Елге еткен қызмет еш кеткен емес!
«Шалғай Қарасу» тұрғын алқабы Тараз қаласын екіге бөліп тұрған теміржолдың арғы бетінде орналасқан. Аты айтып тұрғандай, алқап шаһар орталығынан шалғайырақ жатыр. Мұнда негізінен жекеменшік тұрғын үйлер салынған. Салыстырмалы түрде алғанда, құрылысы басталғанына көп болмаған алқапта шешімін күткен мәселелер аз емес. Дегенмен істелген жұмыстар да баршылық. Ол, әрине, қуантарлық жайт. «Жақсының жақсылығын айт…» демей ме қазақ?! Осы орайда аталған істердің жүзеге асуына мұрындық болып келе жатқан қала әкімі Бақытжан Орынбековке аумақ тұрғындары атынан алғысымызды жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Біз «Шалғай Қарасу» алқабындағы Лұқманов көшесінің 1-ші, 2-ші өткелдерінде тұрамыз. Аталған аумақта негізгі көлік ағыны өтетін көшелер, әлі нөмірі анықталмаған учаскелер, бірнеше өткелдер, бұрылыстар мен мектеп орналасқан. Тиісінше, мұнда қоныс аударушылар саны да артып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл аумақта түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Әсіресе қазіргідей күні қысқа қыс мезгілінде көшелердің түнгі жарықтандырусыз тұрғаны жанға батып тұрған. Ашығын айтқанда, кешкі уақытта жүріп-тұру тым қиын еді. Себебі мектептен қайтқан балалар мен жұмыстан үйге оралатын ересектер аяқ астында не барын көре алмай, әбден әбігерге түсетін. Сондай-ақ қараңғы жерде бұралқы иттер де қаптап кеткен болатын. «Қай күні талар екен?» деген үреймен жүріп келдік. «Ұры – түн асқанша» дегендей, көшеде жарық болмаған соң өзгенің мүлкіне қол салу, мал ұрлығы секілді заң бұзушылықтар да көбейіп бара жатқан еді.
Осы аталған жайттың барлығына ұзақ жылдар бойы шыдап келсек те, мұны осы күйінде қалдыруға болмайтынын түсінген жергілікті тұрғындар қала әкімінің алқап тұрғындарымен кездесуінің бірінде біздің көшелерге түнгі жарықтандыру орнатып беру туралы өтінішімізді Бақытжан Әмірбекұлына жеткізген едік.
Жиында базынамызды мұқият тыңдаған шаһар басшысы аталған мәселені назарға алып, көп ұзатпай шешіп беруге уәдесін берген-ді. «Уәде – Құдай сөзі» деген, айтқанындай-ақ қала әкімінің ықпалымен жан-жағы қалың ел болып кеткен қала шетіндегі көшелерге жарық келді. Қуанышымызға қарай, қазір алқабымыз самаладай жарқырап тұр. Ең бастысы, көп көшелерге электр бағаналары қойылды, түнде көшеде емін-еркін, қорқынышсыз жүре бастадық. Ұры-қарылардың қол сұғушылығынан құтылып, қаңғыбас иттердің қарасы да азайып қалды. Жақын маңайдағы №26 мектептің айналасындағы құрылысы аяқталмаған нысандарды да жөндеу басталып жатыр.
Бұрын Шалғай Қарасуға бұры-латын теміржол өткелі, Целиноград көшесіне кететін жол басты көше болып, кептеліс жиілеп, көлік қозғалысы қиын болған еді. Енді Лұқманов көшесі де басты жол болып, бұл мәселе де шешімін тапты. Бүгінде алқапта әлі де жарық жетпеген бірен-саран көшелер бар. Десе де, жұмыстың жүйесімен, кезең-кезеңімен олар да түнгі жарықтандыруға қол жеткізеді деген сенімдеміз.
Бұл ретте тұрғындармен жүйелі түрде кездесу өткізуді жолға қойып, айтылған мәселелерді назарға алып, орындалуына күш салып келе жатқан шаһар басшысына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар облыс орталығындағы орындалып жатқан жобалардың біздің аумақта да жүзеге асуына үлесін қосып отырған округ инспекторы Ескер Бұралқиевтің де еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Ескер – өзі іскер, өзі елгезек азамат. Тұрғындардың мәселелеріне бейжай қарамай, шақырған жерге жедел келіп, елдің талабын тыңдап, түйінді түйткілдерге көңіл бөліп, шешілуіне күш салып тұрады. Оған да алқап тұрғындары дән риза.
Осы тұста айта кетер жайт, учаскелік полиция қызметкерлері де аталған азаматтардан үлгі алып, елмен тығыз байланыста болып, халықтың құқықтық сауатталығын арттыруға үлес қосып, мал ұрлығы және басқа да қылмыстың алдын алу жағдайларын ескертіп тұрса деген өтінішіміз бар.
Бұдан бөлек, алқаптағы айтпай өтуге болмайтын мәселелерді де тізіп өтуді жөн деп санап отырмыз. Біріншіден, аумақтағы тұрғындар-дың тазалық мәдениеті әлі де төмен. Қоқысты көшеге, арық-каналдардың жағасына тастай салу, пластик және өзге де зиянды заттарды өртеу, қоқыстарын арнайы қызмет көліктеріне тапсырмау, олармен келісімшартқа отырмау секілді қылықтарды әдетке айналдырған. Азаматтық белсенділік қабілеттері төмен. Бұдан бөлек, қаладан келіп, Шалғай Қарасудың шет аумақтарына тұрмыстық қалдықтарын төгу де жиі орын алып тұрады. Бұрындары көше тұрғындарының комитеті секілді ұйымдар құрылып, аталған мәселелерді назарында ұстаушы еді. Қазір, өкінішке қарай, олардың барлығы толықтай жойылып кеткен. Осы мәселе де бір жүйеге келсе дұрыс болар еді.
Екіншіден, біз тұратын көшенің маңынан қалаішілік №19 бағыттағы автобус қатынайды. Қуанарлығы, қоғамдық көлік өзінің жүру кестесін бұзбай, уақытылы жүреді. Алайда оның жол жүру бағыты алқап тұрғындары үшін өте ыңғайсыз. Өйткені біз «Бәйтерек» (13) шағынауданындағы ауруханалар, спорт кешені, мектептер мен колледждерге жиі қатынаймыз. Шалғай Қарасудан ол маңайға баратын автобус жоқ болуына байланысты тұрғындар 2 бағытпен немесе таксимен баруға мәжбүр болып жатады. Ал бүгінгі таңдағы такси қызметінің бағасы шарықтап тұрғанын ескерер болсақ, ондай қатынау тұрғындардың қалтасын қағып бара жатқанын айтпай-ақ ұғуға болады деп ойлаймыз. Аталған мәселе жайында әкімдік өкілдерімен өткен жиындарда талай мәрте айтылып, арнайы сұраныс хаттар да жазған едік. Өкінішке орай, барлық жауапты мекемелер мұндай өзгерістердің мүмкін емес екенін айтып, көңілімізді су сепкендей басып тастады. Осы ретте тасымалдаушы компаниялардың ғана пайдасын ойламай, халықтың мұқтажы да ескерілуі қажет екенін түсінсе дейміз.
Үшіншіден, алқаптағы Розыбакиев көшесіне ауыз су, газ жүргізіп, жол салу мәселесі де көптен бері шешімін таппай келеді. Осы көшенің жанындағы бұрылыс-өткелдер де белгісіз, нөмірлері түсініксіз, үйлер көп. №26 мектепке өтетін аяқ жол өткелі де керек. Бұл мәселеге де көңіл аударатын мезгіл жетті.
Төртіншіден, біз тұратын аумақта балабақша жоқ. Теміржолдың бергі бетіндегі қалың елге бір ғана мемлекеттік балабақша қызмет етеді. Ал мұндағы жеке балабақша-ның төлемақысын бұл маңдағы тұрғындардың қалтасы көтермейді. Сондықтан осындағы мектеп жанына үлкен балабақша ауадай қажет.
Бесіншіден, өткен жылы сайланған қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары сайлаушыларымен кездесіп, есеп беріп тұрулары керек емес пе? Оларды сайлаудан кейін көрмедік. Алқаптағы халық Таразға келген Мәжіліс пен Сенаттың депутаттарымен де жолыға алмай келеді. Осы мәселелердің барлығы алқабымызды айлы түндей жарық еткен шаһар басшысының назарына алынып, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешуге ықпал етеді деген үміттеміз.
Қорыта айтқанда, қала әкімі Бақытжан Орынбековтің, оның орынбасарларының қызметтері жақсы нәтижелер беріп жатыр деп санаймыз. Жұмыстарына таудай табыс тілей отырып, еңбектері жана берсін, қызметтегі құзыреттіліктері қала тұрғындарының пайдасына аса берсін деп тілек айтамыз! Елге еткен қызмет еш кеткен емес!
Ізгі тілекпен,
«Шалғай Қарасу» алқабы
Лұқманов көшесі 1-ші,
2-ші өткелдерінің,
Розыбакиев көшесінің тұрғындары.
Тараз қаласы