Электронды үкімет порталына сұраныс жоғары
Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 85,5 пайызы электронды форматқа ауыстырылған. Әсіресе, қызметтің бұл түріне пандемия кезінде сұраныс артқан.
Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісі өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмысына арналды. Баспасөз мәжілісіне қатысқан БҚО бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы директорының орынбасары Жанна Батарғалиева мен фронт-кеңселерді үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнұр Ахметова «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы облысы бойынша филиалында өткен 10 айда атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік қызметтерді оңтайландырудағы жаңашылдықтар жөнінде баяндады.
Баяндамашылар атап өткендей, биыл корпорацияда мемлекеттік қызметтердің 85,5 пайызы электронды форматқа ауысып, қызметтерді алу реті жеңілдетілген. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға дағдыланғандықтан фронт-кеңселердегі қызмет көрсету аймағы кеңейген. Әсіресе, пандемия кезінде электрондық үкімет порталына сұраныс артқан.
ХҚО мамандары 10 айда 500 000-ға жуық қызмет көрсеткен. Жалпы корпорация арқылы мемлекеттік реестр тізіміндегі 698 қызметтің 649-ы egov.kz порталы арқылы көрсетіледі. Оларды тұрғындар egov.kz порталы, eGov mobile мобильді қосымшасы, Telegram-Bot, Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілері арқылы оңай рәсімдей алады. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап енгізілген елдегі карантиндік режимге сәйкес ХҚО жұмыстары уақытша тоқтаған кезде 1414 call-орталықтарымен қоса, «виртуалды ассистент» қызметі қосылған. Ал қазір ХҚО-ның жұмысы қайта жанданып, тиісті санитарлық талапқа сай 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс атқаруда.
Мамандандырылған бөлімнің қызметіне тоқталған филиал өкілдері облысымызда көлік құралдарын онлайн форматта тіркеу және жүргізуші куәліктерін электронды порталда онлайн алмастыру қызметі едәуір өскенін айтты. Есепті мерзімде осы бағытта 20 мыңға жуық онлайн қызмет көрсетілсе, 10 мыңға жуық адамға жүргізуші куәлігі беріліп, 7000-ға жуық азамат көлік құралдарын қайта тіркеу қызметіне жүгінген.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы әлеуметтік сала бойынша бірқатар мемлекеттік қызметтер (асыраушысынан, еңбекке қабілеттіліктен, жұмысынан айырылу және мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, бала туу мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне, «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапатын алған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау) проактивті түрде көрсетіле бастаған. Жуырда жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындау мемлекеттік қызметін де осындай автоматты тәсілмен ұсыну жоспарланған. Есепті мерзімде 25000-дай проактивті қызмет көрсетілген екен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы