінше оларды өздерінде сіңіріп алу саяси жақтан да, стратегиялық жақтан да олар үшін тиімді.
Ал, біз болсақ, халқымыздың соңын көбейтуге ерекше зәру елміз. Соған қарамастан сырттағы қандастарымызды, әсіресе қытайдағы күннен-күнге тілінен, салтынан, сенімінен айырылып, былайша көпе-көрнеу Қытай мұхитына сіңіп, батып, құрып бара жатқан қандастарымызды елімізге тезірек алып келудің жолдарын шын мәнінде қарастырмай отырмыз.
Басқа барлық саяси қысымдардың, болып жатқан заңсыз, бейкүнә кісі өлімдерінің өзін «бір елдің ішкі ісі демес, ондай өзге елде ұлтқа басқыншылығын ары қарай жүргізе бермес, ғаламдық қарсылықтарды ескеріп тоқтатар» деген адамгершілік үмітпен қараймыз-ау. Бірақ үміттен гөрі көңілде күдік көп. Соңғы кезде қазақ әдебиеті мен тарих пәнін де оқулықтардан мүлде алып тастауды да Қытай қолға алып жатқан сыңайлы. Шеттегі екі-үш миллион қазақтың өзге ұлтқа сіңіп кетуі бұл қасірет. Яғни Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін де бұл орны толмас өкінішке айналары сөзсіз.
Біз өткен ғасырдың ішінде екі рет 3 миллионнан халқын жоғалтқан халықпыз. Аталмыш бұл іске бей-жай қарасақ, бұл жолы тағы да 3 миллиондай қаракөзімізді ассимиляцияға ұшыратып, тірідей айырылғалы отырмыз… Дүниежүзінің картасында «Қазақстан» деген ел айқын бейнеленіп, елдігімен де, ғаламдағы саяси беделі, еш елден кем емеспіз. Елбасымыз қазіргі әлем саясаткерлерінің көш басындағы тұлғалардың ең а бройлылардың бірі.
Оразалы бауырым, дәл қазір Қытайдағы бауырларымыздың жағдайы да осы ашық хатыңыздың бел ортасында тұратын мәселе екені сөзсіз. Менімше ашық хатыңыздың мән, маңызын әлі де тереңдетіп, ширату қажет сияқты. Ақсақалдарымыз, зиялы қауым өкілдері қалай болғанда да бірлесіп, өзіңіз айтпақшы елімізді жайлап алған дертті түп тамырымен сылып тастаудың жолын іздеу керек. Ол дертті елімізге, оның болашағына шын жаны ашығандар ғана жазатынына сенімім мол.