Елдіктің сұлбасы немесе ұлттық рух жайлы толғаныс

Әуелгі сөз

Қазір біз аласапыран, әрі  бір ғажайып бір заманды бастан кешіріп отырмызОсы тұста басқа-басқа,  қазақтың өзі де, рухы да жанұшырып зор арпалыс үстінде отыр. Қазақ осындай алмағайып, қиын кезде отырғанда біз қалай былқ етпей, тыныш отыра берейік. Кеудесінде жылт еткен намыс ұшқыны бар пенде бұндайда ең болмаса, «Ойпырм-ай» деп орнынан бір қозғалып қояр. Біздікі де сол.

Ұлт

 Біз –  қазақ деген елміз, жұртпыз, ұлтпыз. Ұлттығымыздың дәлелі – өзге жұртқа ұқсамайтын тіліміз, діліміз бар, бет-пішін пердеміз барЕлдігіміздің  дәлелі – өзгеге емес, өзімізге ғана тиесілі Атамекен жеріміз бар. Сол жерлерде ен жайлаған, неше мың жыл мызғымай тұрған қағандықтарымыз, ордаларымыз болған. Оларды басқарған мүйізі қарағайдай хан-сұлтандарымыз,  би-батырларымыз болған.

Тарих сахнасына қарасақ,  олардың жол бойында сайрап жатқан  іздері  бар.

Тарих

Тарихымыз зор. Заңғар биік, тұңғиық терең. Шым-шытырық жұмбақ. Балдай тәтті, удай ащы. Сол тарих сахнасынан желдей гулеп ғұндар өтті, сап түзеп сақтар өтті. Көк бөріні пір тұтып, дүниені тітіреткен Түрік Қағанаты өтті. Ислам дінін өзіне алтын қазық, жарық шамшырақ етіп Қарахан елі өтті. Жарты әлемді билеп айбарлы Алтын Орда өтті. Сол Алтын Ордадай асылдың, нұрдың сынығы боп жарқырап Қазақ Ордасы ол да өтті.

Біз қазақ өзі жеке туып, өздігінен жетілген ұлт емеспіз. О баста Адам ата мен Хауа ана нәсілінен шыққанбыз. Беріде Құдайдың құдіретімен тарих тәлкегіне түсіп, әуелі түрік, кейін қазақ деп бөлінгенбіз. Кейін де, тағы да  сол тарихтың тәлкегімен елдігімізден айырылып, бодандық қамытын киіп, жаншылып, бұрышта бұқпантайлап жатқан ел едік. Енді міне, күн туып, елдігіміз қолымызға қайта тиіп отырОған дейін мемлекеттіктің, елдіктің іштей зарын тартумен болып едік. Шұрқырасып табысқа сол елдікті енді, сіресіп ұстап қолдан шығармауымыз керек.

Сонда ғана тарихтың беті бізге қарары хақ.

 Дін

Дініміз – Ислам.  Кітәбіміз – Құран Кәрим.  Үйіміз – Қағба.  Пайғамбарымыз –  Мұхаммед (Аллаһтың оған игілігі  мен сәлемі болсын). Раббымыз – Аллаһ!  Діннен бұра тартар жайымыз жоқ. Дін бізге не үшін керек? Сән үшін керек емес, қызық үшін керек емес. Асыл жаратылған адамдық кейпімізді боқ-былғаныштан, қор болудан сақтау үшін керек. Діннің жазба дерегі – Құран. Құран өзі – үгіт һәм құлақтандыру. Үгіт болғанда, адамшылыққа үгіт. Адамшылықтың алтын ережесіне үгіт. Ол біздің өздігінен бітеу жататын көкірек көзімізді ашушы, жол сілтегіш.

Аллаһ бізді жаратты. Жоқтан бар ғылды. Сол жоқтан бар болғанның ішінде қазақ та бар. Енді, біз қайтіп  сол діннен, сол Аллаһтан шет қаламыз?!

Біздің елдігіміздің шын мұраты – қияметке дейін Аллаһ жар болып, ел болып тұру! Езілген,  ел емес, еңселі ел боп тұру!

 Әдет-ғұрып

Әдет-ғұрыпсыз халық бола ма? Ел бола ма? Біздің әдет-ғұрпымыздың екі қайнар көзі бар. Бірі – тума, өзіміздікі, қазақтыкі. Екіншісі – діни, мұсылмандық. Ұлттық әдет-ғұрып, әр ұлттың өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана жарамды болмақ. Ал, діни әдет-ғұрып барша адамзат баласына ортақ. Ол ұлт таңдамайды. Діни әдет- ғұрып ұлттық әдет-ғұрыптың пайда зиянын, ақ қарасын ажыратып беруге көмектеседі. Ойлап қараңыз, дінде ақылға қонбайтын артық-ауыс, олпы-солпы иненің жасуындай нәрсе бар ма? Жоқ. Өйткені, ол дін шатасуы үшін, Құдай шатасуы керек. Ал, қазақтың әдет-ғұрпының кем жері аспандағы жұлдыздай көп. Өйткені, ол әдет-ғұрыпты жасап отырған Құдай емес, халық. Рас, халық көп. Бірақ, қанша көп болғанмен, ол Бір Құдайға тати ма?

Біздің халқымыз – «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Ал, қазір сол оқ жонар ұлдарымыз, тон пішер қыздарымыз кәні? Қыздармыз ана жолынан ауытқып, «Көк инені көтінен түрте алмайтын» мүшкіл халге жетіп отыр. Бесік жырын ұмытып, «от жағып, түтін түтетудің» сиқырлы өнерінен қол үзді. Бұл қанға сіңген әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің өңі қашып, жансыз өліктей күй кешіп отырғанын көрсетеді. Бұл үлкен жан күйзеліп, ойланар жәйт!  Өйткені, біздің ішкі күйіміз келмей, сыртқы күйіміз келмейді. Ішкі күйдің ұясы, ұйытқысы – отбасы, ошақ қасы. Отбасы, ошақ қасының билеуші патшасы – әйел, ана. Ал, Ел патшасы, жер патшасы –  еркек кіндік ұл. Ұлдың жөні бөлек. Оларға айтылар сөз, артылар жүк зіл батпан ауыр. Олар алдымен үрке қашпай дінге жақындасынДіннің дәмін татып көрсін, қандай екенОдан соң, қазақты меңгерсін. Біздің Елдігімізді іске асырар солар. Осы әдет-ғұрып үлгілерін жастарымыздың бойына сіңіретін – біз, өзіміз. Ол үшін сол әдет-ғұрып үлгісіне өзіміз сай болуымыз керек. Әйтпесе, халқымыздың заманына сай туған көсемі Ахмет Байтұрсынов айтпақшы: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын». Осы бізге бағыт-бағдар болмақ. Жас ұрпақ алдыңғылар не үлгі көрсетсе, соны істейді. Олар ойдан құрап, үлгі-өнеге алмайды. Сондықтан, біздің жұртымыз бұны мықтап ойлануы керек.

Біз ішкі рухымызды тоздырып, жарамсыз ғып алмауымыз керек. Өзіміздегінің бәрі жасық, өзгеніңкінің бәрі асыл деген мәңгүрт пиғылдан арылуымыз керек. Бірінші қазбалап, жылт еткен болса да өзіміздің жақсымызды тауып алайық, одан кейін жарқырап тұрған өзгенің жақсысына көз салайық.

Әдет-ғұрпымыз сонда өлмейді.

Мемлекет

Елдігі  жоқ өмірде не сән бар, не қызық бар?! Елдігі жоқ халық – күмәнді халық, көмескі халық. Елсіз де күн көруге болады. Бірақ онда қарның тоқ, көйлегің көк болғанмен, жүрегің аш болады.

Сол елдіктің сауыты, қорғаны ол – мемлекет. Мемлекет деген не? Егер жер бетінде тек Адам ата мен Хауа ана ғана өмір сүрсе, онда ол екеуіне мемлекеттің керегі болмас еді. Ал, қазіргі кезде сол Адам ата мен Хау анадан тараған ұрпақ алты миилиардқа тақап отыр. Осыншама халық бір қалыпта, бір арнада өмір сүруі мүмкін бе? Ол түгілі бір үйдің бес баласы бір шаңырақ астында тұра бермес. Бөлек-бөлек отау көтерер. Сол секілді шама-шарқы, рухы жеткен  жұрттың мемлекет көтеруі қалыпты құбылыс.

Мемлекет көтерген жұрт, «мемлекет мені қорғасын, қамқоршы болсын, бәріміз бір сөзге келіп, бір ретке түсіп өмір сүрейік» деп көтереді.

Тек сол мемлекеттің өз жөн-жоба, жосығы бар. Мысалы, мемлекет деген үлкен үй десек, сол  үлкен үйдің ішінде әр кімнің, әр заттың өз алар орны бар.  Біреу есіктен, біреу төрден дегендей. Әркім қабілет-қарымына, ой-пиғылына  орай осы үйден өз орнын иеленуі керек. Есіктегі төрге шығып, төрдегі есікке түспеуі керек. Есекке күміс ер-тоқым салып, тұлпарға тезек артудың керегі жоқ! Мемлекеттің ұстанар алтын ережесі осы болу керек. Осыдан шатассақ, бәрінен шатасамыз. Мемлекет бәрімізге бірдей болуы керекОл біреуге шөл, біреуге көл болмауы керек. Мемлекет қас-қабаққа емес, халыққа қарауы керек. Осындай екі жол бар – қас-қабақ жолы, халық жолы. Қайсысын таңдасақ өзіміз білеміз. Біреуі –  өн, өс дейді, біреуі – өл, өш дейді.   

Демократия

Біздегі айтушылық бұрынғыны, өткендегіні айтушылық. Ал, қазіргіні буы бұрқыраған бүгінгіні айтушылық жоқ. Бар болса, ол айтқыштығымыз сыздап келе жатқан жараны сылап-сипап, өткендегі қотыр жараны қасылай беру. Бұл шын демокартия емес, өлі демократия. Өлі демократия бүгінге емес, өткенге ғана қызмет етеді. Біз өткенді бүгінгі күні ескеру үшін айтамыз. Өткенді құры айтып, бүгінді ескермесек тағы сол өткеннің кебін құшамыз. Алға жылжымай кері кетуіміз мүмкін.

Демократия деген –  мемлекеттің бойындағы көпіршіп, жүріп тұрған ыстық қан. Қансыз мемлекет – жансыз мемлекет. Қансыз мемлекет семіп өледі. Қан деп тұрғанымыз – бетің бар, жүзің бар демей айтушылық. Адам организіміне қан қандай керек болса, қоғамға да шындық  сондай қажет.

Демократия деген нәрсе қазаққа таңсық емес, бұрыннан бар. Қазақтың демократиясы тілінде болған. Қазақ –  «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді. «Ауруын жасырған өледі»  дейді. Міне – нағыз демократия.

Ал, қазіргі демократияның формасы, құралы өзгергенмен ішкі күйі өзгерген жоқ. Қазіргі демократияның үлкен үйі – газет пен теледидар. Осы үлкен үйдің ұстанар ұраны – «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»  болу керек. Сонда ғана қоғам ішінде шындық сәулесі ойнайды.

Символ

Символ –  керек нәрсе. Ол елдіктің белгісі. Белгі арқылы ел рухын көтеруге болады. Ежелгі ғұн-сарматтарда –  айдаһар, көне түріктерде –  көк бөрі сияқты белгілер болған. Бұлар –  тотемдік символдар. Ислам діні кіргеннен кейін бұл белгілер өзгерген. Жалаулар әртүрлі бейнелерден арылып, түрлі-түсті бояулармен (ақ, қара, жасыл), жазулармен (шаһада) көмкерілді. Алашорданың   шаһада һәм «Жасасын алаш автономиясы» деген жазуы бар, жасыл түсті туы болған. Кеңестік дәуірде ел символы – бесжұлдыз, орақ пен балға һәм қызыл түс болды. Қазіргі  рәміздеріміз – алтын күнді аспан,  қалықтап ұшқан қыран құс, астында «Қазақстан» деген жазуы бар алып шаңырақ т.б.

Рух

Әр халықтың халық боп тұруы үшін оған зор рух керек. Рухы төмен түскен халық, халық боп тұра алмайды. Басы құралмай пышырап, бет-бетімен кетер. Рух өзі екі түрлі болады. Біріншісі – көпшілік, халықтық рух, екіншісі – мемлекеттік, ресми рух. Осы екі түрлі рух қосылып, бүтін бір ұлттық рух шығады. Қазір біздің мемлекеттік, ресми рухымыз әлі  темір қанат балапандай  күй кешіп отыр. Жаңа туылып, көзін енді ашып отыр. Бұдан «бізде бұрын бұндай рух болмаған екен ғой» деген ой тумауы керек. Ол бұрыннан, халық бар кезден бар. Өйткені, халық туылғанда оның рухы бірге туылады. Бірақ, ол заман көшіне ілесе алмай, аяқ-асты болып, тапталып, жаншылып  қалған еді. Тапталған, жаншылған  рух –былғаныш рух, өлі рух. Оның қайтадан туылғандай боп отырғаны осыдан.

Біздің қазіргі әрекетіміз – енді сол заман көшінен қалмау. Заман қарайды екен деп – рухымызды қарайтып алмау. Бықсып жанған рух отымызды қызартып, түрткілеп, үрлеп жағу.

Соңғы сөз

Біздің айтып отырғанымыз –  ел мұраты, Елдік. Ел мұратынан  асқақ, ел мұратынан қымбат не бар?! Бұл мұраттың көздегені – айбынды жол, мемлекеттік жол, елдік жол. Бұл жолда жүретін ұлтшыл жүректі, шыншыл жүректі ұрпақ – қазақ ұрпағы!  Бұл ұрпақ ерліктің, өрліктің бұлағынан  әбден қанып ішкен ұрпақ. Көкірек көзі ашық, көңілі ояу, иманды ұрпақ!

Біздің  зорлығымыз жоқ, бірақ елдік мұратымыз зор! Бар ынта-ықыласымыз, іс-әрекетіміз бүгінде бір елдікке ауған. Тарихқа есесі кеткен, елдікке есі кеткен ұрпақпыз біз. Ол елдік сұлбасы – мұсылмандық ел, түрік ел, қазақ ел, әлем ел.

Жаратушыдан сұрайтынымыз – елдік! Е, Раббым! Мейріміңді  бізге түсіре гөр! Сұрағанымызды  бере  гөр!

Өз кезегімізде біз де қарап жатпаспыз. Елдік деп, шарқ ұрармыз, жан ұшырармыз. Сонда ғана дегенімізге жетерміз. Біржола ғасырлық дертімізден айығармыз. Әйтпесе, бізді Құдай ұрар, тарих алдында  қара бет болармыз!

Осыған бекіндік, жұртым!

Ақжол Қалшабек, 

Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент

Abai.kz