Электрондық үкімет негіздері мектепте үйретіледі

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бастамасымен информатика пәні бағдарламасына «электрондық үкімет порталы» бөлімдері енгізіледі. Мемлекеттік корпорацияның бұл ұсынысын ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, тиісті бұйрыққа Ерлан Сағадиев қол қойды. Осылайша, 11-сынып оқушыларының оқу бағдарламасына қажетті өзгерістер ендіріледі.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, орта, техникалық және жоғары кәсіби білім беру ұйымдарында цифрлық сауаттылықты арттыру қажет. Балалар мектеп жасынан-ақ цифрлық технологиялардың тілін түсініп, түрлі электрондық жүйені қолдануды үйренуі тиіс. Осы орайда, 11-сынып оқушылары ақпараттық технологиялар мен ондағы қауіпсіздік сабақтары аясында электронды үкімет порталының жұмыс істеу алгоритімін біліп,  электрондық құжаттар, цифрлық қолтаңба сияқты терминдермен танысып, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алу үрдісін үйрене алады.

«Орта есеппен жыл сайын мектепті 140 мың оқушы тәмамдайды десек, мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға бармай-ақ алуды білетін «цифрлық» ұрпақ саны жыл өте көбейіп отырады. Оның үстіне, ол балалар ата-аналарына, ата-әжелеріне электронды үкімет порталын қолдануға көмектесе алады. Бұл халық арасында цифрлық сауаттылық көрсеткішінің артуына, сөзсіз, әсер етеді», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.

Айта кетейік, бүгінде еліміздің 16 өңірінде ашылған Цифрлық ХҚО арқылы тегін «Цифрлық сауат ашу» курстарына қатысып, электрондық үкімет порталымен жұмыс істеу дағдыларын үйренуге болады. Осы күнге дейін 5 мыңнан астам адам аталмыш курстардан өтіп, тиісті сертификаттар алған. Оған қоса, 2018 жылы мемлекеттік корпорацияның ұйымдастыруымен «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» курсынан жергілікті атқарушы органдардың 3500 өкілі өтті. Олар, өз кезегінде, жаттықтырушы мәртебесін алып, алған білімдерін 686 мың азаматқа үйретті.

 

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

баспасөз қызметі