Елорда әкімі Алтай Көлгінов Алматы ауданының тұрғындарымен кездесті

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Алматы ауданы әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты. Аудан халқы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға, елді-мекендерді одан әрі дамытуға, аулаларды абаттандыруға, қоғамдық көлік жұмысына, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға, әлеуметтік нысандар құрылысына және т. б. қатысты мәселелерді көтерді. Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев ескі және апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Мысалы, 70 адам 1952 жылы салынған барак үлгісіндегі апаттық үйден жаңа үйлерге көшірілген. Қала әкімі Алтай Көлгінов қолжетімді тұрғын үй мәселесі өзекті әрі маңызды бағыт болып табылатынын айтты. «Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолжетімді тұрғын үй көлемін 3 есе ұлғайтамыз. Қолжетімді баспана кезекке сәйкес және тек қана заң шеңберінде беріледі. Сіз құжаттарыңызбен келген кезде, біз базаға қарап, барлығын тексереміз. Егер сіздің атыңызда тұрғын үй болса, ол ақпаратты базадан көреміз. Тұрғындар өз жауапкершілігін түсініп, барлық қажетті құжаттарды ретке келтіруі тиіс. Сондай — ақ, биыл жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын жалғастырамыз», — деді қала әкімі Алтай Көлгінов. 2019 жылдың қорытындысы бойынша елорда тұрғындарына қолжетімді 2,9 мың пәтер берілді. (1050 пәтер жастарға арналған жалға берілетін пәтерлер). Пәтер алғандардың қатарында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, жетім балалар, толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары, көп балалы отбасылар бар. Өткен аптада елорда әкімі»Байқоңыр» ауданы әкімінің есеп беру кездесуіне қатысты. Тұрғындардың сұрақтары жұмысқа алынды.