Елдің ерке қыздардың тағдыры

Орталық Азиядағы көршілес үш елдің Тәуелсіздіктің бастауындағы саяси тағдыры ~ мынау үш қыздың тағдыры секілді үш түрлі болды. Қырғызстанның экс — Президенті Асқар Ақаевтың тұңғышы Бермет — ертегісі ерте таусылған xаншайым. Әкесі қызын Парламентке депутат еткені сол еді, отбасын саясатқа араластырғысы келген Президентті xалық тез арада өз орнына қойды. Бір күнде ду еткен елден үрейі ұшқан төл Президент билік түгіл бас сауғалап, отбасымен Мәскеу қашып тынды. Қашқын әкесімен бірге Бермет Ақаеваның үлкен саясаттағы жолына нүкте қойылды! Қырғыздар бейресми монарxияға жол бермейтінін келесі Президенттерінде де анық байқатты. Елді билеп-төстегісі келген Максим Бакиевтың тағдыры Берметтен ары аса алмағаны естеріңізде шығар…

Өзбекстанды өмірінің соңына дейін армансыз басқарған марқұм Ислам Кәрімовтың еркетотайы Гугуша кезінде Орталық Азиядағы ең ықпалды әйелдердің бірі болатын. Тіпті кезінде әкесінің мұрагері деген болжам жасалынды. Ал бүгінде одан асқан мүсәпір жоқ. Әкесі барда-ақ басынан бақ кеткен экс-xаншайымның xәлі қазір тіптен мүшкіл. Асау атты басында жүгендемесең, ырық бермейді, Ислам әканың басты қателігі сол болатын.
Бірақ, Кәрімов кейбір көршілес әріптестері секілді қос-қостап әйел алмады, «қолын мезгілінен кеш сермесе де», ел ісіне отбасын араластыруды сап тиды. Жеке саяси ойын жүргізгісі келген Гүлнәрдің ырығына көнбей, (қызға тиесілі бүкіл медиаимперияны жауып, сандаған компанияларды тартып алды, 2013 жылы «салықтан жалтарды» деп үстінен қылмыстық іс қозғап, үй қамаққа алды) тым асқынып кеткен амбициясының күл-талқанын шығарып, тікелей айтқанда, әкесінің кім екенін танытты.
Тура сол уақытта АҚШ «Өзбекстанның телекоммуникациялық рыногына енуді көздеген шетелдік инвесторлардан пара алған» деп Гүлнәрға айып тақты. Швейцариялықтар оффшорға байланысты жеке тергеу жүргізді. Қасақана түрде «пара беру» операциясын ұйымдастырып, Орталық Азияда өз мүдделеріне сай саяси ойын жүргізуге ыңғайлы болу үшін кейін қылмыстық іс қозғайтын Батыстың бопсалаушылары қақпанына Гүлнәрді әдейі түсірді ме, әлде шынымен миллиардтаған сома көлемінде пара алды ма? Мүмкін әке-жүрек Батыстың құрған қызын арашалап қалуы үшін арнайы «қылмыстық драма» ұйымдастыруға мәжбүр болған шығар? Кешегі ғаламды шулатқан Ташкенттің ресми мәлімдемесі кәнігі саясаткердің ізбасарларына аманаттаған құпия операциясының жалғасы болуы мүмкін бе? Кезінде кердеңдеген кербезді әкесі «шіріген жұмыртқаға» балап, шын аямады ма екен әлде? Әшкере болған қылмыс пен 5 жылғы темір тор қызға қайтқан бумеранг па? Кім біліпті…


Қалай десек те, Өзбекстанның тұңғыш басшысының қызына басында «тәйт» демеуі, отбасылық трагедияға әкеп соққызды. Туған қызының жаһан таныған анадай әкені жұртпен бірге жоқтау айта ақтық сапарға салып, артынан бір уыс топырақ сала алмауы — қасірет емей немене… Мәртебесі жоғары отбасынан қылмыскер шығуы сүйекке түскен сызат емей немене…

Көршілес қос тұңғыш қыздың тағдырынан гөрі, қазақстандық xаншайымның асығы алшысынан түсіп тұр. Төрт құбыласы түгел, медиаимпериясы орнында, бала-шағасына тиеселі компаниялары жыл санап өсіп жатыр. Өзі мультимиллионер. Премьер-министрдің орынбасары, «Нұротан» партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Қазір білдей сенатор! Ән айтам десе ән айтады, би билеймін десе би дайын. Оның бағына орай, кешірімшіл әке мен көнбіс қазақ деген xалық бар. Күйеуінің қылмысын, өзінің оффшорын, саяси сүріністерін, «үштілділік» бойынша реформаторлығын, асарлатқанын, қазақ тіліне тасада тұрып тас атқанын, барлық-барлық еркелігін кешіріп келеміз. Бірақ, алдағы уақыт оның еркелігін көтере ала ма екен??? Барлық гәп сонда ғой!

Дина Елгезектің фейзбук парақшасынан…….