Елі үшін туған ер
1994 жылдың қыркүйегінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырханов ҰҚК Шекара қызметінде батылдық пен табандылық танытқан батыр. Интернационалдық борышын өтеп жүріп, Ұлттық ұланның 17 жауынгері тәжік-ауған шекарасын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Раджан Батырхановты Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон І дәрежелі «Спитамен» орденімен марапаттаған. Осыған орай бірнеше кітап жазылып, «Қазбат» атты фильм түсірілді. Тәжікстанның Ауған елімен шектескен Памир тауының Пшихавр шатқалында қарулы қақтығыс болады. Еліміздің сарбаздары соңғы демі таусылғанша күресіп, өз міндеттеріне адал екендерін көрсетті.
Тәжік-ауған шекарасында болған дәл осындай қақтығыс кезінде ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы Р.Батырханов ерлікпен қаза тапқан еді. Қазір еліміздің шығыстағы шебінде батыр шекарашының атында шекара бөлімшесі бар. 1994 жылы Раджан «Шыңдығатай» деп аталған сол кездегі шекара заставасында өзінің Отан алдындағы борышын өтеп жүрген еді. Содан өз еркімен тәжік-ауған шекарасына аттанады. Раджан көрсеткен ерлік пен жанқиярлық үлгісі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталады.
1993-2001 жылдар аралығында қазақстандық шекарашыларға тәжік-ауған шекарасының 70 шақырымдық аумағын күзету туралы тапсырма берілген болатын. Ол Калай-Хумб шекара отрядының «Мост», «Микрон», «Джавай», «Кеврон», «Плато» және Висхар шатқалындағы шекара посттары болатын. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «ТМД-ның тәжік-ауған учаскесіндегі сыртқы шекарасын қорғауды күшейту туралы» 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына орай, осында 2001 жылға дейін ҰҚК Шекара қызметінің 24 батальоны ауысыпты. Тоғыз мыңға тарта сардар мен сарбаз жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындаған.
Шекараны қорғау кезінде батальонда елу шақты адам қаза тапқан. Алғашқы шайқас 1994 жылдың 28 қыркүйегінде 200 қарулы моджахед Хары ауданының аумағына шекараны бұзып кірмек болған кезде басталған. Оларға 38 қазақстандық және ресейлік шекарашы қарсы тұрды. Кіші сержант Раджан Батырханов өзінің пулеметімен моджахедтерге оқ жаудырады, жаумен әлі таусылғанша шайқасады. Шекарашыларға көмек өте кеш жетіп, Раджан ауыр жараланып, шекарашыларға көмек өте кеш жетеді. Осылайша тәжік-ауған шекарасында Раджан Батырханов ерлікпен қаза табады.
Әскерде жүрген Раджан 1994 жылы тәжік-ауған шекарасына кетіп бара жатқаны жайлы анасына ескертіп айтпапты. Міне содан бері отыз жылдай уақыт өтіпті. «Балам мектепті бітіре сала әскерге аттанды. Катонқарағайдағы Е.Рыков атындағы мектепте оқыды. Сабағы да, тәртібі де жақсы болатын. Достарының ортасында сыйлы болды. Әдеби кітаптарды көп оқыды. Суретті жақсы салатын, волейбол ойнайтын. 11-сыныпты бітірген жылы бір баланың өмірін құтқарып қалды. Кешке қарай ауруханада жатқан ағасына тамақ апарып келе жатып, саябақ ішінен қашып шыққан балаларды көреді. Сонда біреуді пышақтап кетіпті. Раджанның батырлығы ғой, қашпай, досы екеуі әлгі жараланған баланы көтеріп алып, көлік тоқтатып, ауруханаға апарған. Ол әскери борышын өтеуге жанымыздағы Күршімге барды. Жақын жер деп қуандық. Алты айдан соң үлкен ұлыммен бірге барып қайттым. Бір-ақ күн жанымда болды. Сөйтсем соңғы көруім екен. Алыстағы Тәжікстанға кетіп қалады деп кім ойлапты! тәжік еліне рахмет! Ұмытпай ұлымды құрметтеп жатқанына». Тәжікстанда Раджан Батырханов атында мектеп, көше беріліпті. Алайда өз еліміз мұндай дәрежеге жетпей жатыр. «Халық Қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныстар берілгенмен ескерілмеуде. Әзірге өзінің туған жері Катонқарағай ауылында Р.Батырханов атында көше мен Шыңдығатайда застава бар. Білім ордасына атын беріп, ауылына кеуде мүсінін орнатса халқы батырын мәңгі ұмытпай естеріне сақтап жүрер еді.
1994 жылдың 28 қыркүйегінде қаза тапқан батырларымызға 30 жыл толуына орай еліміздің барлық облыстарында еске алу шаралары жүріп жатыр. Таяуда Гарнизондық офицерлер үйінде батыр шекарашы Раджан Батырхановты еске алу кеші өтті. Ол ата-бабамыздың ізін басқан батырларымызға тағзым жасап, жас буынның жүрегіне патриоттық рух беру және Отан алдында әскери міндеттерін абыроймен орындау мақсатында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар # 17 ЖОББМ-нің АӘТД-ның оқытушысы-ұйымдастырушысы, тәжік-ауған шекарасындағы Ұрыс қимылдарының қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбаев Есенғали Найманғазыұлы және Абай облысы Семей қаласының шекара департаменті. 26 қыркүйекте жігіттер Семейден Өскемен қаласына барды. Өскеменде ескерткішке гүл шоқтарын қойып , іс-шараға қатысып, Катон-қарағайға шықты. Катонда 27-сі күні валейболдан турнир өтті және мектепте іс-шара өтіп ас берілді. Сондай-ақ 28-і Раджанның атындағы Заставада іс-шара өткізіліп, ас берілді. Семей қаласында да 28.09. ас берілді. 25 қыркүйекте Қарағанды Жеңіс саябағында ескерткіш тақтасы ашылды. Оған Қазақстан Республикасы ҚБ төрағасының орынбасары, Ұрыс қимылдарының ардагері Аяған Нұрболат Жолболдыұлы қатысты. Сонымен қатар алдағы апталарда Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған қалаларында да өткізу жоспарлануда.
Шаргүл Қасымханқызы