«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы»

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Оралдағы Достық үйінде осындай тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырылды деп хабарлайды БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.

Жиынды Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Шараға БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктер төрағалары және ғылыми-сараптама тобының мүшелері қатысты. Ғылыми конференция жұмысында БҚО ҚХА ғылыми-сараптама тобының мүшелері Н.Аманбаев пен Т.Шайхиев тәуелсіз және көпұлтты Қазақстанның жетістіктері, Тұңғыш Президенттің еңбектері, Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Н.Назарбаевтың рөлі туралы баяндамалар оқыды.

Елбасымыз өзі айтқандай: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алаусыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген». Конференцияда сөз алғандар да елі сүйген, елін сүйген Елбасының қайраткерлігі, көшбасшылық қасиеттері, сарабдал саясаты туралы тұжырымды ойлар айтты. Сонымен қатар жиынға қатысқан А.Туркина, Д.Саратов, Ф.Миликеева өздерінің Елбасымен кездескендегі әсерлері мен Ұлт көшбасшысы туралы ойларымен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған ғылыми-сараптама тобының мүшесі, «Рухани жаңғыру» институтының директоры А.Қыдыршаев: «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға да соншалықты қажыр-қайрат керектігі айдан анық» деп түйіндеді өз ойын.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы