«Елім!» деп еміренді жас атыраулықтар

«Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы оңтүстік өңірден басталып, біртіндеп жағалай батыс аймаққа келіп жетті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған маңызды шара Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында болып өтті. Акцияның басты ұйымдастырушысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Атыраудағы ауқымды да маңызды оқиғаға өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Облыс әкімі зал толы көрерменді акцияның Атырауда жалғасуымен құттықтап, халқымыздың тәуелсіздікті сақтап, нығайту жолындағы ерен еңбегіне тоқталды. Өткен жылдар жылнамасына тебіреніспен шолу жасады.

— Осы отырған сіздердің апаларыңыз бен ағаларыңыз еліміз егемендігін алған алғашқы жылдарда сіздер сияқты жастар болатын. Олар маңдай тер мен білек күшін жұмсап, тәуелсіздік тұғырын бекітуге зор үлес қосты. Баянды бейбітшілік пен озық дамуға жету жолында сіздер де сол жігер мен қайратты көрсетіп, үлес қосатындарыңызға сенім мол. Қазіргі қол жеткізген Тәуелсіздік даламызға оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған, ат жалында жүріп, сындарлы сәттерде жанын пида еткен, жерін қорғап ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалдырған аманат – ел азаттығы болатын. Сол арман орындалған қазіргі ерекше кезеңнің бақытты жастары сіздер арқалар жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Сіздерге Тәуелсіздікті сақтау, сол жолда білім мен еңбек арқылы үлес қосу міндеті бар.

%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%83-%d3%99%d0%ba%d1%96%d0%bc%d1%96

Елбасы жастардың жағдайын үнемі назарында ұстап, сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар мүмкіндіктің жасалуын қадағалап келеді. Озық елдер қатарына жетуде ел экономикасын ілгері апаратын сіздер боласыздар. Сондықтан алдарыңызға айқын мақсат, нақты жоспар қоя біліп, өркениетімізді отаншылдық рухпен дамытуға әрқайысыңыз үлес қосыңыздар. Жалынды жүректеріңіздегі асыл армандарыңыздың орындалуына тілектеспін деді Нұрлан Асқарұлы зал толы жастарға.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-222

Бұл күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы фойесінде жүздері бал-бұл жанған жастар өзара пікір алмасып, әсерлерімен бөлісіп жатты. Залда Қазақстан, туған жер, достық, жастық туралы әндер шырқалды, жалаулар желбіреп, ұрандар айтылды. Сан алуан ұлт киімдерін киген этно-мәдени бірлестік мүшелерінің де, арнайы шақырылған ардагер қонақтардың да айтары көп болды. Жергілікті қолөнершілер көрмесінің тамсандырған шеберлері өз бұйымдарымен көз қарықтырды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-239

Енді бір сәтте акция иелері «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын шараны жалғастырушы Маңғыстау облысынан келіп қатысып отырған арнайы өкілдерге салтанатпен табыс етіп, сәт сапар тіледі. Бұл кітаптағы атыраулықтарға арналған беттерге облыс көлемінде тәуелсіздік жылдарында жүзеге асырылған экономикалық және әлеуметтік жетістіктер жазылған. Сол табысқа жастар қосқан үлес те айтылып, алдағы кезеңдерде Отанымыздың көркеюі жолында күштерін біріктіре отырып, жігер қайратын  жұмсайтындары айшықталды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-035

Атыраулық жастар акцияға бір адамдай үн қосты. Қаланың барлық білім мекемелері, жұмысшы жастар, интеллигенция, маман қызметшілер осы жерге жиналып, ақ ниет тілектерін арнайы қойылған тақта қабырғаларына өрнектеді. Жастардың жүрекжарды дауысы бір арнада тоғысып, «Қазақ елі, Тәуелсіздік киесі, Отан ана, Атамекен, Мәңгілік Елім, Ұлы Далам, Туған жер» деген қасиетті сөздермен шартарапқа тарап жатты.

                                                  Светлана Муньянова