ЕЛІМІЗДІҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ СИМВОЛЫ
Республика күні Абай облысында кең ауқымда атап өтілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен араға 13 жыл салып қайта оралған Республика күні мерекесіне ұлттық мәртебе берілгені белгілі. Биыл еліміздің аумағында бұл айшықты дата тіптен, маңыздылығы артқан сәттерімен ерекшеленді. Соның бір дәлелі ретінде жаңадан құрылған Абай облысы аумағында 100-ден астам шаралардың өтуінен де көруге болады. Яғни, Республика күні Президент атап көрсеткендей, «Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы».
Сол орайда атаулы күннің ең ауқымдысы Семейдегі Абай атындағы театрда өткен салтанатты жиында айқын көрінді. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жайында кең ауқымда баяндай келіп, Республика күнінің маңыздылығына тоқталды. «Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – халқымыздың азаттық жолындағы тарихи жеңісін дәріптейтін айтулы дата. Сондықтан, біз үшін Республика күнінің құндылығы аса жоғары. Қазақстан әлемдік аренада танымал, саяси және экономикалық тұрғыда тұрақты, дамудың жаңа, әділ кезеңіне қадам басқан елге айналды. Біздің барлық жетістіктеріміз халқымыздың береке-бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек. Сөз жоқ, бұның барлығы, отандастарымыздың еселі еңбегінің, елге, жерге деген сүйіспеншілігі мен адалдығының арқасы. Сондықтан, баршаңызға шынайы ризашылығым мен шексіз алғысымды білдіремін!» – деді аймақ басшысы өз құттықтауында. Осылай дей келіп, облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы Президент Жарлығымен еңбегі жоғары бағаланған азаматтарды жиылған қауым алдында салтанатты түрде марапаттады. Атап айтқанда, Көкпекті ауданындағы «Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгелдин мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков «Парасат» орденімен, еңбек ардагері, «Абай облысы татар қоғамдық орталығы» қоғамдық ұйымының құрметті мүшесі Рашида Хасанова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Әлин, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің мұғалімі Серік Малаев, Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков, Аягөз ауданының ауданаралық емханасының терапевт дәрігері Ләззат Темірханова, Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев тағы да басқа бірнеше азаматтар «Құрмет» орденін иеленді. «Семей су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының слесарі Ержан Жұманбаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері атанса, айтыс ақтаңгері, ақындар ұстазы Дәметкен Омарбаева, Семей қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Шаған Жұмақсанов, Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұргүл Сағындықова, «Мәуліт» шаруа қожалығының басшысы Қайырлы Қасенов (Ақсуат ауданы), «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі» директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Белгілі журналист, «Абайдан.кз» ақпараттық сайтының бас редакторы Эльмира Жүрсінбекқызына «Шапағат» медалі салтанатты түрде табыс етілді. Жалпы, осындай марапаттауларға ие болған облыстың дамуына үлес қосқан азаматтар арасында білім және медицина саласының ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, ғалымдар, музыканттар, ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері мен кәсіпкерлер бар.
Көк тудың желбірегені…
Республика күні мерекесі күні Ертіс өзенінің үстінен тартылған көпірдің астындағы демалыс кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті. Бұл күннің барша қазақстандықтар үшін алатын орны ерекше екенін, ұлттың тәуелсіздігін, егемендігі мен тұтастығын білдіретіндігінің бір көрінісі осы салтанатты тарихи мәні зор рәсім десек, артық айтпасымыз анық. Бұл күн отандастарымызға егемендік жолындағы қиындықтар мен кедергілер, Тәуелсіздіктен күні бүгінге дейінгі жетістіктерімізді еске салады. Салтанатты шараға 300-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, облыстық басқарма басшылары, саяси партиялар өкілдері, депутаттар, күштік құрылым қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар және тұрғындар бар. Көк байрағымыз мемлекеттік Әнұранымыз шырқалуымен көтерілді. Айта кету керек, Республика күніне орай Абай облысында 100-ден астам іс-шара өтіп жатыр.
Аудандарда пәтер кілттері табыс етілді
Абай ауданы Қасқабұлақ ауылында мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау да осы тарихи күнмен тамаша үйлесім тапты. «Нұрлы жер» республикалық бағдарламасы аясында 2020-2023 жылдар аралығында ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдеріне 138 пәтер берілген болатын. Сонымен қатар, 2020 жылы бюджет қаражаты есебінен Қарауыл ауылындағы көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 16 пәтер тұрғын үй кезегіне сәйкес беріліп, барлығы 154 кілт пәтер иелеріне табысталған еді. Биыл Абай облысы әкімінің қолдауымен 9 ауылда әлеуметтік осал санатындағы отбасыларға арналған 70 пәтерді пайдалануға беру жоспарға енген. Соған орай, Қасқабұлақ ауылында аудан әкімі Мейіржан Смағұлов тұрғындарды құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті. Бесқарағай ауданында да дәл осы күні кезекте тұрған отбасыларға жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Облыс ауылдарында баспанаға кезекте тұрған тұрғындар көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Канонерка ауылында екі пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға беріліп, оған төрт отбасы қоныстанды. «Бүгін республика күнінде төрт баламызбен үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Балалар бұл күнді көптен күтті. Жаңа үйге қарап отырып, қуанышымызды жеткізе алмай тұрмын. Көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламасына ризамын. Барша жерлестерді Республика күнімен құттықтаймын!» – деді көпбалалы ана Гүлзира Қуанышева. Дәл осындай марапаттау рәсімі аудан орталығы Бесқарағай ауылында да өтті. Аудан әкімі Талғат Мұратов тұрғындарды мерекемен құттықтап, отбасыларға пәтер кілтін табыстады. Жаңадан қоныстанғандардың қатарында көпбалалы үш отбасы, халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан төрт отбасы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы бар. Ақын Нұрлыбек Баймұратұлының туған жері Қарағайлы ауылында да көпбалалы төрт отбасы жаңа пәтерге ие болып, салтанатты түрде кілт табыстау рәсімі өтті. Дәл осындай мерекелік шара Көкпекті ауылының да көркін енгізді. Бұл ауданда 4 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Кілттерді табыстау рәсіміне аудан әкімі Әділет Қожанбаев қатысып, баспаналы болған тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады. «Жолдасым екеуіміз көп жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрдық. Осы уақыт бойы пәтер кезегінде тұрдым. Міне, осы жылдар бойы арманымызға қол жетіп жатыр. Баршаңызда осындай жақсы жаңалықтар көп болсын. Қоныс құтты болсын! Қазір бізге 3 бөлмелі пәтер беріп жатыр», – дейді ауыл тұрғыны көпбалалы ана Динара Төлеуғалиқызы. Ал Үржар ауданы Таскескен ауылында «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйверлері» жобасы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жеке инвесторлар салған екі пәтерлі (барлығы алты пәтер) үш тұрғын үйдің кілті табыс етілді. Олардың жалпы ауданы 5790,0 шаршы метр шамасында. Аудан әкімі Ақылбек Башимбаев жаңа қоныстанушылар мен барша тұрғындарды мерекелерімен құттықтап, бұл шараның отбасы құндылықтарын нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауының арқасында қуатты әрі Тәуелсіз мемлекетке айналды. Бүгінгі Республика күніне орай жерлестеріміз жаңа пәтерлерге ие болды. Шаңырақтарыңыз жылу мен берекеге толы болсын!» – деді аудан әкімі. «Таскескенде оң өзгерістер болып жатыр. Жолдар салынып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде, спортпен шұғылдануға жол ашылғаны қуантады. Бүгін баспаналы болып, арманымыз орындалды. Балаларымның жылы әрі жайлы үйде тұрып, білім алатынына өте қуаныштымын. Осындай қамқорлық жасаған мемлекетімізге алғысымызды білдіреміз. Барлық шаңырақта тек жақсылық пен бақыт болсын!» – деді көпбалалы әке Сырым Айшыңғысұлы. «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы өмір сүруге қолайлы жағдай жасау және әлеуметтік секторды қолдау арқылы Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған.
Таскескеннің ажарын ашқан спорт модулі
Үржар ауданының Таскескен ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында спорт модулі ашылды. Ангар үлгісіндегі модульде ойын және күрес түрлерінен жарыс өткізуге болады. Бір мезетте 28 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Модульдің ашылуына аудан әкімі Ақылбек Башимбаев, аудандық мәслихат төрағасы, мекемелер басшылары, ақсақалдар, танымал спортшылар мен ауыл тұрғындары қатысты. «Ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық даму жолын айқындап, жоспарға сай жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламаның аясында осы модуль ашылып отыр», – дейді Таскескен ауылының әкімі Айдын Қожаев. Жаңа модульде дзюдо, грек-рим күресі, футбол секцияларын ашу жоспарланып отыр.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Абай облысы