Еліңде кімің бар?

Бұл тақырыпқа шығарылған сауал әлдебір мәселе туғызып отырғандай ойға қалдырмаса керек. Қазақтың қария сөзіне жүктесек, әрдайым бір-бірімізді іздеп, жанашыр болудың тәрбиелік маңызы зор. Сол себепті дархан да байтақ даламыздағы ел-жұртымыздың жақсылары мен жайсаңдарын, батырлары мен ақындарын, ғұлама ойшылдары мен ғалымдарын, еліне тірек болған ақберен азаматтарын ұмытпай, жадыда сақтап және оларды болашақ жас ұрпаққа үлгі етіп, әрбір буын айта жүруге тиісті әрі тарихи сананы жаңғыртуға қажетті кісілік борыш деп білеміз.

Біз әрбір жас азаматтың өзгеге кеудесін бастырмайтын, біреуге тәуелді болып өмір сүруден азат, ойы да еркін, жүрген жолы да ашық, маңдайы да ашық жағдайда тәрбиеленіп өскенін мұрат еткен халықпыз.

Бірақ, өкінішке қарай, біз ұмытшақпыз.

Күні кеше өзіміз куә болған түрлі кездесулер мен жиын, басқосулардың қандай мәнді болған- болмағанын да тез естен шығарып аламыз. Елеусіз ғана зырылдап өтіп жатқан өмір секілді бәрі де өтті, кеттіге санап, уақыттың жауапкершілігі мен оның иыққа салатын салмағына да есеп бермейміз.

Адамзат ойшылдары «Уақыт-ұзақ, ғұмыр- қысқа» деп неге айтты?

Сол алтыннан да қымбат уақытты бағалай білудің жай-жапсары жайында сан мың ой- пікір бар, ақылды сөздердің қиыр ұшына жете алмайсың.

Бірақ… пәндәуи тіршілікте мойын бұрғызбайтын уақыттың ағыны мен ағысында адамдарды адастырудан сақтап қалатын бір құндылық бар.

Ол – туған елі мен жерін өркендетуге орасан еңбек сіңірген, маңдай терін төгіп қызмет еткен адал, ұстанымы берік, пейілі таза, моральдық кейпі қарапайым және қасиетті, отаншыл, еңбексүйгіш жандарды ерекше құрметтеу. Қоғамды дамытуға қосқан еңбегін атап айтудан жалықпау және адалдық таныту.

Ұлттың ұяты, өзі өмір сүрген заманның ар-ожданы болған дара адамдардың тұтас өңір мен аймақтың төлқұжатына айналғанын, олар жайында тек ілтипатты лебіз білдіретінін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Біз оларды ұмытпауымыз керек. Туған еліміздің арда азаматтарын ұмыттырмайтын тек халықтың сана-сезімі мен ниеті ғана емес, елдік идеологияның насихаты жүйелі болуына да қатысты мәселе.

«Еңбегі еленбесе, сол қайғы» ( Ш. Мұртаза).

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осы мәселе ой қозғатып отыруы да заңдылық.

Тасқа басылған Талас жазуларында, онда да атақты этнограф, жазушы, білімпаз Ақселеу Сейдімбектің ғылыми зерттеулерінде «Талас өзенінің Тектұрмас сарқырамасының сағасынан табылған Талас жазуында – «Жүректе таңбаланған» деген сөз ойып жазылған оқтау тас-бұйым табылғаны көшпенділер дәуірінің көшелі болғанын және ел жүрегінен орын алған адамдар мен олардың өшпес ізін айғақтап тұрған жоқ па?» – деп тебіреніп келтіреді.

Тарихи өлкенің құнды дүниесі осы кезде қай мұрағат, қай музейде сақтаулы тұрғанын да айқындау қажет. Не болмаса, Талас жазуларының жеке көрмесін ұйымдастыруды ойластыруды жүзеге асырғанымыз абзал. Орайы келгенде айта кетейік, бағзы тарихтың бағын ашқан Талас-Тараз жазуларының көнеден бергі ғибраттарының елеулі кезеңін үңіле зерттеген ғалымдардың бірі – жамбылдық танымал ғалым-филолог Ерболат Саурықов екенін білеміз бе? Тіл білімі ғылымының докторы диссертациясына арқау болған бұл тақырыптың аясында қаншама ой-жосықтар мен болжамдар айтылғаны белгілі. Ал, нақты ғылым дәйек пен дәлдікке арқа сүйейді.

Киелі Әулиеата, көне Тараз қаласы ұлылардың атамекені екеніне көз жеткізіп, ой мағынасын байытатын тарихи оқиғалар мен есте ұзақ сақталған сәттер өте көп.

Тарихты адамдар жасайды.

Ал, ата тарих әр өңірдің өмірлік жолын ірі тұлғалардың өлшеміне және жергілікті деңгейден жоғары тұрған даңқына орай жазылады.

Заман құбылады. Шын асыл ел жүрегінде жарқырай береді.

Қазақ халқы құдірет тұтатын тұлғалар тұнық күйінде тұра қалады.

Ғасырлар бойы аңызға айналған алыптар мен ірілердің ісіне тең келер не бар?

Бұл тұрғыда ғұлама тарихшылардың көзқарастары мен пайымдаулары, тарихи тұлғаларға баға бергенде алаламай, олардан періште де, жау да жасамай, сол заман шындығы турасынан нақты дерек, құжаттарға сүйеніп, эмоцияға берілмей т арихшы мамандардың зерттеулеріне сүйенген абзал деген тұжырымдары әділетті және дұрыс.

Ел ішінде, ауыл-аймақта қалың жұрттың және бірнеше толқынның қадірлісіне айналып танымалдыққа ие болу өте қызық құбылыс. Және ол ұзақ жылғы еңбек, ыждаһатты басшылық, адалдық пен шынайылылықпен толысып, толығады.

Табиғи байлығы мен жер аумағы жағынан еліміздегі ең іргелі аймақ Мойынқұм ауданы десе, жыртылып айырылған аң-құсы бір бөлек, ең әуелі Шопан ата өз заманында ең жоғары марапат-екі мәрте Алтын Жұлдызды кеудесіне таққан Жазата-Жазылбек Қуанышбаевты білмейтін қазақ жоқ. Еңбек торысы, механизатор Шотай Тайбағаров болса, қой қырқудан дүниежүзінің жеңімпазы атанып, Австралия, Жаңа Зеландия және Еуропада азуын айға білеген тарландарды таңғалдырған жоқ па? Сосын құм қойнауында көсіліп жатқан ауданды құлпыртып, өркен жайған даңқын Алашқа танытқан Айтбай Назарбековтей аймаңдай басшысын айтады.

Бергісі – Қазақстанның Халық Қаһарманы, желтоқсаншы өр тұлға Қайрат Рысқұлбеков!

Шу жағы ма? Тоғыз жолдың тоғысы. Шартарапқа әйгілі Шу стансасы.

Шу өзені. Атақты күйші, композитор, бір ғана «Ерке сылқым» ғажап күйімен тарихқа енген Әбдімомын Желдібаев пен атақты жыршы, термеші Аяз Бетбаевтай өнер дүлдүлдерін білмейтін көрермен жоқ шығар, сірә.

Жазиралы Қордайда қазақ ән өнерінің тұнығы Кенен Әзірбаев өзінің атақты «Көкшолақ», «Базар-Назар», «Ойжайлау», «Көркемжан» секілді әндерімен құс қайтарған әуезді Алатау асырып шырқағандай-ау. Қалам ұшымен қайрат қылған Сансызбай Сарғасқаев, Марал Сқақбаев, Рза Қунақова, Несіпбек Дәутайұлы, атағы жер жарған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушының бірегейі, композитор, әнші Мұрат Құсайынов және бірталай ірі мемлекет қайраткерлері ойға оралады. Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дипломат, мемлекет қайраткері Балжан Бөлтірікова, әйгілі спортшы, атақты «Буревестник» волейбол командасының капитаны Жәнібек Сауранбаев та Қордай ауылының түлектері.

Мерейлі Меркі! Көне дәуірден бергі уақыт құйынында да аты өзгермеген құйқалы өңірде кім бар десе, ХХ ғасырда ел басқарған ұлт перзенті Асанбай Асқаровтың кіндігі кесілген жұрттың өршіл түлектері мен ер мінезді сайыпқырандарын самсатып айтар еді. Бүкіл қазақ журналистерінің таутұлға ұстазы Темірбек Қожакеевтің де кіндік қаны тамған осы жер. Қазақтың ән мектебінің талантты өкілі, халық артисі, керемет композитор Алтынбек Қоразбаевтың әуелете шырқаған әндерінің әсері тіптен бөлек. Бір өзі ән Алатауындай болған Кенен ақынның көзіндей кемел әнші. Әрбір әсем әнінен көрерменнің жандүниесі тербеліп, сағыныш сазы кеудені кернейді.

Диқан ел, дарқан жұрт, мерейлі аймақ.

Ұлы Жібек жолымен зулап бара жатқан жеңіл көліктегі жолаушылар Меркіден Құланға қарай жақындағанда бір әдемі ән тыңдайды делік. Мэлс Өзбековтың «Келші, Құланға» әні мен ән сөзі (Айша Көпжасарова) ежелгі өңірдің жер атауларымен бейнелегенін өте сәтті шешім болып шыққанын сүйсіне айтар еді.

Иә, кезінде дүрілдеген Луговой жылқы зауыты, Олимпиада жүйрігі Абсент тұлпар еске түседі.

Тағы бір жазғы Олимпиада жеңімпазы, боксшы Ермахан Ыбырайымов пен атақты балуан, жазғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтың да туған жері – Құлан мен Жақсылық ауылы. Ауылдан шыққан, мыңғыртып қой бағып миллионер атанған Сайранбай Дөненбаев республикамызда өзі қатарлы еңбек адамдары арасында алғашқылардың бірі болып «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған еді…

Жалпы, Жамбыл облысында кезінде 257 адам «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болса, Байзақ ауданында қызылша өсірушілердің даңқы дүркіреп шықты. Әсіресе, Алтын Жұлдызды Еңбек Ерлері Дариха Жантоқова мен Мәрзия Ибрайымова апаларымыз ұзақ жасады және әзиз әже шағында да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Сүйектері асыл екен, ел алдында сағаттап әңгіме айтудан да жалыққан емес. Екі кісі де сөзге шешен болды.

Әлбетте, Байзақ топырағында Жақсылық Үшкемпіровтей теңдессіз балуан, қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиадалық ойындардың жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері дүниеге келген.

Байлығы мол, адамдары еңбекқор өңірдің бойтұмарындай болған жұлдызды жандар әлі де көп.

Қала іргесіндегі ата қоныс – Жамбыл ауданы жұртшылығы халықтан алғыс алған небір марғасқа азаматтарын орынды мақтаныш етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөз сөйлеген екінші қазақ, одақ және республика көлемінде ірі лауазымды қызметтер атқарған, көрнекті ғалым, тегеурінді саясаткер Қаратай Тұрысов пен тәуелсіз Қазақстан Парламенті Сенатының алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелдінің балалық шағы өткен. Қазақтың классик жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази өскен, оқыған. Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековтың де туған жері.

Алыптардың алтын бесігі – Талас ауданында кезінде 56 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алуымен «рекордтық» көрсеткішті иемденген болатын. Қазақстанда дәл осындай бір аудан көлемінде мемлекеттің ең жоғары атағына ие болған бірде-бір аудан болған жоқ.

Құт дарыған Талас жері десе, осындай жарық еңбек жұлдыздары аңызға ұласты.

Адал еңбектің Отанындай болды.

Кешегі Бөлтірік шешен мен Ұлбике ақынның әруағы мен киесі қолдаған таланттар қаулап өсті. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Шона Смаханұлы, Өкім Жайлауов, Оспанәлі Иманәлиев, Жарылқасын Аманов, Рафаэль Ниязбек, Күләш Ахметова, Сейітқазы Досымов, Кәрібай Ахметбеков, Серік Әбдірайымов, Елен Әлімжан, Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов және осындай сөз қонған мықты ақын-жазушылардың жолын қуған қарымды іні-қарындас қаламгерлер қатары жыл өткен сайын толыға түсуде.

Талас-Қаратау қаламгерлердің сәулелі де алтын ұясы тәрізді сезіледі.

Ал, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбековтың ұлт руханиятына қосқан еңбегі ерекше болса, еліміздегі денсаулық сақтау саласының әйгілі тұлғалары Тұрар Көкеев пен Амантай Біртановтың аялы алақаны мен ағалық қамқорлығын ешкім де естен шығармайды, әркез құрметпен атап келеді.

Ежелден етене аралас-құралас Сарысу саясында Жаңатас қаласының қосарланып аталуы да бір әлем. Кеншілер қаласында ұлт руханиятының құнарлы діңгегі байырғы аудан орталығына айналуымен де тереңдеді. Қарт Қаратаудың төрінде Майкөт ақынның жырлары жаңғырады.

Қазақ театры мен кино өнерінің саңлағы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен көрнекті композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың және Халық артисі, атақты дирижер Алдаберген Мырзабековтың есімімен жалпақ жұртқа әйгілі өңірден хас таланттардың шықпауы мүмкін бе? Жоқ, әрине. Қаратау мен Көкжонның мөлдір бұлағындай өнер таланттары мен әдебиет тарландарының өрісі кең және өрелі биікте көз жауын алады. Қайнаған еңбектің ішінде болған қайсар жандар дейсіз бе, ұзақ жыл аудандық атқару комитетін абыроймен басқарып, қоғам үшін жанын аямай қызмет атқарған Қырықбай Асановтар бейнесі тек музейде тұрмауы тиіс. Аға буынның мәртебелі еңбегінің толқынын тасытқан Сейфолла Қажаханов пен Сейітжан Тасыбаев сынды дала тарландары дәйім өз биігінде танылған.

Тау дидары Жуалы!

Ер Баукеңнің, Бауыржан Момышұлы мен ақиқаттың айбары Шерағаның, Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған Жуалының жұлдызы қашан да заңғар Алатау мен Мыңбұлақ жазығында мәңгілік жарқырып тұрғандай! Тәуелсіз ел тарихында белгіленген «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тұңғыш алған педагог-ұстаз Аягүл Миразова мен әскери генерал, Халық Қаһарманы Бақытжан Ерт аевтың өмір жолы өршіл де өжет замандастарына қашан да қадірлі болмақ.

Әулиеатаның жер кіндігі Тараз шаһарының шамшырақ тұлғалары осы біз атап өткен киелі жұрттан, бақ дарыған ауылдардан, кең байтақ қазақ даласынан, халқымыздың ыстық пейілінен жаратылған. Тілі мен ділінен нәр алып, қалыптасқан. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар тұлғаларды біз бөліп, жарып айтпасақ та көпшілік жақсы біледі. Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтей қайраткер азаматтың, көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметовадай зиялы жанның төңірегіне ай сәулесін түсірген жас өскіндер ел үмітін ақтайтын жолда келеді.

Бүгін де біз оларды қорғап, қолдауымыз керек.

Ел жадында сақталған аса танымал, ірі мәдени тұлғалар бейнесі әр аудан және қала көлемінде көрнекі тәрбие-насихат мақсатында көше бойында ілулі тұрса, жарасымды емес пе? Мәселен, дәл осы қалың бұқаралық идеологиялық мәс еледе Тараз қаласы әкімдігінің жұмысы көзге қораш, әлсіз көрінеді. Жаңару мен жаңғыртуда ізденістері кемшін, қала көркін ажарландыра түсетін жаңа заманға сай суреткерлік-дизайнерлік қолтаңбасын көре алмай келеміз.

Жанымызға жақын жауһар қаланың жаңа ортасы «Астана» ықшам ауданының көпқабатты тұрғын үйлерінің сыртқы келбетін қараңызшы, әбден ескірген, бояуы өшіп, сылағы түскен, алажабақ, сүреңсіз, тротуары сынған, арам шөп басқан… Жалғыз Төле би және Абай көшесімен таза қала болмайды. Әне, қаланың әуе қақпасы-халықаралық әуежайдың ресми атауы «Әулиеата» деп аталса да соны орнықтырып, әуежай маңдайшасын жазуды талап ету соншалықты қиын ба?

Өркениетті қоғам құру қадамдарында тек әділеттілік болып, мәдени-эстетикалық талғаммен қызмет етудің барысында көпшілік пікірін елеп, ескерудің мәні зор.

Әсіресе, тіршілік атаулы жаңаратын Наурыз айында жанашыр ой айтудың жөні бөлек.

Жақында Тараз қаласында қадірменді ел ағасымен болған бір кездесуде «Бас пайдасын ойлау мен байлық әп-әдемі жігіттерді бейшара күйге түсіргені-ай!» деп күрсінгені де түсінген адамға көп ақыл.

Ал, ендігі кезекте қай кезеңде де ұлтжандылығымен қазаққа риясыз қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткерлерін зерделеуді қолға алу мәселесін айтқанда, Тұлғатану бағытында атқаратын жұмысты жүйелейтін уақыт та келгенін ұмытпауымыз керек.

Ақ баталы елдің мерейі үстем болсын!

Естеріңізде болар, биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуы өз деңгейінде атап өтіледі деген хабар бар. Мерейтой аясында бұрынғыдай жинақ кітап шығаруды қолға алатын азаматтар тек сол уақытта лауазымды қызмет басында отырған шенеуніктердің сүреңсіз, құрғақ баяндаудан тұратын мақалалармен толтырмай, ақылға қонымды, өңірдің барлық келбетін ашатын құндылықтарды, ой-өрісін кеңейтетін, елдің ұлттық рухын көтеретін, кемел келешекке қуат беретін, ешқашан өшпейтін айшықты тұстары қамтылуы тиіс.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.