Электронды кітап оқу мүмкіндігі

Ғылыми технология алапат жылдамдықпен дамыған дәуірді түрлі гаджеттерсіз елестету мүмкін емес. Күнделікті қоғаммен байланыс орнатуда қалта телефонның көмегіне амалсыздан жүгінетініміз рас. Бұрын белгілі бір сұраққа жауап табу үшін кітапхана табалдырығын тоздырып, ақпарат алу үшін ақылмандарға жүгінетін едік. Бүгінде ғаламтор көзінде іздеген дүниеңді санаулы секундта таба аласың. Оқушылар, студенттер кез келген жерде, кез келген уақытта электронды кітап оқу мүмкіндігіне ие болса, жұмысбасты ересектердің де жұмысын жеңілдететін электронды құралдардың біз білмейтін кемшін тұсы қандай?

Технология қарыштап дамыған ғасырда электронды құралдардың жоғарыда айтылған пайдасынан бөлек, зияны да аз болмай тұр. Жеткіншектердің түрлі құмар ойындарына тартылуы, атыс-шабыс, қанды қырғын төбелестер жастардың санасын улап қана қоймай, көптеген шаңырақтың отын өшіріп, күлін көкке ұшыруда. Көргенінен танбайтын көкөрім жастар көргенін қайталап, жауыздықты жан-жақтарына, бірге жүрген жора-жолдастарына да жасап, қанқұйлы әрекеттерге баруда. Жуырда ғана ғаламторды жайлаған жаға ұстатарлық жағдайдың куәсі болғанымыз бар. Болашақта ұрпақ өрбітіп, өріс кеңейтетін өрімдей қыздардың өрескел қаныпезерлігі қоғамдық резонанс тудырып, халықтың ашу-ызасын келтірді. Бесік тербейтін қолдарымен қаршадай қандасын, құрбысын соққыға жығып, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан шөпжелкелердің қандықол қылмысын қалай ақтауға болады?! Озбырлардың ойынының құрбаны болған өрімдей қыздың мүгедек болып, төсек тартып жатуына кім кінәлі?! Осының астарына үңіліп көрдік пе, ата-ана, орта кінәлі деп тәрбиенің кемшіндігін алға тарттық тағы да. Ақиқатында, кінәлі – ғаламтор! Ешқандай шектеусіз көрсетіліп жатқан атыс-шабыс, қорлау, азғындықтың түр-түрін көріп өскен жас жеткіншек сол сорақылықтан сабақ алмайды, керісінше, іске асырып көрмек болады. Осыған дейін де Өскеменде, Алматыда орын алған осы тектес қылмыстардан жасы 16-ға толмаған балалардың жасаған қылмысының әділ жазаланбай, ата-анасына айыппұл салумен шектелгендіктен, құрықталмайтынына сенімді жас жеткіншектер небір қылмыстарға баруда. Орын алған қылмысты ғаламторда жариялаудың өзі – жарнама! Оны көріп, қылмыс жасағандардың құрықталмағанын көріп ортамыздан келесі қылмыскер шығады. Атам қазақ ертеде аты жаман нәрсені бүркемелеп, тіпті атын атаса әлгі кесапат келіп қалардай сезініп, тіпті, басқа атаумен атауының өзі бір өнеге. Қасқырды «ит-құс», «ұлыма», жыланды «ала жіп» деп астарлап айтуының өзінде ұрпағын бәле-жаладан сақтау инстикті тұрғандай.

Бірде «Нью-Йорк таймс» газетінің тілшісі Ник Билтон Apple компаниясын құрған. Стив Джобстан: «Сіздің балаларыңыз айпадқа есі кетіп қуанатын шығар?» деп сұраған. Стив өз кезегінде: «Олар оны пайдаланбайды. Үйде біз балалардың телефонда отыру уақытына шектеу қоямыз», — деген. Алпауыт гаджет шығаратын компаниясы бар бизнесменнің бұл жауабы әлеуметтік желіде желдей есті. Ал, Twitter әлеуметтік желісінің атқарушы директоры Дик Костоло өзінің жасөспірім балаларына гаджеттерді тек қонақ бөлмеде ғана ұстатып, жатын бөлмеге әкелуге рұқсат бермеген көрінеді. Осы деректерге сүйене отырып, электронды құралдардың пайдасы бар, ал зияны одан да зор деген тұжырым жасауға болады.

Ғаламтордың орнына кітап оқудың пайдасы кеңінен насихатталса жоғарыда айтылған сұмдықтарға тосқауыл болар ма едік? «Көркем әдебиет жас баланы оқырман деңгейінен саяси қайраткер дәрежесіне көтереді» деген француз ойшылы Г.Флобердің сөзінің астарында ұғына білгенге ұлы сыр тұнып жатқандай.

Қағазға қаламмен тіл бітірген ұлы ойшылдардың кітаптары сөреде шаң басып жатқанын жиі байқауға болады. Қағазға өлең, мақала жазатындардың дені көненің көзін көрген, жасы ұлғайған кісілер.

Түкпірдегі ауылда отырып-ақ мұхиттың арғы бетіндегі Америкамен көзді ашып-жұмғанша хабар алмастыратын ғаламтор ғажайыбына бас имеуге де болмас. Менің бұл жерде айтпағым, қазіргі адамдардың қағаз бен қаламнан алшақтап, ұялы байланыс тіліне көшіп кеткендігі. Бұрынғыдай қолға қағаз бен қалам алып, көңілдегі көрікті ойды жүрек сүзгісінен өткізіп барып ақ параққа ақтарыла жазатын кезең көзден бұл-бұл ұшқандай. Жылдам жүйткіген жүрдек уақыттың жетегіне ілескен жастар қазір көзсіз калькаға бой алдыруда. Лингвистиканың өзіне тән ерекшеліктерін ескермей, «өз тілдерін» қалыптастырып жатыр десек болады. Ұялы байланыс арқылы бір-біріне хабарласқанда қысқартып жазу, әріптерді «жұтып» қою, «не боватр, нестеватсың» тәрізді орашолақ сөз қолданыстары сөздік қорымызға байқатпай еніп кету қаупі төніп тұр. Бұлай кете беретін болса Кеңес дәуіріндегі ликвидацияға апарып соқтыруы мүмкін. Әрине, жаппай сауатсыздықты жою керек деген пікірден аулақпын. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, көңілдегі көрікті ойдың көркін кетірмейік, Абай атамыздың тілімен айтқанда «Ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайық…».

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ,АҚ ЖОЛ ГАЗЕТІ