Еліміздегі ең үлкен тоннель пайдалануға берілді
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан ашылған алып тоннель құрылысының жырға айналып келе жатқанына он жылға жуықтаған еді. Жуырда еліміздегі осы ең үлкен жер асты жолы пайдалануға беріліп, оның ашылуы салтанатты түрде аталып өтті. Нысанды ресми түрде көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ашты.
Еліміздің шығысынан батысына дейін созылып жатқан автобанның Түркістан мен Жамбыл облыстарының шекарасы маңындағы жерасты бөлігінің ұзындығы 840 метр. Оның әр метріне 12 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев бұл жолдың еліміздің экономикасы үшін үлкен мәнге ие екенін айтып, автобанның халықаралық тауар айналымына қосып отырған үлесіне тоқталды.
– Бұл – Қазақстанның көлік инфрақұрылымы үшін маңызды оқиға. Еліміздегі алғашқы тоннель. Ашылғаннан кейін негізгі көлік ағыны Шақпақ Баба елді-мекенінің айналма жолына бағытталды. Бұл елді-мекеннің ішіндегі жол қауіпсіздігін арттырады. Сонымен қатар нысан қыста жүргізушілердің Шақпақ баба асуында қар құрсауында қалып қоймауына мүмкіндік береді, –деді вице-министр.
Бұл жолмен тәулігіне шамамен 20 мыңға тарта көлік өтеді екен. Бұған дейін жүргізушілер ауыл іргесіндегі тар жолмен әрең қатынап келген болса, енді тоннельдің арқасында жол азабынан арылып отыр.
Десе де асуда қыста жиі болып тұратын қатты боранда бұл тоннель де ара-тұра жабылуы мүмкін дейді сала мамандары. Өйткені ат құлағы көрінбейтін қарлы бұрқасында бұл тұспен жүру аса қауіпті көрінеді. Мұндай кезде көліктер ауыл ішілік жолмен уақытша айналып өте тұрмақ.
Тоннельдің ені – 11, биіктігі 8 метр.
Жерасты өткелінің құрылысына жалпы көлемі 10 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.
Нысанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел қызметтермен байланысуға арналған таксофондар, жол жәшіктері, бейнебақылау камералары, өрт дабылдары, люминесцентті шамдар, апаттық шығу, жарық қайтарғыш элементтер, өрт сөндіру жүйесі, өрт сөндіру резервуарлары, нысанды тастардың құлауынан қорғайтын құмды бассейндер, ақпараттық тақта және т. б. жүйелер қарастырылған.
Жасұлан Бақытбек