Елім деген азаматтар Ерболаттай-ақ болсын…

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындам Жамбыл облысында жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, «Туған жер» тармағы бойынша атымтай жомарт азаматтар бұл бағытқа жұмыла үн қосуда. Сондай Елім деген ердің бірі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов шалғайдағы Мойынқұм ауданына шарапатын тигізуде.

«Туған жерге туыңды тік!» жалпы облыстық акция аясында күні кеше ТИГУ ректоры, Мойынқұм ауданы әкімі аппараты және Қарабөгет ауылдық округі әкімдігі үш жақты өзара әрекет ету және серіктестік-ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл мәміле негізінде, Ерболат Байұзақұлы өзінің туған топырағы Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылына «Жаңғырған ауыл» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарына мешіт, жастарға арналған сквер, кіші футбол алаңы және ауыл өнерпаздарына жазғы сахна салып, сыйға тартатын болады.

Жалпы бұл университет басшысының бірінші жомарттылығы емес. Бұған дейін Ерболат Саурықов өз қаржысына университеттің 4 студентіне оқу грантын және «Тараз» футбол клубының төрт ойыншысына 13 миллион теңгеге сыйақы тағайындаған еді. Сондай-ақ, «Жыл адамы-2017» номинациясының иегері ел игілігі үшін бірқатар бастамаларға ұйытқы болып, студенттерге арналған жатақхананың құрылысын да қолға алуда.

Міне, Елім деген азаматтар дәл осы Ерболаттай-ақ болсын!

Саятхан Сатылғанов