«Елің сүйген, Елі сүйген Елбасы»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай,
«Елің сүйген, Елі сүйген Елбасы»
тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.

30 қарашада Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Бұл күнге орай барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, онлайн форматында өткізілді.
Аталған іс-шараға облыс әкімі Ж.Қ.Махмудұлы, Елбасының үзеңгілестері және ZOOM режимінде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылынан Елбасымен бірге оқыған сыныптастары, сонымен қатар онлайн форматта облыстың қалалары мен аудандарынан белгілі зиялы қауым өкілдері, жастар, спортшылар, ҚХА өкілдері қатысты.

 

Іс-шараны облыс әкімі құттықтау сөзімен ашты. Аталмыш рәсім барысында Бақытгүл Ғабдуллина сөз сөйлеп, жас кезінде Елбасына хат жазғанын еске алды. Хатында ол 30 жыл бұрын тағдыр талқысына тап болып түскен баспанадан шығып, өз өмір жолын тауып, өз үйіне қол жеткізгісі келетінін баяндап, тұрғын үй алуға қолғабыс етуін өтінген екен. Сол кезде оған көмек көрсетілетініне ешкім де сенбейді. Алайда, өтініш көрсетілген хат иесіне жетіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында Бақытгүл баспаналы болған. Бүгінде кәсіпкер, бақытты ана Бақытгүл барлық Қарағанды облысының тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар, Ұлытау ауданының тумасы, ақын Мұқағали Сейітқазы өзінің Елбасымен алғаш кездескендегі әсерін айтып, өзінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және егемендігіне арнап, туындысын оқыды.
Ал 2018 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, отандасымыз, Қарағанды медицина университетінің бас хирургі, м.ғ.к. Абатов Нұрқасы Төлепбергенұлы Елбасымен жолыққанда бөленген әсерімен бөлісті. Онда өмірдегі қарапайым ғана сұрақтар қарастырылған болатын. Елбасы: «Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар» – дегенін еске алды Н.Т.Абатов.

 

Іс-шараға ZOOM режимінде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылынан сыныптасы Әмірова Күләш Сыбанқұлқызы Елбасымен бірге оқыған шақтарымен бөлісіп, оның көшбасшылық қасиеттері сол кезден-ақ көрінген оқиғаларды есіне алды. Музейге барған сәтте Елбасының үзеңгілестері Омашев Қуаныш Омашұлы, Вахитова Нина Тимофеевна Елбасымен Теміртау қаласында бірге жұмыс атқарған кездерін еске алды.
Мерекелік іс-шара Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Әуен» ансамблінің «Елбасым – мақтанышым» әнімен аяқталды